• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Шілде, 2024

Жаңартылған сайлау жүйесі түсіндірілді

126 рет
көрсетілді

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына барып, Жарма, Бесқарағай және Ұлан ауданы аумақтық сайлау комиссияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ аудандық, қалалық және облыстық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары және хатшыларымен семинар-кеңестер өткізіп, ауылдық жас сайлаушылармен кездесті.

Семинар-кеңестер жергі­лікті сайлау комиссиялары мүше­лерінің сайлау және референдум туралы заңна­маны тестілеуден басталды. Тестілеу нәтижелері бойынша Н.Әбдіров сайлау науқан­дарын ақпараттық сүйемелдеу және тағайындау, әкімдер мен мәслихаттар депу­тат­тығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім біл­дірілген адамдарының, байқау­шыларының құқықтары мен мін­дет­тері, сайлау алдындағы үгіт, дауыстарды санау, сайлау мен референдумдар қорытын­ды­л­арын шығару мәселелеріне қатыс­ты оқыту жүргізуді тапсырды.

Кеңес барысында ОСК төр­­аға­сы сайлау жүйесіндегі ауқымды өзгерістерді атап өтіп, 2025 жылдан бастап аудан әкім­дерін сайлауға және биыл күзде шығып қалғандардың орнына мәслихаттардың депутаттарын сайлауға байланысты мәселелерді егжей-тегжей түсіндірді.

Сонымен қатар кеңесте материалдық-техникалық жа­рақтан­дыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықта­рын қамтамасыз ету, сайлау сала­сындағы шетелдік тәжіри­бе мәсе­лелері талқыланып, «Респуб­ликалық референдум туралы» Конституциялық заңға ен­гізілген өзгертулер мен толық­тырулар түсіндірілді. ОСК-ның стратегиялық перспективалары мен басымдықтарына тоқталған Н.Әбдіров: «Бас­ты басымдығымыз – сайлау­шылардың сенімі», деді.

Аудандардың жас сайлаушыларымен кездесулерде ОСК басшысы Қазақстанның жаңар­тылған сайлау жүйесі­нің ерекшеліктері, сайлау сала­сын­дағы өзекті трендтер мен халықаралық тәжіри­бе, басқа елдердегі сай­лаулар мен референдумдарды ОСК халықаралық байқауы туралы айтты. Кез­десулерге қатысушылар сайлау тақырыптарына қатысты бел­сен­ді пікірталас өткізді. Ауыл жастары қызықты пікір ай­тып, түрлі сұрақтар қойды. Мәсе­лен, Жарма ауданының жас маманы Ә.Мейіржанұлы басқа елдердің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне қызығушылық танытса, Бесқарағай ауданында жас заңгер А.Антонова Мажар елін үлгі ете отырып, 16 жастан бас­тап дауыс беруді енгізудің орын­дылығы туралы сұрақ қойды. А.Миятова дауыс беру кезінде студенттерді ықтимал қысымнан қорғау әдістері туралы сұрады. Жас оқытушы С.Ыс­қақова сайлаушылар үшін дауыс берудің баламалы түрлерін енгізу­дің маңыздылығы туралы айтып, олардың, әсіресе қария­ларға ыңғайлылығын атап өтті.

Кездесуде жастар сайлау саласының өзекті мәселелері жайында дәстүрге айнал­ған онлайн-сауалнамаға бел­сенді қатысты. Ал белсен­ді қатысушыларға «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заң­ға түсініктеме, «Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстанның сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монография, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинағының екінші томы тапсырылды.