• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Шілде, 2024

Таза ауа жұту мұң болды

82 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы кәріз желісінің 73 пайызы тозған. Жарты ғасыр бұрын орнатылған кәріз құбырлары жүйесі жаңғыртуды қажет етеді.

Жалпақ жұрт «Таза Қазақстан» деп эко­логияға мән бе­ріліп жатқанда облыс ор­та­лығының тұрғындары көкірегін керіп, таза ауа жұта алмай пұ­шайман болып отыр. Бұл бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Кейінгі жылдары көпшіліктің көрген күні осы. Биылғы бейнет тіпті ересен. Жаз бойы жауын бір тоқтамай жауып тұр. Облыс орталығының ішіндегі суағарлар мелтектей толып, ағар жол таба алмай, іркілген су көп тұрған соң бор­сып, сасып жатыр. Қала тұр­ғындары қараша, желтоқсан ай­л­арында өкпе-реніштерін біл­діре бастаған. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта көптен қор­даланып қалған мәселе тіпті ушыға түсті. Ылғалдың көптігінен жергілікті халық ауызекі тілде Васильковка, Автогородок деп атайтын шағын аудандар, темір­жол вок­залы мен автобекеттің ма­ңындағы тұрғындар таза ауа жұтудан қалды. Оны айтасыз, дәл орталықтағы №1 мектептің жаны да күлімсі иіске толы. Жүз қадам жерде қалалық әкімдік орналасқан. Арғы жағында, дәл Қопа көлінің жағалауында аузы-мұрнынан шыққан кәріз суы ағып жатыр. «Ақ желкен» қонақүйінің маңы кішігірім көл дерсіз. Кәріз жүйесінен аққан лас, сасық су жиналып, айлап тазартылмай жатыр.

– Далаға шығудан қалдық, – дейді қала тұрғыны Дәнекер Бейсенбаев. – Балаларға обал. Есік алдына шықса тұншығып қала­ды. Терезені де аша алмаймыз. Көл­кіген су жылға таппай тұра ма, Қопа көліне құйылып жа­тыр. Көл тағдырын ойлайтын адам бар ма екен? Онсыз да қоқысқа айналған, батпағы бетіне шығып жатқан су айдынын арамдап бітірдік.

Көлдің арғы жағалауында суға түсіп жатқан адамдарда не сән? Дәл осындай көрініс қаланы қақ жарып өтетін Қылшақты өзенінің бойында да орын алған. Кәріз құбырынан асып-тасып, төгілген су әуелі өзенге құйылып, өзенмен бойлап барып Қопаны былғап жатыр.

– Біздің кәсіпорынның жұмысшылары жаз бойы қолқаны қапқан күлімсі иістің кесірінен жұмыс істеуден қалды. Тұмшалап бетперде кигенімен, септігі шамалы. Киімдері де иістеніп кетеді, – дейді «Үй-жай құрылыс» ЖШС атқарушы директоры Бағлан Алғожин.

Жалғыз бұл кәсіп­орын­ның ғана емес, көр­шілес қаншама еңбек ұжым­­дарының көрген күні осы. Ат­қарушы директор айтқан сөзім дәлелді болсын деп көлкіген суды бей­нетаспаға түсіріп алған. Кәріз желісіне жауапты «Көк­шетау су арнасы» мекемесіне арыз­­данған. Арызында құбырдан ағатын судың күлімсі әрі қы­зыл түсті екеніне дейін көр­сеткен. Ал «Көкшетау су арнасы» мекемесінің жауапты мамандары қаланың бұл аймағын бесінші насос стансасы таза­лайтындығын айтқан. Басты себеп – жауынның көптігі. Кәріз құбыры лай суға мел­тектеп толып қалған.

Арыз­данғалы да айдан астам уақыт өтіпті. Өзгер­ген ештеңе жоқ.

– Біз көрсетілген қызмет үшін ақысын уақытында төлеп отырмыз, – дейді Бағлан Алғожин. – Ал қызмет сапасы көңілден шығатын емес.

Содан соң әлеуметтік желідегі халықтың өкпе-назын көрсетті. Онда қаланың бұл ауданында үш айдан бері күлімсі иіс жайлап кеткені туралы айтылады. Осы бір келеңсіз жайт туралы айтылғанымен, мәселе көте­рілгенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Ең өкініштісі де осы. «Көк­шетау су арнасы» ресми жауа­бында былай дейді. Облыс орта­лығындағы кәріз құбыры 73 па­йыз тозған. Жаңартуға қаржы жоқ. Мекеме әбден тозығы жеткен құбырларды мүмкіндігінше ауыстыруда. Көктемгі су тасқыны кезінде тоғыз насос стансасын су басып қалған. Оның үшеуінде, яғни №2,7,8 кәріз насос стансасының су айдайтын құрылғысы күйіп кеткен. Ал 15-ін күрделі жөндеуден өткізу керек. Штат кестесі бойынша 40 адам жұмыс істеу керек болса, бейнеті мол, берекесі шамалы кәсіпорында 19-ақ жұмысшы бар. 150 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығы мен қала іргесінде екі елді мекенге үш экипаж ғана қызмет көрсетеді. Ал арыз-шағым күн сайын дүмеп түсіп жатыр.

Кейінгі жылдары қа­ла­да жаңа ғимараттар жауыннан кейінгі саңы­рауқұлақтай бой көте­руде. Жарты ғасыр бұ­рын салынған кәріз желісі үстеме жүк молайған соң мүмкіндігі шектеулі болып жатыр. 2019-2023 жылдар аралығында ондаған тұрғын үй кешендері бой көтерді. Тиісінше жүйеге жүктеме еселей көбейді. Көктемгі қызыл су жүрген, жазғы нөсер жауы­н жауған уақытта су өткізетін коллектордың қуа­ты жетпей, кәріз насос стансалары тоқтаусыз жұмыс істей­ді. Сол себепті тозуы да тез. Суа­ғар­лардың бойы да мұншалықты суды кідіріссіз өткізе алмай, облыс орталығының бірнеше жерінде көлшік пайда болған. Ыстықта ақпаған су борсымай тұра ма?

Қала әкімі Бауыржан Ғайса осы мәселе жайында тілшілермен тілдескен кезінде мән-жайды айтып түсіндірді. Әкімнің айтуынша, кәріз құбыр жүйесі түгелге жуық жаңғыртуды қажет етеді. №7 негізгі насос стансасында үлкен апат болған. Бұл апаттың зардабын жоюға жиырма күн уақыт кеткен. Жауынның жиілігінен жерасты суы да көте­рілген. Міне, осы су желіге құйы­лып жатыр. Құм аралас су құ­йылған соң, жүйедегі жол бітеліп, су өткізу қабілеті азая түскен.

Әзірге тығырықтан шығуға жол іздеген қала басшылығы алты насос сатып алуға тапсырыс берген. Егер қаржы облыстан бөлінбесе, жергілікті бюджеттің жа­рытымсыз қаражатына алын­бақ.

– Құбырдағы лас су Қопа көліне құйылып жатқан жоқ, – дейді қала әкімі. – Бұл – жерас­ты суы. Бәлкім құ­быр толып, көзі бітелген кезде арагідік ағатын болуы, әйтпесе күні-түні ағып жатыр деген пікірді қуаттай алмаймын.Қалай болған күнде де жер шоқтығы – Көкшенің орта­лы­ғындағы жағдай алаң­­да­тарлық. Қала халқы күлім­сіген иістен, қаланы бас­қан қоқыстан құтылар күн бар ма екен деп қапаланып отыр. Көкшетау