Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.
Атап айтқанда, тұрғындарды «Шемонаиха-Өскемен» тасжолын жөндеу мәселесі, Үбі өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін жөндеу, интернет байланысының сапасы басқа да мәселелер толғандырып отыр.
– Қаламыз шағын, мұнда шамамен 20 мың адам тұрады. Бірақ біз де кез келген басқа қала сияқты сапалы медициналық қызметке мұқтажбыз. Аудандық аурухананың ғимараты 1968 жылы салынған. Күрделі жөндеу жұмысы 10 жыл бұрын жүргізілген. Ішіне кіруге қорқасың. Қазір дәрігерлерге көтерме жәрдемақы төленетіні белгілі, сондықтан бізде де білікті дәрігерлер саны артады деп үміттенеміз, – деді жергілікті тұрғын Валентин Алифанов.Депутат Ерлан Саиров Денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге сәйкес ауылға келген медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ мөлшерінде біржолғы төлем алатынын атап өтті (бұл 2024 жылғы есептеу бойынша 8,5 млн теңге).
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды және шекаралық аудандарды дамытуға ерекше назар аударады. Басты мақсат – халықтың көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекаралық аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру. Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыты. Көтерілген барлық мәселені ерекше бақылауға аламыз. Биыл Шемонаиха мен Өскемен арасындағы сапалы жолдың құрылысына тендер өткізіледі, – деді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар депутаттар Шемонаиха қаласындағы мектеп құрылысының барысымен танысты. Оқу орны 300 орынға есептелген, оны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Сапалы білім еліміздің әр баласына, ол үлкен қалада немесе ауылда тұрса да қолжетімді болуға тиіс. Аймақтық теңсіздіктер біртіндеп жойылып келеді. Сондықтан депутаттар «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуын бақылайды, – дейді Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов.
Депутаттар Қазақстан – Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінің жұмысымен де танысты.