Түлектердің тілегі орындалып, ата-ананың жүрегі орындарына түспей тұрған жоқ па? Шығыс Қазақстанда ҰБТ 5 шілде күні мәресіне жетті.
Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, 16 мамырда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасты. Биыл отандық оқушылар ҰБТ-ны жылына бес рет тапсырды. Оның үшеуі ақылы болса, екі рет бақ сынап көру тегін. Барлық талапкер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесімен грант конкурстарына қатысады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл 3 847 мектеп түлегінің 3 176-сі қатысуға тілек білдірді. Сынаққа кіргендер дайындықтарына қарай жауап беріп, білім деңгейлерін байқасты. Білім саласы мамандарының айтуынша, биылғы тестілеуде ұпай көрсеткіштері былтырғыдан жоғары секілді. Әрине, қорытындысы толық шықпай жатып, нақты мысал келтіру қиын. Десе де, көрсеткіш жаман емес деседі.
– Оқушылар сынақтан сүрінбей өтуі үшін үлкен жауапкершілікпен дайындалғанын байқап жүрдік. Үлкен өмірдегі алғашқы әрі жауапты белес екендерін сезінді. Ұстаздар ұжымы да қолдау білдіріп, барымызды салдық. Өз оқушыларымыз үшін тақым қыстық. Жалпы, облыста ҰБТ қорытындысы жаман емес. Барлығы аяқталған соң көре жатармыз, – дейді Өскемен қаласы, №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубек.
Айтқандай, күн-түн демей бір жыл тестілеуге дайындалғандар жоғары ұпайға қол жеткізіп, қуаныштары қойындарына сыймай жатты. Соның ішінде Тарбағатай ауданы Құйған ауылының түлегі облыста 138 балл жинады. Жоғары балл жинаған ол салмақты байқауларда да жоғары нәтиже көрсеткен. Ендігі арманы – менеджмент және басқару мамандығы бойынша оқуға түсу.
– Мектепте іс-шараларға белсене қатысып жүрдім. Мектеп президенті болдым. Бос уақытымда ән айтып, домбыра тартқан ұнайды. ҰБТ-ға дайындықты былтырғы тамыз айынан бастадым. 2021–2023 жылдары аудандық география пәні олимпиадасынан 1-орын алдым. Жетістігім үшін жетекшім Гүлнар Омарова апайға алғысым шексіз. Қосымша тамыздан маусым айына дейін «juz40_online» курсында білім алдым. Жоғары балл алуым, ең бастысы ата-анамның, мектептегі ұстаздарымның қолдауы және аталған курстың нәтижесі деп ойлаймын. Қазіргі кезде менеджмент және басқару мамандығын таңдап отырмын, – дейді Ерке Тыныбаева.
Сондай-ақ 136 балл жинаған Дана Қажықан Зайсан ауданы Қазақстан орта мектебінің түлегі. Ұлан ауданы Р.Мәрсеков атындағы орта мектебі түлегі Қуаныш Мұхаметжан 135 балды қоржынға салды. Әрине, оқуға түсіп, университет табалдырығын аттағанша, арқаны кеңге салуға болмас. Дей тұрғанмен, жоғары ұпай сенім ұялатады. Оларға облыстық білім басқармасы басшылары да сенім білдіріп отыр.
– Сіздерге жүрегіңізді тыңдап, өзіңізге ұнайтын кәсіпті ғана емес, жалпы өмірдегі бағдарды таңдауыңызға тілектеспіз. Биік шыңдардан көрініңіздер. Ендігі жолдарыңызда жақсы адамдар жолығып, маңызды жетістіктерге жетуді тілейміз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Тағы бір қуанарлық жаңалық, ерекше үлгідегі аттестат иегері, Тарбағатай ауданы «Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп» КММ оқушысы Аяужан Мұратова Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 139 балл жинап, облыс бойынша үздік нәтиже көрсетті. ҰБТ-да қазақ әдебиеті пәні бойынша 50 балдан 50 балл жинады. Аяужан облыстық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. «Ауыл балалары» республикалық олимпиадасында І орын алып, С.Аманжолов атындағы ШҚУ грантын жеңіп алған.
Шығыс Қазақстан облысы