Көкке қадала өскен балқарағай самырсынның ұшар басындағы жаңғақты қысы-жазы жинап, оның майын сығып алып отырған бірден-бір кәсіпорын – Катонқарағайдың Жамбыл аулында ғана. Демек еліміздегі бірегей өндіріс ошағы деп айтуға толық негіз бар. Күні кеше мөп-мөлдір май ағызып отырған кәсіпорынға арнайы бардық.
Тоқсаныншы жылдардан бері тұрғындары орталыққа қарай опырыла көшіскен Жамбыл аулындағы шағын цехты екі-үш жыл бұрын осы ауылдың тумасы Ерасыл Қасымбеков ашқан. Цех ашылғалы жинаған балқарағайын басқа жаққа жөнелтіп жүрген ауылдықтардың көбі Ерасылға тапсырып, қуантқан. Ол өнімді қабылдап қана отырмайды, тау асып, сағыздықты самырсынға өрмелеп, өзі де балқарағай тереді. Төрт жылда бір-ақ рет жеміс беретін самырсынның сыйын барынша пайдаланып қалмаса, май зауытында шикізаттың тапшылығы сезіліп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан балқарағай шыққан жылы ауылдықтар тауда қона жатып жинайды.
Тау асып, табаннан тозып, балқарағай жинау оңай шаруа емес-ті. Ал одан май өндіру тіптен қиын. Үш келі дәннен жарты литр ғана май шығады. Жемісті жылы катонқарағайлықтар қап-қап балқарағай түсіреді. Самырсынның биігіне ғана бітетін бүршікті түсіру үшін ұшар басына өрмелеп шығып, бұтағын тепкілеп жүріп төменге түсіреді. Самырсын қайбір жазыққа өссін. Маңайы бытысқан бұта, сай-сала. Жерге түскен балқарағайды бұта-бұтаның арасынан жер бауырлай жүріп жинайсың. Бұрындары ел бүршіктей ауылға жеткізсе, қазір тау басында үгітіп, дәнін ғана алады. Үш қап бүршіктен бір қап дән түседі. Оның ұсақ қоқымын желге ұшырып, тазалайды, кептіреді. Содан соң барып, сырттан келген алып-сатар саудагерлерге тапсырады. Олар Қытай асыра ма Ресей асыра ма, жергілікті жұртқа беймәлім. Нәпақасын айырса болғаны. Соңғы жылдары ғой, цех ашылғалы Алтайдың байлығы жергілікті жерде өндіріліп жатыр.
Цехта қайнаған тіршілік. Жұмысшылардың бірі кепкен балқарағайды қалбырға салып, ұсақтарын бір ыдысқа, ірі дәнді екінші ыдысқа сұрыптап алды. Білетін шығарсыздар, бүршіктен үгіліп шыққан дәннің өзінде де қабық болады. Сол қабығын шағып, аппақ дәнін алу үшін қалбырланған дәнді келесі станокке жөнелтеді. Сол жерден қабығы бөлек, дәні бөлек шығады. Дәнінің дәмін татып сезбесе, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Дәмділігі сондай, кейінгі жылдары оны мейрамханаларда тамаққа да пайдаланып жүр. Сөйтіп, қабығынан ажыраған өнімнен май алу үшін белгілі мөлшерде ыдыс ішіндегі зығыр матаға дәнді салады. Оны станокке қойып, жоғары қысыммен сығады. Сонда ғой, шүмектен мөп-мөлдір сарғыш май ағады. Ол майдың адам ағзасына пайдасын Ресей ғалымдары осыдан жүздеген жыл бұрын зерттеп тастапты. Күнделікті тамақ алдында бір-екі қасық ішіп отырса, асқазанға, өт жолдарына, ішек жұмысына өте пайдалы деседі. Косметика ретінде де қолдануға болады екен. Айтқандай, денеңізді күйдіріп алсаңыз, екі-ақ күнде жазып жібереді. Оны білікті дәрігерлер де растаған.Осындай бірегей кәсіп ашу Ерасылдың ойына қайдан келді дейміз ғой. Сөзіне қарасақ, күнделікті жұмысынан шығып кеткен соң жан бағу керек болыпты. Амалсыздан, балқарағай жинауға кірісіп, артынша май цехын ашып жіберген. Ашпас бұрын, технологиясын зерттеген, пайдасы мен шығынын таразылаған. Кейбір станоктерді қолдан жасап алған.
– Еңбек жолымды шахтада бастаған едім. Ол жердің жұмысы да, атмосферасы да ауыр. Аса ұнамады. Ауылға барып, балқарағай жинауға бекіндім. Ол да оңай жұмыс емес. Бірақ Алтайдың аста-төк байлығын өзіміз неге пайдаланбасқа деген ой сақ ете қалды. Содан бастап балқарағайдан май алуды зерттей бастадым. Кейбір аппараттарды қолдан жасап алдым. Әуелде әкем қарсы болған. Қазір, керісінше, қолдап, көмектесіп отырады. Цехты аша сала өнімге сұраныс артты. Балқарағай майын елдің түкпір-түкпіріне жіберіп отырмын. Алу жолы оңай болмағандықтан, бағасы да арзан емес. Дейтұрғанмен сұраныс бар, – дейді ерекше кәсіп иесі Ерасыл Қасымбеков.
Цехта балқарағай майы ғана емес, өзге де табиғи өнімдер жасалады. Басқасын айтпағанда, кәдімгі ошаған жапырағын да пайдаға жаратады. Айтуынша, таулы таза жерден ошаған бүршік атпай жапырақтарын жинап алады-дағы, жуып-шайып, еттартқыштан өткізеді. Оны да сығып, шырынын балмен араластырады. Белгілі мөлшерде лимон қышқылын қосады. Сөйтіп, сөреге қояды. Оның асқазан жарасын жазып жіберетін күші бар дейді. Табиғи жақпа майдың да түр-түрін жасап отыр. Ерасылдың айтуынша, қазір балқарағайдың қабығын ғана кәдеге жарата алмай келеді. Ол үшін уақыт тапшы. Алайда алдағы уақытта балқарағай қабығынан жастық тіккізіп сатуды жоспарлап қойыпты. Ол хандрозға ем көрінеді.
Өнім түрін арттыруды ойластырған Ерасыл Алтайдың қызыл құмырсқасынан да буын ауруына пайдалы жақпа май жасауды ойға алған.
– Шынымды айтайын, ұлымның тұрақты жұмысынан шығып кеткенін қаламаған едім. Балқарағаймен кәсіп бастаймын дегенде сенімсіздік болды. Сенімсіздік те емес, алаңдаушылық шығар. Бірақ аз-ақ уақыт ішінде кәсібінің болашағы зор екенін байқатты. Қазір қолдап жүрмін. Өзім де келген туристерді қабылдап, Алтайдың киелі жерлерін көрсетуге дайынмын, – дейді кәсіпкер азаматтың әкесі Дидар Сіләмов.
Айта кетейік, Ерасыл Қасымбеков мемлекет тарапынан ешқандай несие алып, қандай да бір бағдарламаға қатысып көрмеген. Кәсібін тек өз күшімен дөңгелетті. Әр қадамын жоспарлады, жобалады. Шығыс пен кірісті есептеді. Өз күшіне ғана сенетін кәсіпкер азамат әкімдік тарапынан көмектің аса керегі жоқ екенін де сөз арасында айтып қалды. Ең бастысы, кедергі болмаса дейді. Дейтұрғанмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп ашқан азаматтарға әрқашан қолдау болатынын бір емес, бірнеше рет айтқан. Олай болса, балқарағай бизнесі әлі-ақ қанатын кеңге жаяды.
Шығыс Қазақстан облысы,Катонқарағай ауданы