• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:45

Әнімен әдемі Әуез әулеті

109 рет
көрсетілді

Арман ағаны көптен білемін де­мей­мін. Үнемі жымиып қойып, жан-жағына бағдармен қарай­тын онымен алғаш танысқанда, елдегі көп өнерпаздың бірі болар деп іштей тон пішіппіз. Өйткені ауданның қай іс-шарасында да қобы­зы мен домбырасын арқалап-ақ жүретін. Жо-жоқ, артынша жалғыз Қазалы, Қазалы тұрмақ Қызылорда асып, елге танымал болған «Әуезовтер» ансамблінің жетекшісі екенін білгенде...

Иә, алдымен ансамбль туралы айтпас бұрын...

– Менің әкем Махамбет – Әуез ата­мыздың жалғыз ұлы. Бірақ әжеміз сегіз құр­сақ көтерген. Сол уақыттағы ел ішін­дегі түрлі жұқпалы дерттен бәрі ше­ті­неп, әкем ғана жалғыз өсіпті, – деді бір­де Арман аға. – Қиын заманда атам туған ел – Қазалымен қоштасып, қарақал­пақ елі­­не көшеді. Сондағы Тақтакөпір ауда­ны­­ның Ленин колхозында еңбек етеді. Әкем де осында мектеп бітіріп, 1947 жылы Нүкістегі педагогикалық институт­ты бітіреді. Мұғалім болады. Жалпы, жасы­нан сурет салуға, музыкаға, фотосурет түсі­руге құмар баласына атам Әуез ба­рынша жағдай істеген. Қажеттісінің бар­лығын алып беріп, өнерге бас қойған жал­ғыз ұлдың бетін қақпапты. Домбыра, артын­ша скрипка үйренген әкемсіз той-дома­лық пен мәдени іс-шаралар өтпейтін болған.

Уақытты бері жылжытсақ. Махамбет мұғалім бола жүріп, қарақалпақ елінде Жеңіс анамызға үйленіп, 1957 жылы ел­ге оралады. Оған дейін Зылиха, Рахила, Раманқұл атты үш перзентті болған ол ата-анасымен бірге байырғы атамекен – Қазалыға жетіп, ағайынмен қауышады. Мұнда жүріп Дәрменқұл, Рабиға, Құрман, Арман атты балалары өмір есігін ашыпты.

– Әуелі елді мекенде, кейіннен аудан орталығына көшіп келіп, ұстаздық етеді. Әкем сонда өз мамандығы тарихтан са­бақ бере жүріп, оқушыларын музыка мен сурет салуға баулиды. Мек­теп­тегі та­лантты балаларды жинап, скрип­ка, сырнай, мандолина, домбыра та­ртуды, ән айтуды үйретіп, оркестр де құрады. Сол оркестрмен 1965 жылы облыс орталығы – Қызылордада өткен көркемөнерпаз­дар байқауында бас жүлде алған. Елге кел­ген соң да ауыл аралап, концерт қо­­йып, ­жастар арасында өнер насихатын жүр­­гізіпті. Ал біздің «Әуезовтер» ансаблі қалай құрылды?» десең, бұл бері­­ректе болған оқиға, – дейді Арман Махамбетұлы.

Бүгінгі ансамбль жетекшісінің ай­туынша, 1977 жылдың күзінде Махамбет­тің шаңырағына Қазалы мәдениет бөлі­мінің басшысы Кеңес Асанбаев пен Мәдениет үйінің директоры, режиссер Жәдігер Тұрсынов келеді. Амандық-саулықтан соң олар бірден шаруа жайын айтыпты. Олардың сөзінше, облысқа жақында Қарақалпақ АКСР-дан қонақтар кел­мекші. Солардың бір тобы Қазалыға аял­дамақ. Соған байланысты аудан басшы­лығынан қарақалпақ әндерін орындау керек деген тапсырма бар. Ал қарақалпақ әндерін білсе, Махамбет қана біледі. Сол тығырықтан шығуға көмек сұраған беттері екен.

– Әкем сол уақытқа дейін аудандағы көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оркестр негізін қалап, әлгі екі інісімен етене араласып жүрген соң келісім бер­ді. Бірақ қарақалпақ әндерін тек өз балаларымен ғана орындайтынын айтты. Сөйтіп, екі күн дайындықтан соң келген қонақтардың алдында өнер көрсет­тік. Қазалыда өз әндерімізді естиміз деп ойламаған олар орындарынан тұрып кетіп, бізбен бірге қосыла шырқап, концерт біткенше отырмағаны әлі есімде. Біздің ансамбльдің құрылуы да, алғашқы концерті де осылай басталған еді, – деп өткенді еске алады Арман аға.

Сонда ансамбль құрамында әкесі Махамбет скрипкада, үлкен апасы Зылиха мандолинада, Рахила домбырада, үлкен ағасы Раманқұл баянда, Дәрменқұл бас домбырада, сол кездегі оқушы Рабиға шылдырмақпен қоса ән айтса, Құрман примада, үйдің кенжесі Арман домбырада ойнапты. Ал Жеңіс ана әр концерттік сапар сайын балалардың тілеуін тілеп, үйде отырған. Бір қызығы, дәл сол кезде Махамбеттен бөлек, ұлы Раманқұлда ғана музыкалық білім болса, қалған ұл мен қыз барлық музыкалық аспапты әкеден үйренген.

Отбасылық ансамбль 1978 жылы Қарақалпақ АКСР-да өнер көрсетіп, ҚАКСР Жоғары кеңесінің Құрмет гра­мотасын алады. Ал келесі жылы Мәскеу­де өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылы­ғы жетістіктері көрмесінде 62 өнерлі ұжым арасынан ІІІ орын алыпты. Әуезовтер­ге берілген әділ баға осы болса керек, сол кезде ансамбльдің көркемдік жетек­шісі Махамбет Әуезов қола медальмен наградталса, отбасы мүшелері толықтай лауреат атанған. Айтпақшы, ансамбльдің бүгінгі жетекшісі Арман 1998 жылы Лондонда болып, қазақтың киелі аспабы қобызбен ағылшын тыңдармандарын тамсандырғанын да жаза кетейік.

– Әкем 1983 жылы ауыр науқастан 57 жасында қайтты. Ал шешем берірек 1996 жылы өмірден өтті. Әкемнен кейін ансамбльге ағам Раманқұл жетекшілік етіп, барлығымызды ұйыстыра білді. Оркестр репертуарының жаңаруына үлкен үлес қосты. Ағам да 2012 жылы марқұм болды. Ақыр соңы әкеден қалған ізгі жолды жалғауға мұрындық болу маған бұйырыпты. Мен мектептен соң Шымкенттегі музыкалық училищеде оқыдым. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында «Қобыз» класын бітіріп шықтым. Бәрін айтып қайтемін. Музыка мектебін­де оқытушы болып бастап, аудандық Оқу­шылар үйінің директорына дейінгі түрлі сатыдан өттік. Республика мен ха­лықаралық дәрежедегі бірнеше марапатты да алдық. Бірақ ең басты жетістігім – 45 жылдан аса уақыт елге қызмет қылған «Әуезовтер» ансамблін құлатпай, әуен мен әнін үзбей келе жатқанымыз. Мен бұл үшін барлық бауырыма, сондай-ақ қазіргі жаңа құрамдағы ансамбль мүшелері – әулеттің немере мен жиендеріне мың қайтара алғыс айтамын, – дейді ағынан жарылып Арман Махамбетұлы.

Айтпақшы, былтыр 45 жыл толған «Әуезовтер» отбасылық халықтық ан­самблі әр екі жыл сайын республикалық дәрежеде отбасылық ансамбльдер конкурсын өткізіп келеді. Рас, бүгінде Қа­залы жұрты тік тұрып сыйлайтын әулет­тің әлі де елге берері көп. Уақытпен санас­пай, қазақтың дәстүрлі өнері мен мә­дениетін қастерлеп, ұрпақтан-ұрпақ­қа жеткізе білген Махамбет Әуезов құр­ған отбасылық ансамбліне кейінгі буын жас ұрпақ тек алғыс айта білуі керек.