• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 13 Шілде, 2024

Көңіл бөлсе, көлдің сәні кіреді

78 рет
көрсетілді

Көкшенің көркем де келісті, айшықты да ажарлы келбетіне айрықша әсем шуақ дарытып, сұлулығын үстейтін, тос­тағанға құйғандай толықсып жатқан күміс көлдері екені дау­сыз. Бір әттеген-айы, тамаша табиғатты уақы­тын­да аялай білмейтініміздің, бардың бағасын байыптай алмайтынымыздың кесірінен айдындардың жағалауы жүдей бастағаны да шындық.

Сулы, нулы Көкшеде, кең көсілген Қорғал­жын даласында айдын шалқар аз емес. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын жинақта бір ғана Көкшетау өңірінде үлкенді-кішілі 1 515 көл бар екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, сол қи­сапсыз көлдердің 1 320-сының суы тұщы болған екен. Дәл қазір соқаның тісімен жоны жараланып, жотасы жермен жексен бол­ған далада қанша көлдің қалғанын ешкім тап басып айта ал­майды. Міне, табиғатқа деген көз­қарасымыз осындай.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көпшіліктің қолдауына ие болған «Таза Қазақстан» акциясы табиғатты түлетуге сеп­тігін тигізіп жатыр. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарының балық өрістейтін бір­неше көлінің жағалауы акция барысында тап-тұйнақтай тазартылып, күл-қоқыстан арылды. Акцияға 760 адам қатысты. Дені – еріктілер, табиғат пайдаланушылар.

– Жерлестеріміздің төл та­биғатымызға деген жа­на­шырлық пейілі жақсы екен. Жергілікті атқарушы органдар игі­лікті істі тиянақты ұйымдастырып, үлгі бола білді, – дейді «Есіл» об­лыс­аралық бас­сейндік балық ша­руашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.

Осындай білек біріктіріп істеген істің нәтижесінде көл жағалауларынан 55 тонна қоқыс шығарылды. Айдындардан заңсыз салынған жүзден аса ау жиналып алынды.

– Мұндай аулардың таби­ғатқа тигізер залалы өте көп. Браконьерлердің осы бір қаре­кетінен кейін көлдегі балық қырғынға ұшырайды. Кейбір қытай ауларының ұзындығы жүздеген метрге дейін жетеді. Акция барысында жүзеге асы­рылған бір шаруа – осы, – дейді инспекция басшысы.

Бар жұмысқа 191 техника пайдаланылған. Жыл бойы күміс көлдің жағалауына жиналып қалған күл-қоқысты тез тазалау осындай мүмкіндік ар­қылы жүзеге асырылды. Көл жағалауларын тазартып, бітелген бұлақ көздерін аршу, тәртіпке келтіру ісімен бірге адамдардың табиғатқа деген көзқарасын оңалту шаралары да қолға алыныпты. Инспекция мамандары білім ошақтары мен жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқушылары арасында мазмұнды лекция оқыған. Мемлекеттің табиғатқа қатысты ұстанымын жан-жақты талдап, қоршаған ортаға кеселімізді ти­гізбей, саф күйінде сақтап қа­луға тырысу баршаның парызы екенін санасына сіңірген.

Инспекция басшысының пікіріне қарағанда, су айдындарын табиғат пайдаланушыларына беру өте тиімді. Олар өзде­ріне бекітіліп берілген көлдерді кү­тіп ұстайды әрі жұрт болып жұмылған осындай шаруада айрықша белсенділік та­нытып, ортақ іске мол үле­сін қосады. Ю.Тимошенко жетек­шілік ететін «Интеграция Ас­тана» серіктестігі, А.Люфттің «Бы­тығай» шаруа қожалығы, жеке кәсіпкер Г.Гусевскийдің ұжымы белсене жұмыс істеген.

Осылайша, «Таза су айдындары» акциясы шеңберінде Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласындағы шалқар көлдер, бұлқынып аққан бұлақтар бір тазаланып қалды.

Ақмола облысы