• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2024

Су тасқыны: БҚО-да 800-ге жуық үй салынады

196 рет
көрсетілді

Су тасқынынан зардап шеккен БҚО-ның тұрғындары үшін 775 үй салынып, мемлекет есебінен қосымша 1500 пәтер сатып алынады. Бұл туралы Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғындарымен кездескен Мәжіліс депутаты, «Аmanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елді мекен Орал қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. Жақында болған су тасқынынан ауыл басқа аймақтарға қарағанда көбірек зардап шеккен. Қарғын судың салдарынан 481 отбасы баспанасынан айырылған.

«Барлық дүние-мүлік, төрт түлік су астында қалды. Үйді су басты. Біз көпбалалы отбасымыз. Алғашында бізге мектептегі эвакуациялық пункте төсек-орын берілді. Қазір баспана жалдап жатырмыз. Мемлекеттен материалдық көмек алдық. Енді тездетіп тұрғын үй алғымыз келеді», деді жергілікті тұрғын Мариям Қайратқызы.

Қазіргі таңда Теректі ауданында бір қабатты 131 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Әр үйдің жалпы ауданы – 80 шаршы метр. Подстепное ауылында 106 үй салынады. Салынатын үйлердің құрылысына 10 мердігер компания жұмылдырылған. 670 үй иесіне 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілсе, 506 үй иесінің материалдық шығыны өтелген. Сонымен қатар ауылда мектепті жөндеу жұмысы басталған. Жол жөндеуге және бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстарына бюджетке өтінім берілген.

«Депутаттар алғашқы күннен-ақ оқиға орнынан табылды. Өз басым, зардап шеккен отбасылармен бірнеше рет кездестім, су тасқынына қарсы іс-қимыл бойынша әкімдіктермен бірге жұмыс істедім, бағалау комиссияларының жұмысына атсалыстым. Барлық мәселе Президент бақылауында болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – зардап шеккен жандардың барынша тезірек қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау, үйлерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшалар мен ауруханаларды қалпына келтіру», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары су тасқынымен күресу жұмыстарына барынша көмек көрсету үшін зардап шеккен аймақтарды аралап шыққан еді. Депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын құзырлы органдарға тікелей жеткізіп, қажетті ресурстарды жедел жеткізуді ұйымдастырған.