• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Шілде, 2024

Өзекті мәселе – жол мен интернет

89 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.

Атап айтқанда, тұрғындарды «Шемонаиха-Өскемен» тасжолын жөндеу мәселесі, Үбі өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін жөндеу, интернет байланысының сапасы басқа да мәселелер толғандырып отыр.

– Қаламыз шағын, мұнда шамамен 20 мың адам тұрады. Бірақ біз де кез келген басқа қала сияқ­ты сапалы медициналық қыз­метке мұқтажбыз. Аудандық ауру­­ха­на­ның ғимараты 1968 жылы салынған. Күрделі жөн­деу жұ­мысы 10 жыл бұрын жүр­гізілген. Ішіне кіруге қорқасың. Қазір дәрігерлерге көтерме жәрдемақы төленетіні белгілі, сон­дықтан бізде де білікті дәр­ігер­лер саны артады деп үміттенеміз, – деді жергілікті тұрғын Валентин Алифанов.Депутат Ерлан Саиров Ден­саулық сақтау мәселелері бо­йынша заңнамалық түзетулерге сәйкес ауылға келген медицина қыз­мет­керлері 100 ЕТЖ мөл­шерін­де біржолғы төлем алатынын атап өтті (бұл 2024 жылғы есеп­теу бо­йынша 8,5 млн теңге).

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақ­тарды және шекаралық аудандарды дамытуға ерекше назар аударады. Басты мақсат – халықтың көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекаралық аудандардың эко­номикалық дамуына жаңа серпін беру. Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыты. Көтерілген барлық мәселені ерекше ба­қылау­ға аламыз. Биыл Шемо­наи­ха мен Өскемен арасындағы сапа­лы жолдың құрылысына тендер өткізіледі, – деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар депутаттар Ше­монаиха қала­сындағы мектеп құ­ры­л­ысының барысымен таныс­ты. Оқу орны 300 орынға есептелген, оны осы жылдың соңына дейін пай­далануға беру жоспарланып отыр.

– Сапалы білім еліміздің әр баласына, ол үлкен қалада немесе ауылда тұрса да қолжетім­ді болу­ға тиіс. Аймақтық теңсіз­діктер біртіндеп жойылып келеді. Сон­дық­тан депутаттар «Жай­лы мектеп» жобасының жүзеге асыры­луын бақылайды, – дейді Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов.

Депутаттар Қазақстан – Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінің жұмысымен де танысты.