• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Шілде, 2024

Жолдың жайы жақсарып келеді

169 рет
көрсетілді

Биыл Ақмола облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салуға және жөндеуге 66,1 млрд теңге қаражат бөлініп, 130 жоба жүзеге асырылмақ.

Қыруар қаржының 15 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 46,4 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Аудандық бюджеттен 4,7 млрд теңге қарастырылған. Осылайша, тіршіліктің күретамыры – жол мәселесі оң қырынан шешіліп, сапасы көп-көрім жақсарып қалмақ. Ойға алған шаруа тыңғылықты атқарылып, оңынан оңғарылса, 500 шақырымнан аса жол салынып, бар жолдың кейбір тұсы ішінара жөндеуден өткізіліп, тап-тұйнақтай етілмек.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары алдын ала екшеліп, түзілген бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады деп көзделіп отыр. Сәл таратып айтатын болсақ, «Об­лыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу», «Астана қаласына іргелес қоныстанған елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жос­пары», «Шеткі аймақтарды дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Щучье-Бу­рабай курорт­ты аймағын дамыту», «Мо­ноқалаларды дамыту», «Көкшетау, Степ­ногор елді ме­кендері мен қалаларының көше-жол желісі», «Аудандық маңызы бар жолдарды салуға және жөндеуге трансферттер», «Жайлы мектептерге кірме жолдарды салу» бағдарламалары жүзеге асырылмақ. «Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жөндеу» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 20,4 млрд теңге болатын 23 жобаны жүзеге асыру межеленіп отыр, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.

Осы шаруа толық атқарылған кезде 100 шақырым жол салынып және жөнделіп, ел игілігіне жаратылады. Күрделі және орта деңгейді жөндеу жұмыстарына қатысты ірі жобалар автомобиль жолдарының маңызды бөліктерін қамтымақ. Мәселен, Щучинск – Степняк – Уәлиханов бағытындағы жол тозығы жеткен болатын. Жолаушылардың арыз-шағымы да көптен бері туындап келді. Бағдарлама жүзеге асқаннан кейін бұл бағыттағы жол талапқа сай болмақ. Астана маңындағы, әсіресе, оның шығыс бөлігіндегі Сарыоба стансасы мен Бабатай – Волгодоновка – Береке – Бұлақсай, Новый Колутон – Ақкөл – Азат – Минское, Щучинск – Николаевка – Бурабай – Қатаркөл, Қор­ғалжын – Арықты – Сабынды, Жақсы – Державинск, Есіл – Свободное – Раздольное, Жолымбет – Шортанды – Пригородное тә­різді бағыттағы жолдар жөндеуден өткі­зілмек. Бұл арада ерекше бір тоқтала кететін жай – Астана маңындағы елді мекендердің жолдарына айрықша назар аударып, талапқа сай ету.

– Аудандық және қалалық әкімдіктер 46,7 млрд теңге қаражат бөліп, 116 жобаны жүзеге асыруды бастап кетті. Жол сапасы жол активтерінің жайын қадағалайтын ұлттық орталықтың бақылауында болмақ. Соңғы уақытта салынған жолдың сапасы туралы өкпе-реніштің де айтылып қалатыны бар. Бөлінген қаржының әр тиыны тиімді жұмсалып, ретімен атқарылуы, ең бастысы, жол сапасының талапқа сай болуы бас­ты назарда болмақ. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол саласындағы жемқорлықты жою туралы тапсырмасы мүлтіксіз жүзеге асырылмақ. Көлік министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жемқорлыққа жол бермеу жайын мұқият қадағалап, жол сапасының мінсіз атқарылуын басты назарға алып отыр. Бүгінде облыс әкімдігі мен жемқорлыққа қарсы күрес департаменті сараптамалық талдау жасау бағытында бірлескен бұйрық шығарған. Барлық жұмыс, ынта-жігер сапалы іске бағытталмақ. Қазіргі күні бұл жұмыс басталып та кетті, – дейді басқарма басшысы.

Жол жайын жақсарту мәселесі білім ошақтарының, оның ішінде, әсіресе «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға да қатысты. 2024-2025 жылдары 15 білім ошағы салынбақ. Осы жылы Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында 9 мектеп, сондай-ақ Аршалы, Бурабай, Целиноград, Шортанды аудандарында да 9 мектеп пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. «Жайлы мектептерге» қатынау жолы да жайлы болмақ.

Салаға серпін беру үшін асқаралы міндет жүктеліп отырғанымен, шешімін күткен мәселелер де бар. Республикалық және жергілікті бюджет қаражатының жетімсіздігінен кейбір жобалар жеткілікті деңгейде қаржыландырылмай отыр. Бүгінде облыста жалпы құны 200 млрд теңге болатын жобалар дайындалған. Бұл жобалардың аяқталуы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Міне, сондықтан жаңа жобаларды сәл тежей отырып, қарапайым тілмен айтқанда, көрпеге қарай көсілу ойластырылып жатыр.

Көктемгі қызыл су жүрген кезде өңірдің бірқатар жолдары ішінара бұзылды. Оның ішінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдар да бар. Кейін мәселені егжей-тегжей тексеріп, есептей келген кезде қырыққа жуық автомобиль жолдарының кей тұстары бүлінгендігі анықталды. Нақтырақ айтатын болсақ, су шайып кеткен жолдардың ұзындығы 20 шақырым шамасында. Үш көпір бұзылды. Жолболды өзенінің бойындағы Жалтыр – Макинск бағытының жетпісінші шақырымындағы көпір, Қима – Терісаққан бағытындағы көпір және Көкшетау қаласындағы Бәйкен Әшімов көшесінің бойындағы көпір бүлінді. Ақмол – Нұресіл – Талапкер бағытында жаңа көпір салынуы керек. Көктемгі су тасқыны кезінде өңірдің 38 елді мекенмен жол қатынасы үзілді. Бүгінде барлық елді мекендегі көлік қатынасы қалпына келтірілді. Әйтсе де 20 жол учаскесін ішінара жөндеу қажет. Жол қатынасын толық қалпына келтіру үшін қосымша қаржы қарастырылмақ. Облыс әкімдігі Көлік министрлігіне Үкімет қорынан 4,8 млрд теңге бөлу туралы бюджеттік өтінім беріп отыр. Бұл қаржыға Астрахан, Атбасар, Біржан сал, Бұланды, Есіл, Жарқайың, Жақсы, Сандықтау және Целиноград аудандарында 18 жоба жүзеге асырылмақ.

Бар шаруа уақтылы және тыңғылықты жүзеге асырылған кезде тіршіліктің күре тамыры қалпымен соқпақ.

Ақмола облысы