• RUB:
    5.41
  • USD:
    476.27
  • EUR:
    515.47
Басты сайтқа өту
Кино 05 Шілде, 2024

Тау-тастан түлеген тарих

141 рет
көрсетілді

Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық филармонияның кіші залында «Таста сақталған тарих» ат­ты танымдық-деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Авторы – бел­гілі өлкетанушы, мәдениет саласының үздігі Тұңғышбай Мұқан.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанды таңбалы тастар мекені деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі. Біз теңдессіз нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек», деді. Мемлекет басшысының осы сөзін арқау еткен фильм – республика бойынша қолға алынған алғашқы жобаның бірі.

Қазақ даласының тауы мен тасы сан ғасырлар бұрын бабаларымыз қашап қалдырған аманат кітаппен парапар. Өкініштісі, сол тарих елеусіз қалып келеді. Атал­ған фильм тау-таста сақталған та­рих­­тан сыр шертеді. Осы­лай­ша, көрермен тасқа басылған көне тарихты тамашалады.

Осы өңірді 20 жыл зерттеген ғалым Жолдасбек Құрманқұловпен 2010 жылы Ақтоғай ауданы аума­ғын бірге жүріп аралаған Тұң­ғыш­бай Өміртайұлының айтуынша, ол өлке­нің біраз жеріне бармаған екен. Ғалымдардың зерттеуінше, Ақто­ғай өлкесі – тарихи мұраға өте бай жер.

«Бұған дейінгі екі фильмді (Әлихан Бөкейхан және Ақто­ғай тарихы туралы фильмдер) не­ме­­реммен түсіргенмін. Ал осы фильм­ді аудандық мәдениет бөлі­мі­нің қызметкерлерімен бірге тү­сір­­­дік, олардың бірі мәтін оқып, бірі оператор, енді бірі мон­таж­даушы болды. Мақсатым – со­лар үйренсін, осындай істі жал­ғас­тыр­сын деген ой», дейді Т.Мұқан.

Оның айтуынша, көлік шы­ғыны бойынша ғана бір демеу­шінің көмегін алған. Аудан аума­ғын түгел қамтып, екі мың ша­қы­рымды жүріп өткен. Автор танымдық фильмінде Ақтоғай арқылы Сарыарқадағы тарихи ескерткіштерді таныстырады. Бұған дейін ғалымдар бұл өлкеде 50-ден астам тас мүсін бар десе, бұл кісі 70-тен асырған. Таңбалы тастар саны да шамамен соншама.

«Қарағанды қаласында және аудан орталығы Ақтоғайда көр­се­тілімі өтті. Ақтоғайлықтар «әлі күнге көп ескерткішімізді білмейді екенбіз», деді. Кейін зерттеушілерге оңайырақ болуы үшін «осындай ауылдан осынша шақырым» деп, нысандардың қашықтық белгілері нақты көрсетілді», дейді Тұңғышбай Өміртайұлы.

Фильм тарихи нысандарды таныстыру ғана емес, жәдігер­лер жайында алматылық, қара­ған­ды­лық ғалымдардың пікірлері кірік­тірілген. Әдетте мұндай фильмдер 30-40 минуттан аспайды, ал «Таста сақталған тарихтың» ұзақтығы екі сағатқа жуық. Аудан­дағы Беғазы-Дәндібай мәде­ниеті, таңбалы тастар, тас мүсіндер, обалар, үңгірлер, кен орындары, тағы басқалары жүйелі қамтылған.

«Таңбалы тастарды қасына барып көріп, үңгірлерге кіргендей болдық. Фильм мәдени-тарихи мұраларымыздың сақталуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймын. Жәдігерлерді жымқырып, тұрғын үй кешенін ашып алатын қарақшылар бар қазір. Қарақшы археологтер ұрлаған мұралардың кейбірі өте құнды болуы мүмкін. Осы орайда әлеуметтік мәдени комитетте жиын өткізгенбіз. Сол тұрғыда істер қазір қолға алынып жатыр. Археология институтына да барып, көптеген мәселені көтергенбіз. Мәдени-тарихи мұраларды шашау шығармай жарата білсек, баға жетпес ұлттық байлығымыз сол емес пе?», деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

«Фильмдегі дүниелер фото-альбом форматында үш тілде шығарылса, сол кезде дүниежүзі археологтері назарын бұрып, мәдениетіміз жарқырай түсер еді», деді республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.

Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев дүниеге келген киелі өлке – тұнып тұрған тарих. Ақтоғай өңірінде тарихи мұралардың өте көп кездесуі осы жер ежелден тіршілікке қолайлы өркениет ошағы болғанын айғақ­тайды.