• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Шілде, 2024

Құйылған қаржы екі есеге артады

149 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Хусейн Өзханмен кездесті.

Тараптар елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тартылатын инвестициялардың маңызды рөлін атап өтті. Бұған қоса қолданыстағы жобалардың жай-күйі мен ЕҚДБ-ның жаңа жобаларды қаржыландыру бағытындағы жоспарларын талқылады.

Хусейн Өзхан атап өткендей, биыл банк Қазақстан экономикасына құйылатын инвестиция көлемін кем дегенде екі есеге арттыруды жос­парлап отыр. ЕҚДБ Қазақстан электр желілерін басқару компаниясымен (KEGOC) елдің батысында электрмен жабдықтау жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ірі жобаны іске асырып келеді. Бұған дейін ірі аумақтық жобаға Ақтөбе қаласында жаңа тазарту құрылыстарын салуға қол қойылып, «Аралтұз» АҚ жетекші ас тұзын өндірушісінің жаңа өндірістік қуаттарын салуға, сондай-ақ әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін қолдауға қаражат бөлінді. 2024 жылдың мау­сым айында құрылысын ЕҚДБ қар­жыландырған Алматы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы ашылды. Сонымен қатар банк «Air Astana» ұлттық әуе тасымалдаушысының IPO-сына қатысты.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қазақстан ЕҚДБ-мен елдік әрі аймақтық деңгейде ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті, сондай-ақ банктің жеке секторға инвестиция салуға деген ұмтылысын қолдайды.

«Еліміз энергетика және көлік-логис­­тика, жаңартылатын энергия көз­дері мен жеке бизнесті дамыту жобаларын жүзеге асыру үшін инвестиция тар­ту бойынша ЕҚДБ-мен өзара тиімді жұ­мыс істеуге дайын», деді вице-премьер.

ЕҚДБ Қазақстанда қызметін бас­тағаннан бері 324 жоба аясында ел экономикасына €10,2 млрд инвестиция салды. Қазіргі уақытта банктің Қазақстандағы жобалық портфелінде құны €2,9 млрд-тан асатын 121 жоба бар.