Мохсен Мұхаммади АРАКИ, Дүниежүзілік Ислам мазһабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы: – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу қазіргідей күрделі кезеңде өте қажет. Бүгінде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде теріс ағымдардың іс-әрекеттері кеңінен белең алуда. Сондықтан, экстремистік, террористік бағыттағы ұйымдармен күрес жүргізу үшін қоғамның өзі бірігуі керек. Сондай-ақ, бүгінде кейбір саяси державалар «Әл-Каида», «Ислам мемлекеті» секілді қауіпті ұйымдарға қолдау көрсетіп келеді. Яғни, бұлардың артында супердержавалар тұр. Демек, біз, осындай үдерістердің алдын алудың барлық жолдарын қарастыруымыз керек. Сонда ғана біз олардан төнуі мүмкін алапат қауіптің тамырын түбірімен жоя аламыз. Жалпы, саясаткерлер Сириядағы жағдайды қалпына келтіруге назар аударуы қажет. Себебі, онда қаза тапқан азаматтардың саны күн өткен сайын артып келеді. Ливияда, Иракта, Йеменде де дәл осындай жағдай қалыптасуда. Біз қантөгісті тоқтатып, осы аймақтарда тыныштық орнатуымыз керек. Ал бұл съезд біздің бейбітшілікті орнатуға бағытталған нақты ұсыныстарымызды жариялауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.
Ахмед Жүсіп әл-ДРАЙВИШ, Исламабад халықаралық Ислам университетінің президенті: – Қазақстан тарапынан ұйымдастырылып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені, осындай беделді, әлемдік маңызы бар өзекті мәселелер талқыланатын форумнан аларымыз көп. Жақсылыққа үндейтін, бейбітшілікке шақыратын осындай жиын өткізіп отырған қазақстандықтарға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Меніңше, мұндай ауқымды, халықаралық деңгейдегі жиындарды ұйымдастыруда Қазақстанның тәжірибесі мол. Өзіміз куә болып отырғанымыздай, бұл форум жоғары деңгейде өтуде. Бәрі де талапқа сай. Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстан Президенті – қашанда жақсы бастамалар көтеріп, оны соңына дейін жеткізе білетін қайраткер. Басқасын былай қойғанда, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан съезд жаһандық үнқатысудың беделді алаңына айналды. Бұл, әрине, сіздердің Президенттеріңіздің ерен еңбегінің арқасы. Қазір бұл форумға әлемнің түкпір-түкпірінен аса мәртебелі қонақтар қуана келетін болған. Бұдан біз Қазақстанның абырой биігінде тұрғанын ұғамыз.
Михаил ПОПХАДЗЕ, Грузия православие шіркеуінің протиерейі: – Мен бұл форумнан үлкен әсер алып тұрмын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай форум ұйымдастырып, әртүрлі діндер көшбасшыларының өзара пікір алысуын ұйымдастырғаны – өте ұтымды шара деп санаймын. Сондықтан да мен ол кісіге өзімнің алғысымды жолдағым келеді. Жалпы, үнқатысу сөзі тек саясаткерлер арасында ғана болатын сияқты түсінік қалыптасқан. Іс жүзінде үнқатысу адамзат қоғамының барлық топтары арасында да болуы керек. Соның ішінде дінбасылары да өзара үнқатысудың болғанын қалайды. Міне, бүгін сондай мақсатқа қол жеткізіп отырмыз. Мен осы мәселені бұл форумның үлкен жетістігі деп санаймын. Осындай форумдар, тіпті, жыл сайын өтіп тұрса да артық болмас еді. Одан адамзат ұтпаса ұтылмайды. Өйткені, әркімнің ішіндегі проблемалары қарсыластарына белгілі болса, оның шешілу жолдары да жеңіл болады.
Евальд КРАСОВСКИЙ, Евангелие-лютеран шіркеуінің Ақмола облыстық настоятелі: – Мен өзім барлық конфессия өкілдерін жинап, бәріне бірдей тең мінбер беріп және қоғамда келісім мен төзімділікке қол жеткізіп отырған Қазақстандай елде тұратыныма мақтанамын. Егер біз Құдайды сүйеміз, одан қорқамыз деп үстіміздегі билікке қарсы болсақ, біздің жалғаншы болғанымыз. Біз өзіміздің биліктің берік болғанын Құдайдан сұрап, құлшылық етуіміз керек. Сонымен бірге, билікке көмектескеніміз жөн. Егер маған осы съезде сөйлеуге мүмкіндік берілген болса, мен барлығын да достық пен келісімде өмір сүруге шақырар едім. Оның үлгісі – өздеріңіз келіп отырған Қазақстан. Бізден үйреніңіздер деп айтар едім. Съезд барысында мен өзімнің көптеген діни әріптестеріммен сөйлесіп, пікір алыстым. Олардың бәрінің де біздің елімізге деген көзқарасы түзу, бәрі де Қазақстанның осы жолдан таймай, алға баса бергенін қалайды.