Биыл бірінші жартыжылдықта елдегі қылмыс 4,9%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Жиынға аумақтық және оларға теңестірілген департаменттердің басшылары, орталық аппарат пен аумақтық органдардың жеке құрамы қатысты.
Басқосуда алғаш болып сөз алған комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай биыл ведомство қызметі мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың дұрыстығын қамтамасыз етуге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ жиында комитеттің қадағалау қызметінің нәтижелері, цифрлық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды.
– Жыл басынан бері қадағалау өкілеттіктері мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың дұрыстығын барынша қамтамасыз етті. Бақылау-қадағалау қызметі шеңберінде 1,9 мыңнан астам прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, олар бойынша 6 мың лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Азаматтарға 3 миллионан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ашып айтсақ, 2 016 – мұрағаттар бойынша, 2 905 315 – соттылығы туралы, 230 246 – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анықтама, 19 288 құжаттарға апостиль қойылды, – деді ол.
Жалпы, бірінші жартыжылдықта елдегі қылмыс 72-ден 68 мың қылмыстық құқық бұзушылыққа дейін төмендепті. Оған қоса комитет жетекшілігімен жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы (ВАЖТ) қызметін жалғастырды. ВАЖТ шеңберінде трассалық медициналық-құтқару пункттерін орналастыру және қайта орналастыру бойынша орындарды айқындау әдістемесі әзірленді. Соған сәйкес ЖКО орындары мен жолдардың апаттық қауіпті учаскелері апаттылық картасында көрсетіледі.
Мемлекет басшысының цифрлық және инновациялық технологияларды жаңғырту туралы тапсырмасымен жасанды интеллект мүмкіндігі тек комитет жұмысында ғана емес, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қызметінде де табысты жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе тергеліп жатқан қылмыстық істер туралы деректердің жинақталған цифрлық көлемі негізінде жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен іске қосылады. Біртіндеп электрондық қылмыстық іс шеңберінде тергеушіге белгілі бір жағдайларда кеңес беріп отыратын интеллектуалды көмекші енгізіліп жатыр.
Соңғы жылдары құқық қорғау қызметін цифрландыру қарқыны айтарлықтай өсті. Егер 2019 жылы тергеліп жатқан электрондық қылмыстық істердің үлесі 5% ғана болса, қазір бұл көрсеткіш 95%-ға жетті. Сол сияқты Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізімі (ӘІБТ) электрондық форматта жүргізіледі. Бұл электрондық әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың 96%-ын құрайды.
Қазіргі таңда ӘІБТ-де әкімшілік үдерісті электрондық форматта жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. «Бизнес» ТСОБТ жүйесінде заңсыз тексерулерден сенімді қорғалған. ТСОБТ ақпараттық жүйесі арқылы бизнес субъектілерін бақылаушы органдар тарапынан заңсыз және негізсіз тексерулерден қорғау қамтамасыз етіледі.
Комитет пен оның аумақтық департаменттерінің қадағалау шаралары нәтижесінде 950 заңсыз тексерулердің жолы кесілді. Заң бұзушылықтар үшін 400-ден астам мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары түрлі жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қолдану тәртібінің орталық және өңірлік деңгейде, оның ішінде квазимемлекеттік секторда сақталуын талдау және бақылау қамтамасыз етілді. Статистикалық деректерге жүргізілген талдау көрсеткендей, жыл сайын ел халқының 10%-ы мемлекеттік органдарға жүгінеді (халық саны – 20 млн, жолданымдар – 2 091 865). Жолданымдардың жалпы көлемінің 64%-ы (1,3 млн) орталық мемлекеттік органдарға, 36%-ы (790 мың) жергілікті атқарушы органдарға түскен.
Азаматтар өздерінің өмірлік мәселелерін шешу үшін уәкілетті органдарға жиі жүгінеді, бұл ретте талдаулар мен тексерулердің нәтижелері жекелеген мемлекеттік органдардың қызметінде жүйелі бұзушылықтардың бар екені байқалады. Осы салада 3 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Бүгінде прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, 1,8 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 3 мыңға жуық өтініш берушінің құқықтары қорғалды.
– Нақты мемлекеттік органдар бойынша қадағалау іс-шараларының қорытындылары Президент көмекшісі Е.Н.Жиенбаевтың төрағалығымен өткен кеңестерде тұрақты түрде талқыланып отырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жасанды интеллектті жеделдетіп дамыту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде комитет қолда бар тәжірибелік әзірлемелерді пайдалана отырып, халықтың жолданымдары негізінде Тәуекелдерді мониторингілеу мен болжаудың талдамалық құралын әзірлеп жатыр. Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмаларын іске асыру мақсатында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ақпараттық жүйені жетілдіру, салықтық тексерулер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді тағайындауды міндетті электрондық келісу тетіктерін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыра беретін боламыз, – деді Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай.
Алқа отырысы қорытындысында Комитет пен оның аумақтық органдары қызметінің басым бағытына сәйкес мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың дұрыстығын қамтамасыз ету, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау, оның ішінде цифрлық технологияларды одан әрі жетілдіру жөніндегі нақты міндеттерді белгілеу маңызды екені айтылды.