• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Экология 28 Маусым, 2024

Экология: Жаһандық сын-қатер

262 рет
көрсетілді

Қазіргі әлемде экологиялық жағдай өзекті мәселеге айналды. Қазақстанда да экологиялық ахуал мәселесі өршіп тұр. Қарқынды экономикалық өсу, жаһандық тәуекелдер, көшіп-қону үдерістері – мұның бәрі елдегі экологиялық жағдайға айтарлықтай әсер етіп отыр.

Еліміздегі әлеуметтік жағдай мен экологиялық мәселелер бүгінде мемлекет пен қоғам үшін негізгі сын-тегеуріндердің бірі. Экономиканың өсуімен және демографиялық өсім, елге қоныс аударушылардың ағынымен қоршаған ортаның ластану деңгейі мен табиғи ресурстарды тұтыну да артып жатыр. Бұл экологиялық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатына теріс әсер етуде. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қолайсыз экологиялық жағдай ел экономикасына зиян шектіруі мүмкін. Экологиялық жағдайдың нашарлауынан туындаған шығындарға ауыл шаруашылығы секторының өнімділігінің төмендеуі, халықтың денсаулығының нашарлауы және денсаулық сақтау шығындарының өсуі жатады. Бұл адамдардың әлеуметтік жағдайына және олардың өмір сүру деңгейіне теріс ықпалын тигізуде.

Қазақстан бұл мәселеге көп мән беріп, қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді барынша азайту бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық шарасын айтуға болады.

Жалпы, әлемдік экологиялық ахуал мәселесі 2024 жылы 15–19 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда қарастырылған өзекті мәселелердің бірі. Форум аясында сауалнамаға қатысқан сарапшылар 2024 жылға арналған негізгі тәуекелдердің қатарына:

– климаттың өзгеруі (66%);

– жасырын және жалған (соның ішінде AI көмегімен жасалған) ақпараттар легі (53%);

– қоғамның әлеуметтік-саяси поляризациясы (46%);

– тұрмыс құны дағдарысы (42%);

– кибершабуылдар (39%);

– экономикалық құлдыраулар (33%);

– маңызды тауарлар мен ресурстарды жеткізу тізбегінің бұзылуы (25%);

– бір немесе бірнеше мемлекеттер арасында қарулы қақтығыстардың өршуі, басталуы (25%) сияқты жағдайларды жатқызады.

Форумға қатысқан сарапшылардың болжамы бойынша экологиялық ахуал мәселесі алдыңғы онжылдықта әлемдік деңгейде ең кең тараған сын-қатерге айналады.

 

Экологиялық ахуал тек халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізіп қоймай, денсаулығына зақым келтіретін ескерсек, бұл ахуал елдегі ішкі және сыртқы көшіп-қону үдерісін де ушықтырады. Нәтижесінде, ауылдық жерден қалалық жерлерге мекендеп, бірқатар әлеуметтік, экономикалық, құқықтық қолайсыздықтар туады. Сыртқы көшіп-қону үдерісі «ақыл көшіне» әкеліп, елдегі кәсіби мамандар мен жұмыс күшінің азаюына себепші екендігі белгілі.

Осыған байланысты, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі түрлі бағдарламаларды белсенді әзірлеп, іске асыруда. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу басым бағыттардың бірі болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай елі мен Оңтүстік Корея басшыларымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде қол қойылған меморандумдар бұған дәлел.

Ластанудың салдарын жоюға, экологиялық бағдарламаларды және табиғатты қорғау жөніндегі өзге де шараларды енгізуге жұмсалатын шығындар экономика үшін елеулі жүктеме. Олар инвестицияларға, кәсіпкерлікті дамытуға және шетелдік инвесторларды тартуға әсер етуде. Қазақстан экологиялық және экономикалық мүдделері арасындағы тепе-теңдіктің маңыздылығын түсінеді. Даму стратегиясында ол экологиялық тұрақтылық пен ресурстарды сақтауға ерекше назар аударуда. Заңнамалық актілер, экологиялық таза технологияларды ынталандыру және мониторинг бағдарламалары экологиялық жауапкершілікті экономиканы құруға мүмкіндік береді.

Көп ел қоршаған ортаның ластануын азайту және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында түрлі экологиялық бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Мысалы, Германия энергиямен жабдықтауды түрлендіру және парниктік газдар шығарындыларын азайту бағдарламасын сәтті қолданып жүр. Ал Финляндия жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды белсенді түрде насихаттап келеді. Қытай сонымен қатар ауа мен судың ластануымен күресіп, табиғатты қорғау шараларын енгізуде.

Қазақстан экономикасындағы экологияның рөлі өте өзекті. Тұрақты дамуға қол жеткізу және жаһандық тәуекелдерді азайту үшін мемлекет қолда бар деректер мен халықаралық қауымдастықтың тәжірибесіне сүйене отырып, экологиялық бағдарламаларға инвестиция салуды жалғастыруы керек. Сонда ғана еліміз экологиялық мәселелерді тиімді шешіп, өз азаматтары мен экономикасы үшін табысты да жарқын болашақты қамтамасыз етеді.

 

Индира КҮНТУОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-менеджері