Тараз қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары үш жылдық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары бірнеше бағытта қатынайтын ескі автобустардың орнын су жаңа қоғамдық көліктер басты. Жыл өткен сайын қала халқының саны артып жатқаны анық. Жергілікті атқарушы билік осыны ескерсе керек, бұрынғы шағын автобустардың орнына сыйымдылығы жоғары жаңа қоғамдық көліктерді шығаруды жөн деп тапқан секілді.
Бірнеше күн бұрын көне шаһардың жаңа жолдарымен қатынайтын 15 автобус пайдалануға берілді. Жаңа жол деп бекер айтып отырған жоқпыз. Бір жылдың ішінде облыс орталығындағы ондаған көшеге жаңа асфальт төселді. Бұл – үлкен жұмыс. Әсіресе жаңадан бой көтерген «Ұлы дала» шағын ауданы мен талай жылдан бері тұрғындардың бас ауруына айналған «Бурыл» тұрғын алабындағы біраз көшенің жолы жөнделгені көңіл қуантты.
Су жаңа қоғамдық көліктерді табыстау рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысты. Қалаішілік бағыттар бойынша қатынайтын автобустар «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС жүргізушілеріне бұйырғанын айта кеткен жөн. Ескі көлікті жаңаға ауыстырған олар тұрғындарды тасымалдау үшін заманауи автобустың бұйырғанына қуанышты екенін жеткізді.
«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуынша, Тараз қаласына жеткізілген «Isuzu» маркалы қоғамдық көліктер ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Өзбекстан елінде жасалған екен. Автобустың ұзындығы 9 метрді құраса, сыйымдылығы – 70 адам. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде пандус, бірнеше бейнекамера бар. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырылған.
Ресми дерекке жүгінсек, Тараз қаласына жеткізілген автобустардың 10-ы №29 бағытта қатынайтын ескі қоғамдық көліктерді алмастырса, қалған бесеуі №12 бағытта қатынайды. Бұл өз кезегінде №12 бағыттағы автобустардың жүру жиілігін арттырады. Тұрғындар қоғамдық көлікті бұрынғыдай сарыла күтіп тұрмайды. Қосымша берілген қоғамдық көліктер арқылы №12 бағыттағы автобустардың жүру интервалы 12 минуттан 8 минутқа дейін қысқарады.
Шаһар тізгінін қолға алғалы бері Бақытжан Орынбеков облыс орталығындағы жолдарды жөнге келтірумен қатар, қоғамдық көліктерді жаңалауға басымдық беріп отыр. Қала әкімінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар ілкі сәтке де тоқтамақ емес.
Б.Орынбеков жолаушылар тасымалын жандандыру, тұрғындарды қоғамдық көлікпен толықтай қамту жұмыстары қай кезде де маңыздылығын жоймайтынына бек сенімді. Өйткені дәл осы мәселені ретімен шешу үшін 2023–2025 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бар. Сол жоспарға сәйкес қалаға әр жыл сайын 70 жаңа қоғамдық көлік жеткізіледі. Әйткенмен, осы жылдың алғашқы жартысының өзінде облыс орталығына 80 жаңа автобус келгенін ескерсек, жоспар артығымен орындалды деуге толық негіз бар.
Қалалық әкімдіктің баспаөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, бірқатар бағытты жаңа автобустармен қамту жұмысы жыл соңына дейін жалғаса бермек. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың аяғына дейін тағы да 50 автобус әкелу жоспарланған.
Тараз