• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жануарлар 28 Маусым, 2024

Киік саны көбейіп келеді

155 рет
көрсетілді

Қазір еліміздегі киіктердің саны 2 833 600 болды. Бұл туралы Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) ресми мәлімдеді.

Елімізде қанша киік барын анықтау жұмысын Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, «Охотзоопром «ӨБ» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Қазақстандағы био­алуантүрлілікті сақтау қауымдас­тығы, Зоология институты жүр­гізген.

«Есеп жүргізетін аймақтың ауқымдығына байланысты, жа­нуар­лар тек әуеден тікұшақ ар­қылы саналды. Санақ жылдағы бекітілген әдістемеге сай жүр­гізілді. Биыл бөкендердің негізгі шоғыры Батыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Абай облыс­тарында байқалған. Бетпақдала популяциясының негізгі үш тобы – Ырғыз, Торғай, Теңіз және шығыста кездесті», делінген мәліметте.

Санақ кезінде 45-тей адам жұмылдырылыпты. 215 сағаттық әуе санақ (былтырғыға қарағанда 15 сағат артық) 151 226 шаршы километр аумақты қамтыған.

Бастапқы дерек фотосуреттерге сәйкес түзетіліп, өңделгеннен кейінгі шыққан ақбөкен саны:  Орал популяциясында 1 620 000 киік бар, Үстірт популяциясы – 63 600 бас, Бетпақдалада 1 150 000 бас киік болған. Мамандар 2016–2024 жыл аралығындағы өсімді де көрсеткен. Жалпы өсім – 48%.

Сонымен еліміздегі киіктердің саны 3 млн-ға жуықтады. Мұны бәзбіреулер көпсінгенімен, кей­бір мамандар қалыпты деп баға­лайды. Мәселен, былтыр Қазақ­стандағы биоалуантүрлілікті сақ­тау қа­уым­дастығының (ҚБСҚ) дирек­торы Сергей Скляренкомен сөйлескенімізде, ол: «Бәрі заңмен реттелсе, қазақ жері 5 миллионға дейін киікті өргізуге өріс жетеді», деп айтқан еді.

Ғылымда «мамонттардың замандасы» саналатын, ал қазақ­тар ежелден кие тұтатын ақ­бөкендер – қазір әлемде жойы­лып бара жат­қан жануардың қатарында тұр. Сондықтан оның өсу көрсеткішіне көз тіккен әлемдік экологтер және эко­логиялық ұйымдар қазақ елі­нің жануарлардың қорғауға арналып жүргізген саясаты мен ұс­танымын жоғары бағалап отыр.

Әйткенмен, киіктердің көбей­геніне шаруалар шағымданып, ақыры біраз «реттелгені» белгілі. Мәселен, 2023 жылғы 13 қарашаға дейін жалпы 15 380 киік ауланғаны айтылды. Оның ішінде 3 954 киік (Ақмола облысында 10 киік, Батыс Қазақстан облысында 3 944 киік) арнайы қоршауға алынып ұсталса, ату арқылы 11 426 киік (Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2 049, Қостанай облысында 1 479 және Батыс Қазақстан облысында 6065 бас) ауланған еді. Ал 2024 жылы елімізде киікті атуға тағы тыйым салынғаны ресми мәлімденді.