• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2015

Келісім моделі таныстырылды

410 рет
көрсетілді

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов БҰҰ-ның Бейбіт жиналыстар және ассоциациялар құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы Майна Киаимен кездесті. Кездесуге, сондай-ақ, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Каппель мен Юрий Тимощенко, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің директоры Наталья Калашникова, Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының меңгерушісі Айгүл Сәдуақасова қатысты. Басқосу барысында БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі таныстырылды. Ералы Тоғжанов өз сөзінде Майна Киаиге ҚХА-ның құрылу тарихы, конституциялық мәртебесі, оның міндеттері мен этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді нығайту бойынша атқарып отырған жұмыстары, ҚХА атынан сайланған депутаттардың қызметтері, Ассамблеяның халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі турасында жан-жақты айтып берді. «ҚХА 1995 жылы құрылды. Оның Төрағасы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның 3 орынбасары бар. Ассамблеяның құрамына елімізде тұратын барлық этностық топтар кіреді. Олар – 130-дан астам этнос пен 17 конфессияның өкілдері.  Ассамблея – конституциялық орган. Оның барлық шешімдерін барлық мемлекеттік органдар міндетті түрде қабылдауы тиіс. Ал, негізінен, ең жоғары шешім Президент қатысатын Ассамблея сессияларында қабылданады. Бұған қоса, ҚХА-ның әрдайым тұрақты түрде қызмет ететін кеңесі бар. Оның қабылдаған шешімдері де маңызды. Қазақстанның қоғамдық келісім моделі БҰҰ-да Бас хатшы Пан Ги Мунның қатысуымен таныстырылды. Бұдан бұрын Пан Ги Мун елімізге жасаған сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен кеңінен танысып, Ассамблеяның қағидаттары БҰҰ-ның қағидаттарына толығымен сай келетіні жөнінде мәлімдеген еді», деді өз сөзінде Е.Тоғжанов. Сондай-ақ, ол бүгінде барлық этностық топтардың өкілдері бірыңғай және тең азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәр­тебеге ие екендігін жеткізді. «Қазіргі таңда Қазақстанда 800-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар өткен жылы 11 мыңнан астам іс-шара өткізді. Жалпы алғанда, Қазақстандағы этностық топтардың құқықтары толықтай қамтамасыз етілген», деді бұл орайда Ассамблеяның Хатшылық меңгерушісі. Майна Киаи өз кезегінде адам құқықтары жөніндегі мә­селелер әрдайым өзінің тікелей өкілеттілігіне жататындықтан, назарда тұратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің қай кезде және қалай құрылғанына, олардың алдында тұрған міндеттеріне, ҚХА атынан сайланатын депутаттарды кім анықтайтыны жөнінде өзін қызықтырған сауалдарын қойды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».