«Шанхай бестігінің» негізінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясы уақыт өткен сайын кеңейіп, кейінгі жылдары мақсаттары мен міндеттері де толығып келе жатыр. Ал осы жолғы Астана саммитінің қорытындысымен ұйымның жұмысы әрі қарай жандана түсіп, күн тәртібіне тағы да қосымша міндеттер алғалы отыр.
Бестіктен ондыққа ұлғайған ұйым
Ұйымның Астанадағы саммитіне қатысуға ниет білдірген елдердің басшыларының алды Астанаға ат басын тіреп үлгерді. Кеше қазақ жеріне алғаш болып шығыстағы көршіміз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұшып келді.
Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге сапары қарсаңында қытайлық «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға қатысты сұраққа да кең көлемді жауап берді. Жеке өз басы Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ерекше қарым-қатынаста екенін атап өткен Президент 1996 жылы сәуірде оның құрылуының басы-қасында болып, келіссөздер жүргізуге, құжаттарды дайындауға қатысуға мүмкіндік алғанын атап өтті.
«Осы жылдың 3 шілдесінде, ширек ғасырдан сәл астам уақыттан кейін Шанхай кеңістігі кездесуінің Қазақстанға қайта оралуы барынша рәміздік мәнге ие. Осы жылдар ішінде «Шанхай бестігінің» құрамы екі есеге ұлғайып, Астанадағы саммиттен кейін ұйым толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істей бастайды. ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды және сонымен бірге аса жауапты миссия екенін ерекше атап өткім келеді. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогті дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады», деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қоршаған ортаны қорғауға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталатынын баса айтқан.
Ал Қытай көшбасшысының мемлекеттік сапарының бастамасы ретінде кеше еліміздің бірқатар ақпарат құралына қазақ-қытай қарым-қатынасына шолу жасаған көлемді мақаласы жарияланды. Онда ҚХР Төрағасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтан бөлек ШЫҰ-ға қатысты да пікірін білдіріпті.
Си мырза мақаласында Қазақстан тарапы төрағалық ету аясында ұйымның беделін арттыру бағытында жемісті жұмыс атқарғанын атап өткен. Сондай-ақ мұны Қытай тарапы жоғары бағалайтынын жеткізіпті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігер Астана саммитін табысты аяқтайтынына, ШЫҰ-ның үлкен «отбасын» біріктіріп, ынтымақтастықтың жаңа бетін ашатынына сенім білдір-ген.
Пайдалы платформа
Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ең алдымен, аймақтың қауіпсіздігін нығайту мақсатында құрылған халықаралық құрылым. Бастапқыда шекара маңындағы әскери мәселелерді шешу міндеті тұрды. Сарапшылардың айтуынша, дүниежүзілік қауымдастықтың ұйымға деген қызығушылығы жыл санап айтарлықтай артып келеді. Яғни ШЫҰ Еуразия елдерінің көпшілігін қамтитын аймақтық іргелі ұйымға айналып отыр. Бұл елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыра түсіп, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға таптырмас платформа қызметін атқарып отыр.
– ШЫҰ дамуының әрбір кезеңі жемісті жаңалыққа толы болды. Бүгінде ШЫҰ тұрақты даму жолына түсті. Кейінгі кездері оның күн тәртібін одан әрі кеңейту және тереңдету жөніндегі бастамалар қарастырылып отыр. Сондықтан қазір ұйым дамуының ең маңызды кезеңі өтіп жатыр деп айта аламыз. Ұйымды келіссөздер алаңына ғана емес, сонымен қатар тың инвестициялық және жаңа серпінді континенттік жобаларды құрудың нақты құралына айналдыру қажет. Әрине, мұның бәрін іске асыруға мүмкіндік пен құралдар бар болғанымен, нақты тетігі табылмай тұр. Сол үшін де Президент Қ.Тоқаев жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін ұйымды реформалау маңызды екенін айрықша алға тартып отыр, – дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Каукенов.
Керегесі кеңейіп келеді
Бүгінде Ауғанстан, Беларус, Моңғолия мемлекеттері сырттай бақылап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіріп отыр. Ал әзірге өңірдегі Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Мальдив, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка мемлекеттері ортақ диалог мәселесінде серіктес елдер қатарында тұр.
Өзара сенімді нығайту, тату көршілікті ұстанып, саясат, сауда-экономика, ғылыми техника, мәдениет, білім, энергетика, көлік, экология және өзге де маңызды салаларда тиімді ынтымақтастықты ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты және аймақ қауіпсіздігін қолдау, терроризм, сепаратизм және эскремизмге бірлесе қарсы тұру, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күресу, ШЫҰ-ның өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын дамыту мәселелерін мұрат тұтқан ұйым бүгінде беделін арттыра түскен.
ШЫҰ-ның әскери әлеуеті мен халықаралық қауымдастықтағы саяси салмағына келер болсақ, ұйымға мүше елдер халқының жиынтық саны 3 миллиардтан асады. Бұл әлем халқының 45 пайызын құрайды. Ұйымға мүше елдердің қатарындағы екеуі – Қытай мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері. Сондай-ақ Иран, Үндістан, Қытай және Ресей – ядролық мемлекеттер. Сонымен қатар БРИКС құрамына кіретін елдер де бар (Үндістан, Қытай, Ресей). Бұдан бөлек, ұйымға қатысы бар
4 ел (Қытай, Үндістан, Ресей, Түркия) G20-ның құрамына кіреді. Ал халқының саны миллиардтан асып жығылған Қытай мен Үндістан әлемдегі электр энергиясын көп тұтынатын алғашқы екі орынды алып тұр.
Ілгеріде уақыт көшімен ұйым елдерінің қатары көбейіп, аясы кеңейіп келе жатқанын айттық. Ендігі кезекте Ауғанстанның мүшелікке өту үдерісі күн тәртібінде тұр. Бұл ел қатарға қосылуға сонау 2015 жылы өтініш білдірген. Сонымен қатар 2012 жылдан бері Шри-Ланка, Бангладеш, 2017 жылдан бері Камбоджа, 2018 жылдан бері Әзербайжан мен Армения бақылаушы ел болуға ниет танытып, өтініш білдіріп келеді.
Осы күнге дейін ШЫҰ аясында 93 халықаралық келісімге қол қойылған, оның ішіндегі 56-сы – ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы құжат. Осы 56 келісімнің бүгінде үшеуі күшіне енген. Үшеудің ішіндегі 1 құжат ШЫҰ университетін құру мен оның қызметі туралы келісім 2017 жылдың 6 маусымында Астана қаласында қабылданған. Сонымен қатар 21 халықаралық келісім жекелеген елдер арасында жасалған. Одан кейінгі 16-сы – Хатшылық пен халықаралық ұйымдар арасындағы келісімдер.
Қызметінің басым бағыттары
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі (МБК) ұйымның ең жоғары органы саналады. Бұл орган ұйым қызметінің басымдықтарын айқындап, басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен өзара байланысты реттеп, ішкі құрылым мен жұмыс барысындағы іргелі мәселелерді шешеді, сондай-ақ ең өзекті халықаралық проблемаларды талқылайды.
Ал одан кейінгі Үкімет басшыларының кеңесі (ҮБК) экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық төңірегіндегі өзара іс-қимылдың негізгі мәселелерін қарастырып, шешім шығарады, ұйымның бюджетін қабылдайды.
Одан кейінгі Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) ұйым жұмысының күнделікті мәселелерімен айналысып, МБК отырыстарына, халықаралық проблемалар бойынша консультацияларға дайындық мәселелерін пысықтайды және қажет болған жағдайда ШЫҰ атынан мәлімдемелер жасауға құқылы.
Ұлттық үйлестірушілер кеңесі ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіріп, басқаруды жүзеге асырады. Сондай-ақ МБК, ҮБК, СІМК органдарының отырыстарының дайындық іс-шараларымен тікелей айналысады. Жалпы, ұйым қызметінде отырыс, консультация, арнайы және тұрақты жұмыс топтары, сарапшылар кездесуі сынды 90 түрлі өзара әрекеттесу тетіктері жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, ұйымның Банкаралық бірлестік, Іскерлік кеңесі және Экономикалық талдау орталықтарының консорциумы сынды қоғамдық құрылымдары да өздеріне жүктелген міндеттер аясында жұмыс атқарып отыр.2004 жылдың желтоқсан айынан бастап ШЫҰ БҰҰ Бас Ассамблеясына бақылаушы болып қабылданды.
Астана саммитінен үміт көп
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана саммиті аясында ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына 16 мемлекеттің басшылары мен кейбірінің Премьер-министрлері қатысқалы отыр.
Бұдан бөлек, 7 халықаралық ұйым басшылары да, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Астана саммитіне қатысуға ниет білдірген. Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы еліміздің ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышевтың айтуынша, Астана саммитіне қатысушылардың қатары артып, оған қоса кездесулер дәстүрлі форматтан өзгеше, яғни бұрын-соңды болмаған шеңберде ұйымдастырылғалы отыр.
– Саммитте алғаш рет мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ+» форматындағы кездесулер болады. Жиынға 10 ел және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары қатысады. Ал «ШЫҰ+» отырысының талқылаулары «Көпжақты диалогті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы аясында өтеді. Саммит қорытындысымен ұйымның 20-дан астам құжаты қабылданбақ. Олардың негізгісі – Астана декларациясы, – деген М.Мұқышев аталған Декларацияда ШЫҰ-ның халықаралық өзекті, өңірлік мәселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, ұйымды дамытудың әрі қарайғы бағыттары нақтыланатынын айтады.
Астана саммитінде үш жылға созылған Беларусь Республикасының ұйымға кіру үдерісіне соңғы нүкте қойылмақ. Беларусьті қабылдау рәсімі 2022 жылы Самарқанд саммитінде басталған болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен ШЫҰ алғаш рет «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастаманы қолға алмақ. Яғни ШЫҰ Әділетті бейбітшілік формуласының ұжымдық іздеу үдерісін бастауды ұсынғалы отыр.
Астана саммиті бұған қоса елдерді әлемдік нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың әл-ауқатын жақсарту жолында жұдырықтай жұмылуға, білек сыбана әрекет етуге шақырмақ. Сонымен қатар Астана саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеуге қатысты шешімі және Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымның 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданбақ. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде әзірленген «үш зұлым күшпен» күресетін 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы мен 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы ұйымға мүше елдердің «батасын алмақ».
Қысқасы, Астана саммиті ұйым шежіресінің жаңа бетін ашып, жаңа белеске көтергелі отыр. «Бестікпен» басталған «Шанхай рухы» араға ширек ғасыр салып, қатары толығып, әрмен қарай «ондықпен» қадам баспақ.