• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Шілде, 2024

Бес зауытты біріктірген кәсіпорын

292 рет
көрсетілді

Астана қаласында орналасқан «ATM Construction & Investment» кәсіпорнында құрылысқа қажетті витраж, терезе, металл конструкциялық бұйымдар өндіріледі. Медициналық жабдықтар және оған қажетті жиһаздар, мектеп, балабақша, кеңсеге қажетті мүліктерді де жасайды.

Бір жылда 400 мыңға жуық өнім түрін нарыққа шығаратын ком­панияның ел көлемінде тұтыну­шысы қалың. 180 адамды тұрақты жұмыс­пен қамтыған зауыт биыл бірінші тоқсанда 96,05 млрд теңгенің өнімін өндірген.

«Кәсіпорын бес өндірістік зауыттан тұрады. Біріншісінде құрылысқа ең қажетті өнім – пластик және алюминийден есік-терезе жасалса, екінші зауытта медициналық жабдық­тар құрастырылады. Үшіншіде «Жайлы мектеп» жобасына сай келетін мектеп жабдықтары, медицина саласы мен барлық кеңсеге қажетті түрлі жиһаз­дар дайындаймыз. Төртінші бөлік­те тек ауруханаға қажетті түрлі кереует, ал енді бір зауытта модульдік металл конструкция бұйымдары шығады. Бүгінде тағы бір зауыттың құрылысы біту­ге таяу. Онда минералды мақ­­та арқылы үй сыртын қап­тау­ға керекті сэндвич-панельдер өнді­рі­­лмек», дейді серіктестік­тің ат­қару­шы директоры Мұрат Четин.

Аурухана құрылысы бас­талған уақытта алдын ала жос­парланатын операциялық газ консольдары да осында дайындалады.

Медбикелерге қажетті сүйретпе арбалар, шұғыл ота жасау бөлмесіне керек арнайы жабдықталған үстел мен бірнеше моторлы кереуеттің көптеген түрі бар. Ауруды тасымалдауға арналған каталка-сүйретпелер де – компанияның негізгі өнімдерінің бірі.

«Гинекологиялық креслодан бөлек, перзентхана кереуеті мен дүниеге жаңа келген сәбилерді орналастыруға арналған шағын жабдықтар да осында. Басты шикізат темір бөліктері өз елімізден табылса, медицина­лық жабдықтардың кейбір бөл­шегі мен пластикалық зат­тар Түркиядан келеді. Жиһаз­ға қатысты шикізатты әзірге Ресейден, сондай кейбір «ДСП», яғни ағаш қиқымдарынан сығымдалған тақтайларды рес­публикадағы өндірушілерден де аламыз. Бірақ көбіне-көп олар өндірген тақтайлар біздің қойған талапқа сай келмей жатады. Жалпы, ламинатталған ағаш бұйымдарының сапалы болғанын қалаймыз. Сонымен қатар біздің терезе-есіктерімізге «BI Group», «Orda Invest» секілді ірі құрылыс компаниялары тапсырыс береді», дейді кәсіпорын директорының көмекшісі Анар Сәрсенбекова.

Компания құрылыс салуға да белсенді қатысады. Мектеп, аурухана, сонымен қатар әуе­жай құрылысына атсалысып, ішкі қызмет көрсету, жабдықтау жұмыстарын да қоса атқара­ды. Өздері шығаратын металл конструкциялық бұйымдар арқылы саяжай, жол полициясы мен күзетке арналған, сондай-ақ медициналық шағын бекеттер, жылы аялдамалар және автобандар бойындағы дәмхана, дәретханаларды құрастырады. Бұл тізімге қозғалмалы-жинал­малы шағын жылы баспана құрылысы да кіреді.

«Пандемия кезінде біздің компания 68 күн ішінде Албания елінде конструкциялық металл жабдықтарын пайдалана отырып, қалалық аурухана тұрғызды. Мұндай бағыттағы құрылысты біздің елде де жүргізуге болады, бірақ климаттық жағдай­ды да ескеру керек», дейді Анар Сәрсенбекова.

Тағы бір жаңалық, кәсіп­орын Астана қаласы әкімдігінің «JOLTAP» жобасымен бірлесе жұ­мыс істейді. Бұл жерде өз мүм­кіндігін сынап, түрлі мамандықты игерем деушілер аталған жобамен өндіріске келіп, арнайы бекітілген мұғалімнің бағытымен қосалқы мамандық алып шығады. Аталған жоба арқылы өндірісте бір ай көлемінде «Дәнекерлеуші» мамандығы оқытылып келеді. Мұндай курсты бітірген кейбір үздік мамандарды кәсіпорын тұрақты жұмысқа қабылдауға да ықыласты екен.