Шекара шебі бос қалды деп аз жазбадық. Айтты-айтпады, шалғайдағы ауылдар қаңырап қалғаны қай-қайсымыздың да жанымызға батқан. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назары Шығысқа ауып, бірқатар ауданның шекарасы қайта бекітіліп, бірқатары аудан мәртебесін алды. Соның бірі Марқакөл өңіріндегі ауылдарға қайта көш құйылып, елдің етек-жеңі жиылып жатыр.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында жаңа құрылған аудандарды дамытуға қосымша қаржы бөлінетіні сөз болды. Қаржы еселеніп, ел іргесі бүтінделіп жатса, Марқакөл ертең-ақ іргелі ауданға айналады.
Естеріңізде шығар, көктем туа Оңтүстіктен отызға жуық тұрғын Шығыс Қазақстан облысына арнайы келіп, ел-жердің жай-күйімен танысқан. Солардың ішінде Марқакөлге бес отбасы мойын бұрып, Ақбұлақ аулына көшіп келді. Олардың орналасуына жергілікті әкімдік қажетті көмек қолдарын созды.
– Марқакөл ауданын аралап, ауылдарды көріп қайтқан едік. Сөйтіп, Ақбұлақ аулы ұнады, мамандығыма сай жұмыс табылды. Отбасымызбен ақылдасып, көшіп келдік. Бес балам бар, үшеуі мектепте оқыса, біреуі балабақшаға барады. Енді біреуі колледжге оқуға тапсырды. Өзім – химия және биология пәнінің мұғалімімін, – дейді қоныс аударған Мереке Керімбекқызы.
Бұл жолы көшпен ілесе жер шалуға келген оңтүстіктің тұрғындарына ұйымдастырушылар Марқакөл өңірін аралатып, шекара шебіндегі ауылдарды тағы таныстырды.
– Жыл басында Шымкент, Түркістан қалаларына арнайы жұмыс сапарымен барып, Шығыс өңіріне көшуге ниет білдірген отызға жуық адамдармен әңгімелескенбіз. Олар мамырда арнайы келіп, Марқакөл ауданын аралап қайтқан. Нәтижесінде, бес отбасы көшіп келсе, тағы бірнешеуі жер көріп қайтуға бекінген. Оңтүстіктен тұрғындарды көшіріп әкелу жұмысын жалғастырамыз. Жалпы, өңірімізге көшіп келушілерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, – дейді облыстық Еңбек мобильдігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар ауданға арнайы квота бөлінген. Қоныс аударуға берілетін бірреттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке теңелді. Демек 258 440 теңге. Бұл – отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді. Бұл сертификат құны 4 282 720 теңгеден аспайтын баспана алуға беріледі.
– Жаңадан құрылған Марқакөл ауданында адам санын көбейту керек. Өзім туған ауылым Ақбұлаққа былтыр да бірнеше отбасының көшіп келуіне септігімді тигізгенмін. Биыл да билік өкілдерімен бірге оңтүстіктің тұрғындарын шығысқа көшіруге атсалысып жүрмін. Көшіп келген тұрғындарды қарсы алып, үйге қажетті заттарын алып бердік, – дейді Ақбұлақ аулының тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров.
Жоғарыда атап өткендей, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында облыстық бюджет талқыланған. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Белбеевтің мәліметінше, 2024 жылға арналған облыстық бюджетті жаңа құрылған аудандар арасында қайта бөлу негіз болған. Катонқарағай және Күршім аудандарының бюджеттерінен 2 992,5 млн теңге беру көзделген. Аталған қаражат Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарын да дамытуға жұмсалады. Сонымен қатар осы аудандардағы мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2 млрд теңге қарастырылған.
Жұмыс тұралап тұрған жоқ. Мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Ең бастысы, оңтүстіктен түзілген көш легі арта берсін. Марқакөлдіктердің де тілегі – осы.
Шығыс Қазақстан облысы,Марқакөл ауданы