«Asyl qala» кәсіпорны – Орталық Азиядағы бірден-бір бәсекеге қабілетті өндіріс орны. Астанадағы №1 Индустриялық паркте орналасқан зауытта төсемтас пен жол жиегіне арналған бордюр өнімдері шығарылады. Кәсіпорында 70-тен аса адам жұмыс істейді.
Биыл жыл басында құрылған кәсіпорын құрылысына 9 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. 11 мың шаршы метр жерді алып жатқан өндіріс алаңының басты мақсаты – жол құрылысына, соның ішінде жаяу жүргіншілер жолына қажетті өнім түрлерін дайындау. Сонымен қатар кәсіпорын өз өнімдерін сақтайтын қойма да тұрғызған.
«Asyl qala» брендтік төсемтас құюмен айналысады. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші жоба бойынша өндіріс орны «Даму» қоры және «Halyk Bank» арқылы қаржыландырылды. Қазір тапсырысқа байланысты ауысым санын көбейту ойымызда бар. Егер үш ауысыммен жұмыс істейтін болсақ, онда тағы 90 жұмысшы қажет. Зауытымыз еркін экономикалық аймақта орналасқан соң мемлекеттен де көмек болып отыр, мысалы, салық жағынан жеңілдікпен қолдау көрсетіп келеді. Бұл зауыт жұмысының ілгерілеуіне үлкен септігін тигізді. Екіншіден, жақын арада жобаның келесі кезеңі жүзеге аспақ. Яғни екінші зауытты іске қосамыз. Ол кезде 170 адам жұмыспен қамтылады. Демек алдағы 1-2 жылда зауыт қуаттылығы екі есе артады», дейді кәсіпорын басшысы Жақсылық Есентеміров.
Кәсіпорында істейтін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Ауысым сайын жуынатын бөлме, тазалық мәселесі, арнайы киім қаралған. Сондай-ақ қала орталығынан келушілерге тасымал көлігі жүріп тұр.
20 түсті әрі бір-біріне ұқсамайтын 25 пішінмен 500 түрлі үлгіде төсемтас құятын зауыт өніміне сұраныс жоғары. Басшылық өз мүмкіндігін кеңейтуді ойластырып отыр. Әрі тұтынушы сұранысына орай, қандай түсті төсемтас қажет болса, оны да орындайды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше түрлі пішінде төсемтас шығарып, нарыққа өткізуді жоспарлаған.
«Өнім көлемі – тәулігіне 5 мың шаршы метр. Зауытта төсемтастан бөлек, көше жолдары мен тротуар жиегіне арналған бордюр де құйылады. Отандық өнім болған соң сапаға жіті көңіл бөлеміз. Әр өнімнің жарамдылық мерзімі 4 жылға есептелген. Рас, өнім бағасы тұтынушыға қымбат болып көрінуі мүмкін. Бірақ сапаны алға қойған біздің кәсіпорын өз өнімінің ұзақ мерзімге шыдайтынына кепілдік береді. Ал арзан әрі сапасыз өнім шығарса, онда зауыт жұмысы бірден құлдырайды емес пе? Өйткені еліміздегі құрылыс саласында қыруар жұмыс жүріп жатыр. Зауытқа заманауи үлгідегі жабдықтарды алдыртқанбыз. Жұмыс толық автоматтандырылған. Қазір кәсіпорынның 80%-ы өндірістік қуатқа ие. Бірақ алдағы уақытта жұмыс қарқыны үдей түседі», дейді кәсіпорын директоры.
Айтуынша, барлық өнім нарыққа шықпас бұрын арнайы кәсіпорын зертханасында бір ай бойы сынақтан өтеді. Оң қорытынды берілген соң ғана өндіріс цехына жіберіліп, құйыла бастайды. Сондай-ақ зауытқа қажетті шикізат көзі – өз еліміздікі. Яғни құм мен цемент және басқа қоспалар сырттан келмейді. Бұл да ақшаның сыртқа кетпей, ішкі қаржы айналымына өз септігін тигізері айдан анық.
Тұтынушылар демекші, брендтік төсемтас пен бордюрге көбіне-көп Астана қаласындағы құрылыс компаниялары тапсырыс береді. Сонымен қатар өңірлерден де алушылар жоқ емес. Мысалы, Семей қаласы зауыт өнімін көптен сатып алып келеді. Сондай-ақ туристер көп ағылатын Ақмола облысындағы Бурабай ауданына да түрлі төсемтас жіберіліп жатыр. Ұлытау облысының орталығы – Жезқазғандағы құрылысқа да осы кәсіпорын өнімі жөнелтілген. Петропавлда салынып жатқан теннис орталығына да зауыт өнімі пайдаланылған.