Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі Камал Смайыловтың жас ғалым Төрегелді Шарманов туралы тамаша көркем очеркі жарияланды. Ол кезде менің жұбайым Сапар Байжанов сол газеттің бас редакторының орынбасары қызметінде еді.
Сапекең жақсылыққа жаны құмар жан болатын. Өзіне қатты әсер еткен жақсы мақала, очерк, кітап, тәуір кинодан алған әсері туралы әңгімелеп, балаша қуанатын. Сапекеңнің осы қасиеті жайында академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Мен біреудің табысына, жақсылығына балаша қуанатын, қызғаныш дегенді білмейтін бір ғана адамды білемін, ол – Сапар болатын», деп ағынан жарылған-ды. Камалдың сол көркем очеркін зор әсермен әңгімелеген соң, мен де оқып шықтым. Шынында да, өте тартымды жазылған очерк екен. Жас ғалым Төрегелді Шармановтың ғылым жолындағы ізденісі, қол жеткізген табыстары, адами қасиеттері әдемі баяндалған. Жас ғалымның болашағы зор екендігі, әлі талай табысқа қол жеткізетініне сенім туғызады. Осындай жақсы мақалаларымен көзге түскен Камал Смайылов көп ұзамай редакция аппаратына шақырылды. Жүрдек журналист Алматыға келген соң бір-екі жыл өтпей-ақ Орталық комсомол комитетіне жауапты қызметке алынды. Төрегелді Шарманов та Алматыға отбасымен көшіп келіп, ғылыми жұмысын жалғастырып жүріп, 32 жасында докторлық диссертациясын қорғады. Медицина ғылымдарының докторы атанды. Төкеңмен Камал арқылы таныстық. Қазақта «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген сөздің жаны бар. Төрегелді барынша қарапайым, өте мәдениетті, ақыл-парасаты зор, өте білімді адам екенін танытты. Камалдың да жақсы қасиеттерін бағалайтын Сапекең Төкеңмен тез сыйласып, достасып кетті.
Тегінде адам кез келген сыйласқан кісімен дос бола бермейді ғой. Бірін-бірі жете түсініп, білімі, өресі, адами қасиеттері көңілінен шыққан соң араларындағы жақсы қарым-қатынас достыққа айналады емес пе? Камал, Төрегелді, Сапардың достығы дәл осылай қалыптасқаны бар. Достар бір-бірін қолдайды, қажет жерінде қолұшын береді, ақылдасып, сырласып жүреді. Мұның өзі дос жандардың көңіл күйіне, денсаулығына, өмірге құлшынысына әжептәуір демеу болады. Сондықтан да адамдар достыққа зәру келеді.
Бір ғажабы, осы үш достың үшеуіне де ортақ қасиет – барынша қарапайымдылығы еді. Қандай лауазымға, қандай табысқа жетсе де, олар маңғаздану, көкірек көтеру, ескі достардан іргені аулақ салу дегенді білмейтін. Меніңше, бұл – өте қымбат қасиет. Төрегелді Шармановтың 12 жыл Денсаулық министрі болған кезінде қол жеткен айтулы, аса жауапкершілікті ісінің бірі – Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жиынын жоғары деңгейде өткізгені. Іргелі іс-шараны жақсы өткізген соң, республика басшысы Дінмұхаммед Қонаев Денсаулық министрін қабылдап, ризашылығын білдірген. Дүние жүзінің 200 елінен 29 ғана адам ие болған Леон Бернар сыйлығымен Төрегелді Шармановтың марапатталуы халқымызға абырой болды. Сондай-ақ оның Мемлекеттік сыйлыққа да ие болып, қаржысын балалар үйлеріне бергені үлкен адамгершіліктің, азаматтықтың белгісі еді. Өз халқын мейлінше жанындай жақсы көрген Төкең халықтың денсаулығы, амандығы үшін дұрыс тамақтанудың, қалай тамақтанудың дұрыс жолдарын ұсынды. Әсіресе ұлттық тағамдардың пайдалы жақтарын дәлелдеп, айтып отыратын.
Төкеңнің ғылымдағы табыстарын әрі қарай ұлы Алмас абыроймен жалғастырып келеді. Алмас анасы Гүлзия дүниеден өткелі отыз жылдан артық уақытта Дана екеуі әкесін аялап, алғысына бөленіп, батасын алды. Сөз жоқ, олар өз балаларына ата-ананы сыйлап, қартайғанда ешнәрсеге тарықтырмай күтудің өнегесін көрсетті. Алмас пен Дананың адамгершілігі талайға үлгі. Өйткені олар Төкең мен Гүлзияның өз ата-анасын қалай күткенін көріп өсті. Бір журналист Гүлзияға: «Төкеңнің ата-анасы сіздерде тұра ма?» деп сұраса керек. Сонда Гүлзия: «Керісінше, біз ата-анамыздың қолында тұрамыз», деп жауап беріпті. Осындай текті тәрбие көрген балалардың басқаша болуы мүмкін де емес.
Төкең достары Сапар мен Камал дүние салғаннан кейін де олардың отбасынан қол үзген жоқ. Үнемі хал сұрасып, екі отбасының жақсылығына бірге қуанып, ауыртпалық түскенде жанынан табылды. Биыл Наурыз мерекесімен құттықтауға телефон соғып едім, трубканы көтерген әйел даусы: «Қазір құлағына тосайын», деді.
Бұған сәл таңдандым да, «шамасы ауруханада ем алып жатқан болар» деген ой келді. Төкеңнің даусы тым бәсең естілді. Амандық-саулықтан соң, «Мен Сапарды жақсы көруші едім» дегенді үш рет қайталады да: «Камал екеуі ешқашан есімнен шықпайды», деді. Сол кезде тамағыма бір өксік тығылғандай, үнсіз қалдым. Сәл үнсіздіктен соң, телефон даусы үзілді. Бұл Төкеңмен соңғы тілдесуіміз екен...
Мамырдың төртінде өткізілген асқа Алмас екеуіне шақыру жіберген едім. Шақыруды алысымен Алмас маған хабарласып: «әкем қазір шыға алмайды, бұйырса асқа өзім барамын ғой», деді. Төкеңнің науқастанып жатқанын естігенмен, жамандыққа қимап едім. Арада біраз күн өткен соң, Төкеңнің жарық дүниеден өткені жайында хабар алдым. Ой, жалған дүние-ай десеңші. Біздің достарымыздан қалғаны жалғыз өзі еді. Ел үшін, біз үшін Төрегелді Шарманұлы есімі білікті маман, жауапты тұлға ретінде жүрегімізде сақталады. Бастаған ісі жүйелі жалғасады деп сенеміз. Ұрпағы Төкең рухын риза ете берсін.
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА