• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2024

Аса жұрты аңсаған көпір

163 рет
көрсетілді

Асалықтарды отыз жыл бойы тол­ғандырған мәселе оң шешім тап­­­ты. Жамбыл ауданының ор­та­­­­лығы саналатын Аса ауылы­ның тұрғындары аспалы көпір қа­жет екенін бірнеше жыл бойы үздік­сіз айтып келген еді. Ақыры билік халықтың үніне құлақ асты. Жұрт жылдар бойы талап еткен көпір пайдалануға берілді.

Дерекке жүгінсек, Аса ауылында 13 мыңнан астам халық тұрады. Жергілікті жұрт отыз жыл бойы алты жо­лақты теміржолды төтесінен басып өтіп жүрген. «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деуге шақ қалған бұқара­ның тілегі ақыры орындалды. Енді аса­лықтар теміржолдың арғы бетіне алаңсыз қатынайды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, көпір құрылысын жүргізгендер барлық қауіпсіздік шарасын назарға ал­ған. Мұнда жүргіншілер жолағы қарас­тырылған. Көпірдің биіктігі 6 метрді құраса, ұзындығы 41 метр екен. Бір сөз­бен айтқанда барлық жұмыс стандартқа сай атқарылған.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қомақты қаражатқа салынған кө­пір­ді күтіп ұстаудың маңызы зор еке­нін ­ай­тып отыр. Сондай-ақ ол қауіп­сіз­дік шараларын қатаң қадағалау қажет деп есептейді. Бұл жұмысты Жамбыл ауданы әкімдігі назарға алмақ.

«Балалар қауіпсіздігі назардан тыс қалмауға тиіс. Ауыл тұрғындары ұзақ жыл бойы көтерген мәселе оң шешім тауып, аспалы көпірдің құрылысы жүргізілді. Аудан орталығын мекендеген жергілікті халық енді әрі-бері алаңсыз қатынайтын болды. Осы көпірді күтіп ұстаудың маңызы зор», дейді өңір басшысы.

Жергілікті халық бұл қуанышты ұзақ жыл бойы күткенін айтып отыр. Уәденің үдесінен шығып, көпірді межелі мерзімде пайдалануға берген жергілікті атқарушы билікке деген ризашылықтарын жеткізгендердің қарасы қалың.

«Осы бір өзекті мәселе асалықтарды ұзақ жыл бойы толғандырғаны жасырын емес. Жергілікті жұрт аспалы көпірдің қажеттігін айтудан жалық­қан жоқ. Түптің түбінде билік біздің үніміз­ді естігеніне бек қуаныштымыз. Міне, енді көптен күткен арманымыз ақиқат­қа айналып, риясыз қуанып отырған жайымыз бар. Уәдеде тұрып, көпірді пайдалануға бергені үшін басшылар­ға айтар алғысымыз шексіз», дейді Аса ауылының тұрғыны, ардагер Әбдітәліп Омаров.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сүйенсек, аспалы көпірдің құрылысын жүргізген кезде жергілікті атқарушы билік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қариялардың талап-тілегін ескеріпті. Үлкендердің өтінішіне сәйкес, көпірдің екі жағына жедел саты орналастырылған. Бұл жеделсатыны денсаулығында ақауы бар азаматтар пайдаланып, жолдың арғы бетіне өте алады.

Жамбыл облысы,Жамбыл ауданы