Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерді сақтап қалу үшін халыққа қажетті нысандардың қаланғаны жөн. Себебі спортқа әуес балалар мен қызметке бейім жастар қатарынан қалғысы келмейді. Осы ретте Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік аулында қос ғимарат бой көтерді. Бірі – әкімшілік болса, екіншісі – заманауи спорт кешені. Ал Ақсу ауданына қарасты Көшкентал аулында көптен күткен Мәдениет үйі ел игілігіне берілді.
Әуелі Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Көпбірлік аулында ұлан-асыр той болды. Қос бірдей қуанышқа кенелген ауыл тұрғындарының мерейі тасыды. Бір ғана ауылдың өзінде ауыз толтырып айтатын жаңалық көп екен. Мәселен, аудан орталығынан алыста жатқан ауылға дейінгі тасжол жөнделіп жатыр. Ерте көктемде басталған жол жасау жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталатын түрі бар. Сонымен қатар ауылдағы ауызсу мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан еді. Міне, осы бір күрделі істің де күрмеуі шешіліп, таза ауызсумен қамтылып отыр. Осындай ілкімді іспен қатар ауылға әкімдіктің жаңа ғимараты салынып, лентасы қиылды.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Елсияр Қанағатов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«Дене шынықтыру мен спорт арқылы ұлт саулығын жақсарту бағытында елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Бүгін ашылып отырған спорт кешені – соның айқын дәлелі. Бұл кешен жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етіп, болашақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығаратынына сенімім мол», деді аудан әкімі Ұ.Досымбеков.
Аудан басшысы жыл бойына істеліп жатқан игілікті істерді саралай келе, ауыл тұрғындары мен ғимаратты салған мердігер компанияға алғысын айтты. Бұдан кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрғазы Жасанов ақ батасын арнады. Әжелер шашу шашып, салтанатты іс-шараның шырайын одан әрі асырды. Әкімдік ғимараты блокті-модульден құрастырылған. Небәрі екі айдың ішінде бой көтерген нысан ауылға көрік беріп тұр. Ішінде ауыл әкімінің жеке кабинетімен қатар мамандардың жеке бөлмелері, келген тұрғындарды қабылдайтын арнайы бөлме және ауылдық кітапханаға да орын бар. Осындай жағымды жаңалықтың куәсі болған ауыл халқы дән ризашылықтарын білдіріп, жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.
Жалпы, Көпбірлік ауылы аудан орталығы Үштөбе қаласынан 180 шақырым жерде. Қызылбалық ауылдық округіне қарасты бұл ауылда 900-ден астам халық тұрады. Жергілікті тұрғындар спорт нысанының іске қосылуын асыға күткен еді. Мердігер компания «Sheber Metall» ЖШС бұл екіқабатты ғимараттың құрылысын 2023 жылы бастап, жуырда пайдалануға берді. Жобаның құны 150 млн теңгені құрайды. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа спорт нысанының аумағы 240 шаршы метрді құрайды. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру клубы құрылып, спорттың күрес, волейбол, баскетбол түрлерінен секциялар жұмыс істейді. Сондай-ақ кешенде 11 штаттық бірлікке сәйкес тұрақты жұмыс орны ашылып жатыр. Кешен заман талабына сай жабдықталған. Енді мұнда ауыл жастары мен жасөспірімдерінің бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік бар.
Ақсу жеріндегі қуаныштың да орны бөлек. Көшкентал аулында көптен есігі жабық тұрған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Іргетасы 1958 жылы қаланған мәдени ошақта талай алқалы жиын өткен. 60-жылдары Қапал ауданында мал басы мыңғырып өсіп, астық қамбаға сыймай, өңірдің даңқы дүркіреп, одаққа танылған. Сол кезде Көшкентал аулындағы аталған Мәдениет үйі аудан көлемінде Сабан той, Шопан той өтетін болған. Сондай-ақ жалпақ жұрт жылды қорытындылау үшін осында жиналған.
Мұнда партия, комсомол ұйымдарының басқосулары өткен. Кейінгі бірнеше жыл бойы Мәдениет үйінің тозығы жетіп, төбесінен су ағып, едені тесіліп, жылу құбыры қирап, жарамсыз болған. Содан амалсыз ауыл халқы жаңа ғимараттың салынуын күткен. Сөйтіп, халықтың тілегі бойынша нысанның күрделі жөндеу жұмысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 310 млн 909 мың теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық мәдениет үйі» МКҚК мен «Азамат Құрылыс» ЖШС арасында 2023 жылғы 22 ақпанда келісімшарт жасалынып, құрылыс жұмысы басталады.
Бүгінде күрделі жөндеу толық аяқталып, техникалық материалдар сатып алынып, әдемі ғимарат пайдалануға дайын тұр. Ауылдағы Мәдениет үйінде 5 үйірме жұмыс істейді. Мәдени ошақты бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан Сырым Жолдыханов мемлекеттік шараларды аталған ғимараттың алдында өткізетінін жеткізді.
«Шыны керек, бұл тығырықтан шығудың жолы еді. Ауа райы сан құбылғанда киіз үй тігіп, шатыр тіккен күндер де болған. Енді қызыл кірпіштен салынған, екіқабатты Мәдениет үйі ауылдың мыңнан аса тұрғынына қызмет етеді. Мәдени ошақтың кітапханасы уақытша басқа жерге көшірілген. Қорында 16400 кітабы бар кітапхана жарық, жылы, кебу залға қайтадан қоныс тепті. Жаңа ғимаратта дабылқаққыш, бейнебақылау камералары бар. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға арналып пандус орнатылған», дейді С.Жолдыханов.
Алыс ауылдарда осындай жайдарман жаңалықтар жиі болсын деген тілегін жолдаған халықтың сөзі орынды. Қазір өңірде болашағы жоқ ауылдар көбейіп келеді. Осындай нысандар сол ауылды сақтап қалу үшін жасалған тағы бір қадам деп ұқтық.
Жетісу облысы