Түркістан музыкалық драма театры биыл сәуірде Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған драматургия байқауын жариялаған еді. Күні кеше республикалық байқаудың жеңімпазы анықталды.
Бәйгеге түскен шығармалар арасынан ақын, ардагер ұстаз Байділда Айдарбековтің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі орынға ие болды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантай бәйгенің жүлдесін табыстады.
Байділда Айдарбеков Түркістан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Зейнеткерлікке дейін аудандық мектептерде ұстаздық еткен. Осыған дейін өлеңдері арқылы танымал болған Айдарбековтің «Ұстаз», «Алтын орданың алтын тағы», «Қайта оралған бақыт», «Жахид», «Тағдыр тауқыметі», «Әлияның биігі», «Жаным – арымның садағасы», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Күнә мен жаза», «Орындалған тілек», «Өтіріктің шегі», «Махаббат пен достық» сынды пьесалары Созақ ауданы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Алматы театрларында қойылған.
Байқау қорытындысына орайластырылған өңірлік 15 театрдан келген әдеби бөлім меңгерушілерінің «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» атты интенсив семинарына байланысты өткен баспасөз конференциясына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма хатшысы, сыншы Әлия Бөпежанова, Қазақстанның театр сыншылар бірлестігінің вице-президенті, театртанушы Амангелді Мұқан, жазушы-драматург, режиссер, Асылбек Ихсанов, жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байбол, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан қатысты. Семинарда әдеби бөлім меңгерушілерінің ортақ мәселесі қозғалды. Алдағы уақытта олардың театр репертуарын таңдауда алатын орнының маңыздылығына баса мән беру, әдебиет бөлімінің театр шығармашылығына ықпалы жайында ашық сұхбат болды. Драматург пен театр арасындағы байланысты қалыптастыратын әдеби бөлім меңгерушісі – пьесаларды оқып, саралайтын, баға беретін, авторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, репертуарын қалыптастыратын маман. Қатысушылар кезінде театрда әдеби бөлім меңгерушілері болып Мұхтар Әуезов, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Жақсылық Түменбаев, Исраил Сапарбай, Әшірбек Сығай, Сұлтанәлі Балғабай сынды қазақтың біртуар азаматтары еңбек еткенін атап өтті. Сондай-ақ семинарда бүгінгі әдеби бөлім меңгерушілерінің беделі туралы айтылды. Н.Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекеттік қолдау саясатының заманауи ерекшелігі», Ш.Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», Ә.Бөпежан «Театрлардың репертуарлық саясаты», Ә.Байболов «Балалар әдебиетіндегі заманауи ізденістер» тақырыбында лекциялар оқып, тақырыптар талқыланды. А.Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тенденциялары», А.Ихсанов «Прозаға инсценировка жасау өнері» атты шеберлік сабақтарын өткізді. Әдеби бөлім меңгерушілерін көптеген театр басшысы «писарьға» айналдырып, күллі кіріп-шығатын хатын «мойнына іліп», қызметтік жүктемеге айналдыратыны туралы да сөз қозғалды. Әсіресе басшылыққа қарсы дауыс көтермейтін жастарға міндеттеп қоятыны айтылды. «Жазушылар одағы мен Мәдениет министрлігі бірігіп, театр репертуарын назарға алса, көп мәселе шешілер еді», дейді драматург Сая Қасымбек. Ал Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шынар Омарова қазір әдеби бөлім меңгерушілерінің көбі театр, филология, журналистика саласынан шыққан мамандар екенін айтады. «Мүмкін біздің біліміміздің жеткіліксіздігі театрдағы «орны жоқ мамандық» болуға итермелеп тұрған шығар. Сондықтан да, алдымен біліктілігімізді көтеруіміз керек деген ой келді. Семинар өткізуге де осындай ойлар түрткі болды», деді Ш.Омарова.
Сонымен қатар семинарға қатысушылар көне Түркістанды аралап, тарихи мағлұматтармен сусындады.
Түркістан