• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Мәдениет 06 Шілде, 2024

Бетбұрыстың басы – осы мереке

235 рет
көрсетілді

Домбыра күні ұлттық мереке дегенде, әрине, көзіқарақты қазақ бейжай қала алмайды. Қазақтың рухына баланатын қасиетті аспаппен бірге өскен, жастайынан жанынан бір елі алыстатпаған домбырашы, күйшілермен пікірлесіп, сөзіне құлақ түру – көңілі ояудың әдеті екені өтірік емес. Біз арагідік қаланың қарбаласынан жалыға бастағанда, күйге құлақ түреміз немесе күйшінің өзіне өтініп барып, күйі мен әңгімесін қоса тыңдап, рахатқа батамыз. Сол әдетімізбен жақында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жеке орындаушысы, белгілі күйші Қайрат Айтбаймен сөйлесіп қайтқанбыз. Көкейде қалған кейбір ұнамды ойларын бөлісуді жөн көрдік.

«Ұлттық домбыра күні деген үлкен идея­лардың бастауы, дәстүрлі өнерге бет­бұрыс жасаудың көзі десе болғандай. Бұдан былай ол арналы ойларды орта­ға сала­тындай ұлттық мереке болуға тиіс», дей­ді мәдениет саласының үздігі ­Қ.Айт­бай.

Шындығында қазақ үшін домбырадан асқан құндылық жоқ. Домбыра күні әзірге ірілі-ұсақты мерекелік концерттер ұйымдастырылып жүргенін бәріміз білеміз. «Бірақ болашақта бұлай бола бермейді деп ойлаймын. Келешекте мұн­дай жақсы бастамалар ғылыми сипат алуға тиіс. Ұлттық өнер мен таным көк­жиегі ашыла түсуі үшін, даму үшін соған қарай ойыспай қоймаймыз. Мысалы, мерекелік концерттер аясында конференциялар өткізу дегендей нәрселер қолға алына бастаса қандай керемет?

Қазір, мысалы, ел ішінде домбыра қаншалықты қадірлі? Ауылдарда домбыра тартыла ма, жоқ па? Салыс­тырмалы түрде қарағанда, осыдан 40-50 жыл бұрынғы жағдай мен домбыраға деген бүгінгі көзқарас сәйкес келе ме? Яғни ұлттық өнерді өрістетуге бетбұрыс үшін мұндай датаның маңызы зор. Қазақ мәдениетінде орны бар тұлға Дүйсен Қасейіновтің мына сөзі есімнен кетпейді. Әзербайжан елінде тек қана дәстүрлі өнер консерваториясы бар. Біздің консерваторияда классикалық музыка мен дәстүрлі музыканы қоса оқытады ғой. Әзербайжандарда тек қана ұлттық музыкасы мен ән-күй өнерін, аспаптарын оқытады. Соны­мен қатар оларда Мұғам орталығы қ­а­лып­тасқан. Бұл дәстүрлі музы­ка­лары­ның ең үлкен жанры, бізде ол – күй өнері. Бұлар – болашақта біздің елге де қажет дүниелер. Мұндай жобалар үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Неге десеңіз, ұлттық өнер мен мәдениет құруға айналғанда, шындығында ұлт өлуге айналғанда, Ахмет Жұбанов әуелі кон­­сер­ваторияға домбырамызды енгіз­ді. Еркеғали Рахмадиев қылқобызды әкелді. Нағыз қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қалам­баев­ты жұмысқа қабылдатты, дипломы жоқтығына қарамастан. Ерлік деуге тұратын іс. Бұлардан кейін дәстүрлі өнер­дің тынысы ашылып, арнасы кеңи бас­тады. 80-жылдардың соңына қарай халық әндері кафедра­сын ашқан Дүйсен Қасейінов ағамыз. Сол за­ма­нның өзінде. Сондықтан осы асыл мұрат­тың бәрі қазір пісіп-жетіліп, дәстүрлі өнер ака­­демиясы сияқты ғылыми орталық ашу­ға­ сұранып тұрғанын байқаймыз», дейді.

Иә, бетбұрыстың басы осы Домбыра күні дер едік. Бес жүз немесе мың домбы­рашының Адай күйін тартқаны, әр жерде домбыраға ескерткіштер тұр­ғызылғаны халықтың назарын бұру, ­махаббатын ояту дәстүрлі құнды­лықтарға. Соның бір кілті – қазақ сүйген қасиетті аспап. Енді осы бастаманы ­сатылап дамытып, ілгерілетпесек, біздің елдігіміз қайсысы?

«Қазақ даласында домбырашылық, қобызшылық, сыбызғышылық өнерлер жеке орындаушылық, солистік тұрғы­да дамыған», дейді Қайрат Айтбаев. Мәселен, Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты әйгілі еңбектері бар ғой. Сонда ол қазақтың бір әнін он әнші он түрлі орындап шығатынын айтыпты. Әр әнші орындаған әні туралы өз пікірін білдіретін көрінеді. Бір жағынан бұл – сана еркіндігінің белгісі. Демек дәстүрлі өнерде жеке орындаушылықтың алатын орны ерекше. Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, Ілияс Жансүгіров­тің «Күй», «Күйші» поэмаларын, Мағауин­нің «Көкбалағын» немесе Әбіш Кекіл­байдың «Күйші» повесін оқыған адам бірден түсінеді мұны. Ілияс Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Елде Тойтан атты күйші болып еді. Сол Тойтан дүние салды. Тойтанмен бірге қырық күй өлді. Адам өлсе, орнына адам туады, күй өлсе, орнына күй тумайды» деп жазыпты. «Сол сияқты», дейді Қайрат Айтбай: «Қазір қазақта Шәміл Әбілтайдай тамаша күйші бар. Тыңдарман сүйіп тыңдайды. Сол ағамыздың соңынан ерген шәкірті бар ма? Оның домбырадағы мәнерін, қағысын алып қалуға ұмтылған кім бар? Мен жалғыз-ақ күйшіні мысалға келтіріп отырмын. Қазақ даласында осындай ескі сарынды ұстап, жетілдірген дәстүрлі күйшілер аз емес қой. Күйдің үзілуінің бір себебі – соңында шәкірт қалмауында. Шәкірт қалдыратындай мүмкіндік тудыру керек. Біз қылқобыз, қылқобыз деп зарлаймыз. Оны жеткізуші Сматайдың артында мен білетін екі-ақ шәкірт қалды. Саян Ақмолда мен Сәрсенғали Жүзбай. Саянның консерваторияға жұмысқа тұрғанына екі-үш-ақ жыл болды, Сәрсен­ғали Қазақ радиосында журналист ретінде істеп жүр», дейді. Дәстүрлі өнерде мектеп үзілмеуін барынша қадағалау да домбыраға деген құрметтен алыс емес, ендеше. Филармонияларға әр өңірдің күйшілігін ұстап жүрген дәстүрлі күйші­лерден солист алу кезек күттірмес мәселе делік онда. Қайрекең былтыр қасиетті қара домбырасының арқасында Түркия­ға барып күй тартып келе жат­қан­да, «Қазақ­­­­концерт» ұйымының бір бө­лі­мі­нің меңгерушісі, белгілі әнші Ерлан Рыс­қа­лидың айтуымен аталған ұйымға жеке орындаушы ретінде орналасқанын айтады.

Әзербайжандарда Мұғам залы барын еске ала отырып, домбыра мен қобызға арнайы зал салынса да артық етпейтінін айтады күйші. Қазір сахнада жүрген дәстүрлі өнерпаздардан сауалнама алса, бұл сұрақтың жауабы белгілі болып шыға келеді. Қайбір жылдары ауылға бір музыкант жігіт қонақ болып келгенде, жайлауға апарғаны­мыз есімде. Өзі консерваторияда күйді оқып бітірген домбырашы еді. Кешкілік күн тынық болған соң, төбенің басында домбыра тартып отырды да, мен ағамның айтуымен аттарды шідерлеп жіберуге төменге түссем, Тәттімбет­тің «Саржайлауы» дыңылдап келіп, құ­лақтан өтіп, бірден жүрекке жетіп жатқандай әсер алдым. Сонадайдан жеткен дауыс толқынының сіңімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ті. Дыңылдап келіп құлаққа ұрғанда, тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Бұл да – дәстүрлі өнерге арнайы сахна керегінен алыс кете қоймайтын әңгіме. Не де болса, ғылыми зерттеуді қажет ететін іс. Өйткені театр салғанда адамның дауыс күші мен қойылған орындықтардың ағашына дейін зерт­теледі, арақашықтық пен төбенің биіктігі бәрі дыбыс жететін дәлдікке құрылады. Тура солай домбыра мен қобыздың да үнін саралап, камералық зал ашылса құба-құп.

Домбыра ұстап, дәстүрлі өнерді аялаған адамды осылардың өзі тәрбие­лейтіні біздің кейіпкердің де бойынан білінеді. Қастерлеген сайын қасиеті жұғады ғой. Талғам биіктеп, таным өседі. Сөйткен сайын кірпияз тартады кісі. «Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң», артық ауыз әсірелеуді ұнатпайды. Суық ақыл емес, іштегі өнердің тазалығы төрелік ететінге ұқсайды. Содан шығар, «үлкен сахна мен той-томалақтағы мәдениеттің арасы тым жақындап кетті. Әйтеуір домбыра ұстаса, дәулескер немесе даңғайыр күйші ептеп ән сала бастаса, көмейіне бұлбұл ұя салған деп шақыра береді. Бұл той жүргізуші тамадаға жарасатын шығар, үлкен сахналарға келіңкірей бермейді. Әншіге әнші, күйшіге күйші дегеннен асқан не атақ керек? Мәселен, Ахмет Жұбановтан «Әміренің көзін көр­діңіз, қандай әнші еді?» деп сұраса, «жақ­сы әнші» деп жауап беріп алады да, «біз жиі тыңдап жүрген Семейдің әндерін сал­ғанда, Әміре жұтындырып жібереді екен. Адам­ды ұмтылдырып қояды» деп оның жақ­сы әнші екенін дәлелдейді. Ал біз­де кел­сін, келмесін артық әсірелеуден аяқ алып жүре алмайсыз. Одан арылмайтын­ бол­сақ, ел арасында азғантай қалған ойлы құ­­лақ­­тарды құртып тынамыз», дейді күй­ші.

Айтылмай жүрген сөз, тыңдалмай жүр­ген әңгіме емес, бірақ күй тартып оты­рып жеткізгенде, жан дүниең ашылып, тереңнен тыныс тарта ма екен, түрлі ағыс пен толғам кеулейді көкейді. Мүм­кін­ домбыраның бір құдіреті осы шығар.