Етікші – елене қоймайтын кәсіп. Мұны әркім-ақ жоққа шығармас. Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров заманның әділетсіздігінен жапа шегіп, жаны алқымға келгенде түрмеге ұлын көтеріп артынан барған жары Фатимаға «Осы балам етікші болсын» деген екен. Сөздің маржанын теріп, халқының арда ақыны болған өзі секілді ит өліммен өлгенше, етікші болып еленбей, аман жүрсін дегені болар. Ақын мұны етікшінің еңбегін жоққа шығарғаннан айтқан жоқ әрине, оған мұндай сөзді әділетсіз заманы айтқызды. Ал еңбекпен терлеген қай іс болсын төрге шығарарын етікші Вера Муляновадан сұрау керек.
Қостанайдың оңтүстігінде жатқан шағын аудандағы дүкеннің бір бұрышында етікші бөлмесі бар. Бөлменің есігіне жақындай бере-ақ қайыстың иісі шығады. Әдетте, етікші десе шашы ұйпаланып, мойнына ілген алжапқышы май болып отыратын мосқал ер адам көз алдыңа келе қалары анық. Өкшесі желініп қисайған, жүгіртпесі сынған аяқ киімін алып ентелеп жетіп келген қалалықтар айдай болып отырған Вераны көргенде сәл іркіліп қалады. Сұп-сұлу, жұмысқа ыңғайлы, жарасымды жейде киген, құлағында алтын ай сырғасы, қолында алтын жүзіктері бар жүзі жылы әйел сәл күлімсіреп: «Келіңіз, аяқ киіміңізге не болды?» деп қарсы алады. Келушінің аяқ киімін қолына алып, оны қалай жөндеу керек екенін, қанша уақытта дайын болатынын айтып, ақысын қағазға жазып, қолын қойып береді. Вера аяқ киімін жөндеп берген кісі сапалы қызметке тәнті болғандықтан келесіде міндетті түрде оған қайтып келеді. Біздің көзімізше ер адам әйел етігін әкелді. Қоншының тігісі сөгіліпті, өкшесінің нәлі де желініп қалыпты.
«Мына тұсын желімдеп, тігу керек, нәлін қайтадан қақпаса тым желініп, қисайып кеткен екен. Мынау жұбайыңыздың етігі болар, үлкен кісілерге қыс айларында нәлді резеңкеден салғанымыз дұрыс, өйткені, таймайды. Қалай қарайсыз, резеңкеден салғаным дұрыс па?» деп, келушінің өзінен сұрап алды. Маманның айтқаны әлгі кісінің көңіліне қона кетті. Вера етіктің ертең түске қарай дайын болатынын айтты.
– Мен жұрттан «Бұл жұмысқа қалай келдің?» деген сұрақты жиі естимін. Етікшілікті армандап, таңдап алғаным жоқ, әрине. Өмірдің өзі үйретті, қақпайлап осыған алып келді. Әйтпесе, менің бухгалтер мамандығым бар. Қазір етікшілік кәсіпке үйреніп қана қоймай, оны жақсы көріп кеткенімді білмей қалыппын, – дейді Вера Михайловна.
Бұл етікші әйелдің имандай шыны. 90-шы жылдардың кермек дәмін көп адам ұмыта қойған жоқ. Вера ол кезде Сарыкөл ауданында тұратын. Әкесі марқұм Михаил Мулянов ауыл мектебінде әскери дайындықтан сабақ беретін. Өзі бір кездері авиациялық училищені бітірген екен. Содан ауылдан да, ауылдың мектебінен де мән кетті, жұрт көтеріліп көше бастады.
Сол кезде Муляновтардың отбасы Қостанай қаласына көшіп келді. Күнкөріс керек. Михаил он сегізге толар-толмас, жап-жас қызы Вераны ертіп алып, грузин ағайындардың аяқ киім тігетін цехына кірді. Табаны резеңке, үстін шүберектен жасап, оны терімен жиектеп, жеңіл аяқ киім тікті. Бұл жайлы жаздық аяқ киімді халық аузында «мокасин» деп атайтын. Аз-мұз айлық жалақыны әкесі де, қызы да азсынған жоқ. Жұмыстың табылғанын қуаныш етті. Содан екеуі де аяқ киім тігудің қыр-сырын үйреніп алды да, өздері жеке кәсіп етуге бекінді. Кәсібі әп-әдемі-ақ басталды. Олар тіккен мокасин базарда жақсы өтті. Бірақ әкесі жол апатына ұшырап, қайтыс болды да, жас қыз бір өзі бұл істі жалғастыра алмады. Оның үстіне, аяқ киімнің неше атасы нарықты жаулап алды да, мокасинді шеттетті. Бірақ, Вераның жүрек түкпіріне ұялаған бұл кәсіпке деген ықыласты нарық көмескілендіре алмапты.
Нарық қиындықпен келсе де, оның маған бергені мол. Ең бастысы, мен өз бетімше ізденуді, өз бетімше жұмыс істеуді үйрендім. Осы кәсіптің соңында ысылдым. Үлкен теңізде қорықпай жүзетін теңізші секілдендім. Қырық жасында әкем кенеттен қаза болғанда анам енді күніміз бітті деп ойлады. Менің жүрек түкпірімде әкем қолымнан жетектеп әкелген осы етікшілік кәсіп мені жағаға лақтырмайтынын сездім, дейді өзі. Ол етік жөндейтін жерлерге аяқ киімін апарған болып, ұзақ отыратын. Осылай жүріп, өзі де етік жөндеп, жұрттың етігінің жыртылған жерін тігіп беріп, тиын-тебен таба бастады. «Бір жоқ бір жоқты табады» деген ғой. Етікшілік кәсіптің соңында жүріп, жолдасы Гамлетпен танысты. Ол да етікші екен. Вераға оның көмегі аз емес.
Өзім жеке кәсіпкерлігімді аштым. Қазір салығымды төлеймін, отырған бөлмені жалға алдым. Адамдар жұмысыма риза. Осы айналада етікші тек мен емес, бірнеше нүктелер бар, маған адамдар қаланың басқа шетінен келіп тұрады. Сапалы жұмыс өзіне өзі жарнама жасайды, дейді Вера. Етікші бол, егінші бол, әңгіме еңбек етуіңе байланысты. Мұны Вера жас кезінен-ақ түсінген.
Кәсіпке ықылас болмаса, еңбек еткің келмейді. Мүмкін еңбексүйгіш болмасаң ықылас та оянбайтын шығар, бәлкім. Менің тәжірибем аз емес, бірақ әлі үйренумен келемін. Өйткені, аяқ киімдердің материалы да, технологиясы да өзгереді. Соның барлығын қадағалау керек, дейді етікші әйел. Қай жұмыстың да жеңілі жоқ. Бір орында отырып істеген соң, аяғының сырқырап, арқасының удай ашитын кезі болады. Тұмсығы ашылып, қонышы сөгіліп, өкшесі қисайып келген аяқ киімдерді жұтындырып, иесіне қайтаруға деген ұмтылыс ештеңені байқатпайды. Вера өзіне деген адамдардың жылы амандасуы, дос-жарандарының құрметі – барлығы да етікшілік еңбегінің арқасы екенін сезінеді. Соған риза. Жұмысын аяқтап, киініп, көшеге шыққанда одан әдемі әйел жоқ. Тапқан табысы отбасын тербетуге, бала-шағасын асырауға, демалуға артығымен жетеді. Оны ешкім де етікші деп ойламайды. Ал осы кәсіпте өзінің жан-дүниесін үйіріп тұрар бір сиқырдың бар екенін Вера ғана біледі. Оның аяғын кербез басуы «Мен – етікшімін!» деген деп, мақтанышын білдіретін секілді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.