Шілденің бірінші жексенбісіне қойылған Ұлттық домбыра күніне орай Батыс Қазақстан облысында 72 іс-шара өтеді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев хабарлады.
Батысқазақстандықтар Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мәмен, Сейтек, Қали, Оқап, тағы басқа әйгілі домбырашы жерлестерін мақтан етеді. 2018 жылдан бері аталып келе жатқан Ұлттық домбыра күні өңірде жалпыхалықтық мерекеге айналатыны сондықтан.
– Биыл мерекелік шара Орал шаһарында 7 шілде күні таңертең Исатай-Махамбет батырлардың, Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталады. Бұдан бөлек облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Домбыра – ұлттық рух» атты экспозиция, Атамекен өнер ордасында «Терме – рухтың азығы, домбыра – ұлттың қазығы» атты үлкен іс-шара өтеді. Кешкі сағат 20.00-де Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жазғы амфитеатрында облыстық халық шығармашылығы орталығы мен «Ақжайық» телеарнасының бірлескен «Інжу-маржан» тележобасының гала-концерті болады. Бұл концертте Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі және 40-қа жуық әнші, жыршы-термеші, күйшілер өнер көрсетеді, – дейді Қуанышбек Мұқанғалиев.
Ақжайық өңірінде домбыраның салтанат құрған шағы бір бұл емес. 2018 жылы күй атасы Құрманғазының мерейтойына арналған «Нағыз қазақ – домбыра» кең ауқымды акциясы кезінде 1 700 домбырашы бір мезетте Құрманғазы бабаның «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындаған болатын.
Ал күй өнерінде өзіндік өнер мектебін қалыптастырған саңлақтардың мерейтойлық шаралары жүйелі түрде өтіп жүр. Мысалы, Жаңақала ауданында күйші-домбырашы Мәмен Ерғалиұлы мен Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арналған «Қали, Мәмен – күмбір күй» домбырашылар байқауы, 2020 жылы Орал қаласында күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына, күй өнерінің аса көрнекті орындаушысы Науша Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Күмбірлеген күміс күй» республикалық домбырашылар байқауы, 2022 жылы Жаңақала ауданында «Қос домбыра» облыстық домбырашылар байқауы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арналған «Дүлдүл домбыра» республикалық домбырашылар байқауы және Тұңғыш Президент алаңында Батыс Қазақстан өңірінің 200 домбырашысының күй шеруі өтті. «Осындай өнегелі істер болашақта да жалғаса береді» дейді басқарма басшысы.
2022 жылы «Aqjaiyq» телеарнасының қолдауымен «Фолк-арт» дәстүрлі әнші-термеші және күйшілердің облыстық тележобасының алғашқы түсірілімі ұйымдастырылған болатын. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, болашақ ұрпақ үшін жинақтап, алтын қорға сақтау тележобасына Жайықтың 100-ге жуық дәстүрлі әнші-күйшісі қатысты. Бұл жоба 2022 жылдың қазан айына дейін «Фолк-арт» болып алғашқы түсірілімін бастаса, кейін «Інжу-маржан» тележобасына айналып, күні бүгінге дейін 42 тележоба түсірілімі көрермен назарына ұсынылған екен.
Былтыр Ұлттық домбыра күніне орай алғаш рет тарихи тұлғалар ұстаған домбыралардың түпнұсқаға сәйкес көшірмесі жасалды. Облыс деңгейінде домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің өнері халыққа кең насихатталып, «Домбыра-дастан» фестивалі алғаш рет өтті.
Айтпақшы, өңірде домбыраға қойылған бірнеше ескерткіш те бар. Оның алғашқысы – 2016 жылы кәсіпкер Жандос Айталиевтің қолынан шыққан 3 метрлік домбыра болатын. Қарапайым дәнекерлеуші өзінің туған жері – үш жүзден ән оздырған сал Мұхит пен әнші Ғарифолла шыққан Қаратөбеге сый етіп ұсынған сол домбыра ауылға кіреберісте көз қуантып тұр.
Ежелден «күйшілер елі» деп әспеттейтін Жаңақала ауданында «Күйшілер аллеясы» бұрыннан бар еді. Құрманғазы, Мәмен, Дина, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Шамғон Қажығалиев, Тұяқберді Шәмелев бюстері орнатылған алаңның ортасына 2019 жылы домбыра мүсіні орнатылды.
Ал 2023 жылы Ұлттық домбыра күні қарсаңында Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылында да ұлттық аспапқа ескерткіш ашылды. Сол кездегі ауыл әкімі Жаннұр Ахметовтің идеясын жергілікті кәсіпкер Мақсот Кенжебаев қолдап, 4 метрлік мүсін бой көтерген еді.
Әйтсе де Қадыр ақынның тілімен айтсақ, «нағыз қазақтың» шырайын кіргізген – Жалпақтал ауылының түлектері болды. Биыл мамыр айында Жалпақтал ауылының орталық алаңында орнатылған «Алтын домбыра» композициясы қандай талғампаз көрерменнің де көңілінен шықты. Биіктігі 8 метрлік ескерткіштің тұғырына таңбалы тастардың суреті салынған. Бұл жерде күні-түні күй ойнап тұрады. Мүсін авторы – ауыл азаматы Сайранбек Нұржанұлы алтын домбыраны қазақы оюлардан құрастырып жасаған екен.
– Осы домбыраны жасауға 6 ай уақытым кетті. Барлық өлшемін шынайы домбырадан алып, масштабын үлкейтіп шығардым. Осы домбыраға 1 тонна 200 кило темір жұмсалды. Осы кезге дейін жасаған жобаларымның ішіндегі ең үлкені – осы «Алтын домбыра». Мені шабыттандырып, шеберлігімді шыңдаған да – осы қасиетті аспап! – дейді Сайранбек.
Батыс Қазақстан облысы