• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Шілде, 2024

Ойынхананың оңай олжасы опындырады

73 рет
көрсетілді

Әлеуметті әбігерге салған дерттің бірі – лудомания. Құмар ойынға аңсары ауған адамның ойынханадан олжа іздеп кететіні ақиқат. Букмекерлік кеңселерде бәрі де «бір рет бәс тігіп көрейіннен» басталады. Қарапайым халыққа ақпарат таратып жүрген әріптестеріміз де талай рет құмарлық құрбаны болғаны бар. Әсіресе спорт тақырыбын қаузап жазып жүргендердің көбі букмекерлік кеңсеге бас сұқпай кетпейтін. Абырой болғанда бірнеше жыл бұрын Таразда құмар ойын кеңселері жабылып тынды.

Өткен жылы отандық БАҚ-та букмекерлік кеңселерде бәс тігетін азаматтардың саны 350 мыңға жетті деген ақпаратты көз шалған. Осы жылы құмар ойынға аңсары ауғандардың саны 400 мыңға жуық­тады деген дерек бар. Әрине, жақ­сы емес. Олардың барлығы да қал­тафон арқылы бәс тігетіні даусыз. Онлайн ойынның зардабын тартып жүргендер жеткілікті.

Заңсыз ойын бизнесімен күрес өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр? Қай аудандарда заңды белден басқандар көп? Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қанша қылмыстың бетін ашты? Талай отбасы­ның талқанын шығарған лудомания дертіне тосқауыл қоятын кез жетті ме?

«Департамент қызметкерлері өңір бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін жыл сайын анықтап, қылмыстың жолын кесіп жатқаны баршаға мәлім. Мәселен, осы жылы біз­дің өкілдер Тараз және Шу қалала­рында заңсыз ойын бизнесін ұйым­дастыру деректерін анықтаған болатын. Осы деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 307-бабы негі­зінде қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданды», дейді Жамбыл об­лысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бас­шы­сының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мұрындық болуымен өткен басқосуда департамент қызметкерлерінің қырағылығының арқасында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған талай адамның ісі сотқа жолданғаны туралы айтылды.

«5 жыл ішінде департамент қыз­меткерлері заңсыз ойын биз­несін ұйымдастырудың 42 дере­гін анық­тады, нәтижесінде, 38 қыл­мыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын биз­не­сін ұйымдастыру бойын­ша Тараз қаласы көш бастаған. Облыс орталығында 18 дерек тір­кел­ген. Сондай-ақ Шу ауданында 10 дерек анықталса, Қордай ауданын­да 6 дерек тіркелген», дейді ол.

Психологтердің айтуынша, лудомания дертіне шалдыққандарды емдеу оңай шару емес. Тіпті бұл дерт түптің-түбінде тұқым қуалау­шылыққа дейін ұласуы ықтимал көрінеді.

«Сарапшылар ойын дағды­сы бір-бірімен үйлесетін ойынқұмар­лардың бірнеше санатын анық­та­ған. Олардың қатарында невро­ти­калық, импульсивті және симпто­матикалық форма бар. Бұлар­дың ішіндегі ең қауіптісі – симптома­тикалық форма. Адам өз-өзін бақы­лай алмай қалуы ықтимал. Бұл са­наттағы адамдардың құмар ойын­ға деген тәуелділігі уақыт өткен сайын арта түседі. Олардың бойын­дағы құштарлықты жеңу қиынға соғады», дейді психолог Жанар Байгутдинова.

Қоғам үшін мәні зор мәселеге айналған құмар ойынға деген құмар­лықты басатын кез келді. Бұл өткір проблемаға Мемлекет басшысының өзі назар аударғаны көңіл қуантады. Әрине, қолға алған заң толық қуа­тын­да жұмыс істесе, құмарлық құр­бандарының саны азая­тын шығар... Кім білсін...

Ашығын айтсақ, лудоманиямен біз де «ауырдық». Он жылға жуық уақыт букмекерлік кеңсенің ішінде өтіпті. Күні бойы лайв (онлайн ойын) ойнап, қайтар уақытта линияны қарап, бәс тігіп кетіп жүрдік. Қаншама қаражат желге ұшты десеңізші. Ойынханадан оңай олжа іздеп жүріп, талай адаммен таныстық. Әлі де араласып тұрамыз. Олардың біразы кеңселер жабылғаннан кейін құмар ойыннан бас тартқан. Бір қызығы, букмекерлік кеңселерде түнеп жүріп ойнаған бұрынғы «әріптестерден» пікір сұрасақ, атын өзгертуді немесе жазбауды талап етеді. Бұрынғы іс-әрекетіне өкінетін шығар бәлкім. Ол жағын қазбалап сұрамадық.

«Ол кезде Таразда «Фортуна», «Олимп», «Зенит» секілді букмекер­лік кеңселер жетіп артылатын. 2008 жылы құмар ойынға жіпсіз байландым. Бастапқыда ординармен (бір ғана команда немесе спортшыны таңдау) бәс тіксем, кейін ұтылған ақшаны қайтару және плюске шығу үшін экспресс бәс тігуге көштім. Қазір санасам отыз миллионға жуық қаржымнан қағылыппын. Әрине, өзекті өкініш оты өртейді. Он жылға созылған «мансабымның» кеш те болса аяқталғанына қуанамын. Қолдан жасалған әлеуметтік теңсіз­дікті көрдім, отбасымнан айырылдым, қарызға баттым, көлігімді саттым. Бір сөзбен айтқанда, барымнан қағылдым. Қаладағы кеңселер жабылғанда қатты қуандым. Әйтеуір бір құдіретті күш телефон арқылы логинмен ойнаудан бас тартқызды. Соған шүкір етемін. Құмар ойын­нан құтылғаныма 6 жыл толды. Отбасының шырқын бұзатын, жа­қын­дарыңды жадыңнан өшіретін дерт­ке ешкім жуымаса деген тілек бар. Қысқасы, құмар ойын адамға абырой әпермейді», дейді атын жазбауымды өтінген танысым.

Шыны керек, қалада букмекерлік кеңселер тынымсыз жұмыс істеп тұрған жылдары іште жүріп небір тәуекелге барып, бәс тіккендерді көрдік. Су жаңа ұялы телефонын ауыз жарымас ақшаға сатқандар да болды. Бұл әрине, жақсылықтың нышаны емес.

Қалай десек те, құмар ойындар­дың қарқынын түбегейлі бәсеңдетіп тастау қиын секілді. Өйткені кез келген адам телефондағы қосымша арқылы тіркеліп, онлайн ойнай алады. 21 жасқа толғандардың ішінде дәл осылай уақытын өткізіп, қаржысынан қағылатындар аз емес. Одан бөлек, қаржы айналымы жүздеген мил­лиард­қа жеткен букмекерлік кеңсе­лер­дің жарнамасы жер жарып тұр. Ютубты ашып қалсаңыз, солардың жарнамасына кезігесіз. Бұл да жұрт­ты еліртпей қоймайды. Бір аны­ғы – букмекерлік кеңсе ешқашан жеңіл­мейді. Қалтаңды қағады, барыңды алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпей­тін аксиома. Жүздеген спорт түріне бәс тігетіндер осыны жақсы, жіті түсінсе дейміз.

Жамбыл облысы