• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Шілде, 2024

Лобстер эффектісі

174 рет
көрсетілді

Серотонин

…Ғылымда «лобстер эффектісі» деген термин бар. Су астында шаян тектес бір мақұлқат өмір сүреді. Қазақша атауы жоқ. Ағылшын мен орыс тіліндегі нұсқасы – лобстер. Дүниедегі әр жәндік, әр мақұлқатты адамзатқа мысал етіп жаратыпты шебер Құдай. Лобстер де өзге жаратылыс секілді жар таңдау, жер таңдау, жем таңдау дейтін мәселеге бас қатырады. Сондай кезеңдерде қысқышын қайрап, қаруын сайлап алдынан тағы бір өзі тектес лобстер шығары анық. Сол шақта бұлардың көзінің алдынан бір химиялық сұйықтық бөлінеді. Ол сұйықтықта лобстердің салмағы, күш-қуаты, дене пішімі туралы бүкіл ақпарат бар. Егер екеуі «тепсініп келгенде тең атаның ұлы» екені анық болса, өліспей беріспейтін жекпе-жек басталады. Өмір болған соң бірі жеңіледі. Біздің айтпағымыз – сол жеңілген лобстердің қайғы баяны. Ол өте қатты күйзеліске түсетіні сондай, жеңілісті қабылдай алмаған миы еріп, жоқ болып кетеді де, орнына бәріне көндіккен, баспақшыл жаңа ми өсіп шығады. Ол осы миы­мен қалған өмірін бұқпантайлап, тас тасалап өткізбек. Дене тұрқы да кіші­рейіп, әруағы қашқан ердей болады. Тіпті өзінен әлжуаз лобстер келіп түртпектесе де, жорта қашып, мінез көрсетуге рухы жетпейді. Біздің бүгінгі болмысымыз осы «лобстер эффектісін» еске түсіреді. Иә, біз кеше жеңілген ұлтпыз. Жеңілген лобстерміз. Бүкіл ұлттық салт-санамызды сақтаған миы­мыз еріп, орнына бордай езілген, өзіндегін мансұқ қылатын, өзгенікін мақтан көретін мишық өсіп шыққан…

…Жеңіліп қалған лобстер мен жеңіс­ке жеткен лобстердің миында химиялық айырмашылық болады. Тіпті жүріс-тұрыстары да өзгеріп шыға келеді. Олардың өз-өздеріне сенімділіктерін нейрондар арасындағы байланысты басқаратын екі химиялық зат – серотонин мен октопамин анықтайды. Жеңіске жеткенінде серотонин, ал жеңіліске ұшырағанында октопамин басымырақ болады. Серотонин деген гармон адам баласында да бар. Қуанғанда бөлінеді. Ең қызығы, жеңіліске ұшыраған лобс­терге серотонин гармонын құйсаңыз, жасып, жалтақ болып қалған лобстер айбарланып, қысқашын қайрап, қаруын сайлап майданға қайта шығады. Менің кейіпкерім Светқали Нұржан ағам да осы жеңілген ұлттың қан тамырына ұлттық рух құямын деп, өр намысын оятамын деп жүрген серотонин емес пе? Ақынның ұйқыға кеткен ой-санаңды селт еткізер жыр-дастандарын, жалпы қаламын сүй­кеп жазғанын, аузын ашып айтқанын ұлт қанына құйған серотонин дер едік. Ол дала кезіп, бағзы баба қазақтың ілімін жиып, түктей қалың Түркі қағанатының, айбарлы Алтын Орданың рухын ел мен ердің кеудесіне құйсам деп шерлі. Асан қайғы бабамыз Қазақ хандығына Жер­ұйық іздесе, Светқали ағамыз жемқор жегілерден мезі болған жұртына Отан іздейді. Өз Отаныңда отырып Отан іздеу қандай қасірет? «Екі Отан» дейтін өлеңінде шайыр:

«Біздің Отан – өртке үйтілу, шарпылу,Сіздің отан: басы – гу-гу, арты – ду.Біздің Отан – өксу менен өкіру,Сіздің отан – ыңырсу мен алқыну.

Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,Сіздің отан – жармақ толған сейфте.Біздің Отан – арман бүрген жүректе,Сіздің отан – жалған күлген кейіпте», деп күңіренеді де, «Басқа жерде Қазақ­стан деген ел бар ма екен? Болса, кетер едім!..» деген Ермұхан Тоғыз­байұлына жыр арнап, өз арманындағы Қазақстан қандай екенін аңғартып, былай дейді:

«Қазақстан бар ма екен – азат қаны?Берілетін жалғансыз таза ақпары,Өз тілінде сөйлейтін қазақтары,Өз мүддесін сатпайтын кәззаптары.Ұлдарының шекпеген азап тәні,Ұрынбаған қыздары мазаққа әлі,Аһ ұрмаған қарттары тозақтағы,Қазақстан бар ма екен – ғажап бәрі?Қазақстан бар ма екен – майлы әкімнен,Қорлық көрмей күн кешкенқайратымен»,деп қиялдағы ғажапстан – Қазақстанды аңсай жырлап келіп,

«Мен де кетем, ағасы, тастап кетпе,Түк шара жоқ торай – тіл,баспақ – бетке.Ондай елдің Балқашы, Аралы аңыз,Дегелеңі үстінде дем аламыз.Еніп тұрып шекара есігінен,Керіп тұрып тынысты кең аламыз.Төгіп тұрып содан соң жасымызды,Осы Қазақстанға ораламыз!»,деп шерленеді.

Кешегі Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев Айт-Ман деп ат қойған Светқали Нұржан ағамыздың кез келген кітабын алыңыз, кез келген бетін ашыңыз, ұлтым деп «ұлып» тұрған жау­һар жыр көресіз. Жығасы жығылған ұлт­тың жалын күдірейтемін деп қарға бойлы Қазтуғандай түн қатқан Айт-Ман ағамызды жеңілген лобстердің яки біздің ұлттың қан тамырына құйылған серотонин дейтініміз осыдан.

Көне кітапқа көз салсаң...

Құранды тыңдап отырған яки оқы­ған адам оның өлеңге ұқсайтынын айтады. Құран түсерден бұрын араб елінде ақындар көп болған екен. Олар да қазақ секілді түйе үстіндегісі төрт ауыз, ат үстіндегісі алты ауыз өлең айтатын болған. Кез келген дау-шар өлеңмен шешілетін. Олар араб тілін әбден жетілдірген еді. Содан кейін барып құран түсті. Яғни Құдай Тағала ақындардың аузымен әуелі араб тілін жүйеледі. Сосын пайғамбарды жіберді. Біз ақыны көп қазақтан енді пайғамбар шығады деп тұрғанымыз жоқ. Әйтсе де біздің ұлттың бір миссиясы бар. Ол миссияны орындау үшін қазақ өзін тану керек. Өзін тану үшін қазақтың бағзы тарихын бітік тастардан оқып, жоқ іздеп жүрген Светқали Нұржан секілді ақынды тану керек. Әлбетте ол үшін биыл Абай атындағы мемлекеттік сый­лыққа ұсынылып жатқан «Көкірегім көне кітапқа» бас қойғанымыз абзал.

«Көкірегім көне кітап.Сұр тысты.Қырық қазына, мың мағынақыртысты.Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,Көздеріңмен қарамашы бір түсті. Оқымай-ақ отқа салма мені сен,Керегіңе жарата алсаң келісем.Залым-сұмнан сағың сынған налаң менАуырсынған жараң болса, бөлісем», дейді сөз иесі.

Асан қайғы Жерұйық идеясын алға тартып, жырымен елді ұйытып, Қазақ хандығы дейтін жаңа бой көтерген ша­ңыраққа бақан болды. Одан берідегі Абай Алашорда идеясын туғызды. Айт-Манның арқалаған аманаты қандай? Бұл берісі қазақ ұлтының, әрісі түркі жұр­тының ділі мен дінін кешегі Қожа-Ахмет Ясауи мен Мәуләнә Руми тезге салып бергендей сақтап, ұрпаққа табыстау. Тәңірі мұратына жеткізсін. Ел президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ­әді­лет­ті Қазақстанның ескі Қазақстан­нан айырмашылығы – рух-бақаны, бүгінгі Қазтуған – Светқали Нұржанға һәм басқа рух шырақшылары мен ұлт зия­лыларына құлақ асқандығында болса керек. Мысықтабандап кірген сәләфизм қазақтың дәстүрін мансұқтап, ата-бабамыз ұстанған жолды жоққа шығарып жатқанда-ақ атқа қонды Айт-Ман. Әм сол аттан әл-әзір түскен жоқ.

Жоғарыда араб елінде ақындық өнер жақсы дамыған дедік қой. Сол ақын­­дардың ішінде Үбәйда деген біреу пайғамбарлық өзіне қонарына қатты сенген екен. Кейін пайғамбарлық әзіз пайғамбар Мұхаммедке қонған соң, оны әжуәлап өлең шығара бастайды. Біраз жылдар өткен соң Мұхаммед (с.ғ.с) оның өлеңдерін тыңдап, «Үбәйда мұ­сылман болуға сәл қалған екен», деп айтты дейді. Алланың елшісіне қас жау болған жанның өзі осындай болса, Тәңі­ріне бойұсынып, елшісіне ерген ақын қан­дай болмақ? Бұл тұрғыдан алғанда да Светқали ағамыздың «ақынмын деп қопаңдап жүргендерден» «десі» ба­сым. Ұлтымыздың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин «Менің жауым – қазақ­тың жауы», деп айтты дейді. Расымен де. Ұлт жолында жанкешті еңбек етіп жатқан ғазиз жүректердің жолына шөңге төсеген әр адам – қазақтың хас жауы.

Сөз иесі Айт-Ман

Светқали Нұржан ағаммен 2011 жылы Қасым Аманжолдың 100 жылдық мерейтойында таныстық. Танысқанда біз барып сәлем бердік. Аты-жөнімізді айттық. Той тарқап, қонақтар қайтып жатқан кез. Телефоным шырылдады. «Мен Светқали ағаңмын ғой. Мақалаңды оқып келе жатыр едім пойызда. Сен біздің жаққа ғана тән сөздерді қолданыпсың. Ол сөздерді қайдан білесің?» деді. Мен қапелімде ештеңе түсінбей, «Өзіміз жақтың сөзі ғой», деп қоямын. «Ал сен ол сөздерді қайдан естідің?» деп індетеді ағам. «Атамнан», деймін. «Атаң кім?». «Атам – Орал. Қырық жыл жылқы баққан. Атақты жылқышы. Түздің адамы». «Бәсе, бұл сөздерді дала кезген адамдар ғана білсе керек», дейді Светқали ағам. Сол заматтан бері мен атамның аузынан шыққан сирек сөздерді қағазға түртіп алып жүретін болдым. Ал сөз мәселесіне келгенде Светқали ағадан бай адам жоқ екеніне тағы сендім. Бір «Есім хан» поэмасының өзінде қаншама көнерген сөз жүр. Жебенің 29 түрінің аты бар. Сөзді білу бар да, оны пайдалана білу бар. Яғни сөз жадқа қонған болу керек. Хал үстінде отырып, жыр саулап келгенде қатталып құйылып түсуі үшін де.

Осы тұста дүниенің сөзден тұраты­нын тағы бір қайталап айтқымыз келеді. Біз әуелде адамның басында ой жара­лып, кейін сөзге айналады деп сенуші едік. Кейін онымыздан айныдық. Себебі адам сөздік атауы жоқ дүниені ойлай алмайды екен. Әр адам жаңа бір сөз үйренген сайын сол сөз айналасындағы ілімге ие болады. (Мысалға, «саба» деген сөзді үйренсеңіз, оның теріден жасалғанын, оған қымыз ашытатынын, қымыздың бие сүтінен жасалатыны, биенің жылқы екені, жылқының жануар екені, тағы сол сияқты қаншама энергиясы бар ой құйылады. Сөз білген адам дүниенің сырын біледі). Осы тұрғыдан алғанда мына дүниеге қосқан біздің ұлттың да үлесі бар. Түркі жұрты танып, сөздік атау берген дүние қаншама? Қазақтың әр сөзі – бір ғылым. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Білім-ғылым қазақтың тілінде жатыр, соны біздің замандастарымыз білсе ғой», деп күйзелетіні бар. Бүгінгі әдебиетте жүрген біздердің өзіміз тіл білмейміз. Басқа қазаққа не дерсіз? Егер сіз баба мазарына түнеп, дала кезіп жүрген Светқали Нұржан деген кісіні көрсеңіз, сөз сұрап алып қалыңыз. Оның «Көкірегі – көне кітап».

Сөз соңы

…Біз Қасым Аманжолдың атакүл­ді­гі – Рақымжан қыстауында тұр едік. Айт-Ман аға сонау Маңғыстаудан арнайы келген. Мен осы ауылдың баласымын. Ол Қасымның әжесі қаздырып, шегендеткен құдыққа тұнжырап қарап тұрып, Қасымның тұманды тағдырын сөз етті. «Қайран Қасым» деп қыстығып сөйлей алмай кідірді де, бабалардан қалған балбал тастай қатты көрінетін Светқали Нұржан ағамыз жылап жіберді. Ол қа­зақтың әр мекенін, әр қыстауын өзінің Көздіойық қонысындай сүйеді. Әр қа­зақ­­тың жақсысының тағдыры – оның жүрегіне қадалған шөгір. Ол біздің ауыл­ға келіп, сол елдің тұрғылықты адамдары, мына біздің өзіміз білмейтін тарихымызды айтып, көзінен жас парлап сөйлеп тұр, берісі қазақ, әрісі түркі жұртының қамын жеген ай таңбалы Айт-Ман.

Кейінгі кезде Абай атындағы сый­лықтың көші түзелгендей сезініп жүрміз. Мемлекеттік сыйлық үлестірудің өзі мемлекет құрылымының қуатты яки әлжуаз екенінің барометрі. Биылғы бәй­геде Светқали Нұржан ағамыздың маң­дайы жарқырап, көмбеден «Көкірегім көне кітап» өтуге тиіс деп ойлаймыз һәм сенеміз.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,ақын, «Айбоз» ұлттықсыйлығының лауреаты