Садақтың екі ұшындағы адырнаның ауыздығы кигізілетін тұстан бастап тобыршықтың құйысқанына дейін қатты мүйіз, ағаш, сүйек жасалып, сұғындыра қондырылған бөлікті «сұғын» дейді.
Сұғынның міндеті – садақ атылғанда оққа серпін беру. Қазақтың «серпін беру», «сұғын қадау» дейтін тұрақты тіркестерінің астары осында. Апа-әжелеріміз «Құдайым тіл-сұқтан сақтасын» дейтіні осы сұқ.
Сұғынның құрамы: тұмсығы, мүйіз (ағаш) ауыздық, ауыздыққа бекітілетін адырна тұзағы, сұқтың қобылы, қырлы қанаты, жігі болып бөлінеді. Сондай-ақ керілген адырна қатты ұрмас үшін адырнаның иіні мен басының түйіскен жеріне, сұғынға қапталдастырып ағаш, сүйек, мүйізден жасалған қорғағыш элемент қондырылған. Оны «тобыршық» немесе «тобық» деп атаған. Тобықтың (тобыршық) тағы бір міндеті – оқтың ұшу қарқынын жылдамдату.