• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Маусым, 2024

«Қазақстаннан» қалған мұра

335 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық баспасөзінің тарихында 1911–1913 жылдар ара­лы­ғында әуелі Ордадан, кейін Орал қа­ласынан шығып тұрған «Қазақ­стан» газетінің орны бөлек.

Бастауында Бақытжан Қаратаев, Шәң­герей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұй­рин сынды ұлт зиялылары тұрған қазақ­тың ізашар газеті жайында кеңес өкіметі кезінде терең зерттеу, толымды дүние болған жоқ. Ғалым Мұстафа Ысмағұловтың зерттеу еңбектері кеңестік цензураның сүзгісінен өтпей, баспа бетін көре алмады. Мұның себебі – газеттің ұлттық бағыты, ағартушылық мақсатында болса керек.

Кезінде қазақ баспасөз тарихын зерттеу­ші Қ.Бекхожин: «Газеттің «Қазақ­стан» деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялы республика орнату идеясын аңғартады» деп түйіндеген екен.

Шындығында, «Қазақстан» газеті – қазақ зиялылары өздері қолға алып, 2,5 жыл­дай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған, мерзімді басылым ретінде толық қалыптас­қан, өз баспаханасы болған алғашқы ұлт газеті еді.

Газет атауы «Қазақстан» болуы – басы­лым­ды шығарушылардың қазақ халқын дер­бес ел, ерікті мемлекет ретінде қалыптас­тыру­ды мақсат тұтқанын көрсетеді. Патша­лы Ресейдің отарлық езгісінде «қазақ» атауы айтылмай, «киргиз, киргиз-кайсак» деп бұрмаланған ұлттың озық ойлы азаматтары осыдан жүз жыл бұрын «Қазақстан» деген атауды тарих сахнасына алғаш рет ресми жария етті.

«Қазақстан» газеті сол кезеңдегі өте прогрессивті идеяларды көтерген, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, отырықшылыққа шақырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мәселелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.

«Қазақстан» газеті күллі қазақ жұрты­ның түйткілді түйіндерін тап басып та­нып, тұтас қазаққа ортақ жайттарды көтерді. Газет редакциясына хат жазған авторлардың әр өңірден болуы, басылымды қаржылай қолдаған демеушілердің де әр қиырдан шығуы «Қазақстан» газетінің сол кездегі қазақ жұрты­ның ортақ басылымы болғанын көрсетеді.

«Қазақстан» газетінің бастауында тұрған Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешов, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, т.б. Алаш арыстары – күллі қазақ мойындаған ағартушы тұлғалар еді. Олардың «Қазақ­стан» газетін шығарудағы қажыр-қайратынан бөлек ұлты үшін еткен еңбегі де жетерлік.

«Қазақстан» газетінің тарихи орнын, ағартушылық миссиясын ашып айтуға, насихаттауға кеңестік идеология тыйым салды. Ғалымдар Мәскеу мен Ленинград кітапханаларының сирек қорында сақталған газет тігіндісімен таныса алмады. Газеттің қазақ ұлты өміріндегі нақты бағасын беру, саяси орнын ашып айту тек Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана мүмкін болды.

«Қазақстан» газетін, оның шығарушы­ларының ұстанған ағартушылық идеясын, олар­дың өз халқын әлемнің озық елдерінің қата­рына қосуға тырысқан жанқиярлық еңбе­гін бүгінгі ұрпаққа насихаттау – еліміздің бүгінгі идеологиясымен тікелей үндесіп жатыр. 

«Қазақстан» газетінің тігіндісі ел аума­ғында сақталмағанын айттық. Арада бір ғасыр өткенде, 2011 жылы Орал қаласындағы «Жайық пресс» медиахолдингінің сол кездегі басшысы Жантас Сафуллин Ресей архивтері мен кітапханаларына сұрау сала жүріп, га­зеттің толық көшірмесін отанына қайтар­ды. Санкт-Петербургтегі М.Е.Салтыков-Щед­рин атындағы көпші­лік кітапханасы мен Мәс­кеу­дегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан «Қазақ­стан» газетінің 16 нөмірінің сапалы көшірмесі алынды. 2012 жылы газет­тің араб жазуындағы мәтіні қазіргі әліпбиге аударылып, «Қазақстан», 1911–1913» атты жинақ болып жарық көрді. Ал газеттің түпнұсқа тігіндісінің сапалы көшірмесі арнайы түптеліп, Батыс Қазақстан облыс­тық архивіне, облыстық тарихи-өлкетану музейіне, облыстық кітапхана қорына табыс етілді. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана қорына да газет тігіндісінің электронды нұсқасы сыйға тартылды.

Бүгінде Орал қаласының Чапаев көше­сіндегі көне ғимарат қабырғасына орна­тылған ескерткіш тақта жүргіншінің назарын өзіне тартады. Тақтада былай делін­ген: «Бұл ғимаратта Алаш қайраткерлері Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараштың ұйым­дастыруымен 1911–1913 жылдары «Қазақстан» газеті шығып тұрған».

«Қазақстаннан» қалған жәдігер деген осы.

 

Батыс Қазақстан облысы