• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Шілде, 2024

Мыс концентратын өндіретін кәсіпорын

154 рет
көрсетілді

Өңірде өндіріс орында­ры­ның жұмысын жан­дан­дыруға, жаңа кәсіп­орындардың жұмысына жан бітіруге айрықша ба­сымдық беріліп отыр. Кә­сіпкерлік және индус­триялық-инновациялық дамыту басқармасы мамандары келтірген дерекке жүгінсек, осы жылдың бас­тапқы бес айында өнер­­кәсіп өндірісінің кө­ле­мі 330,7 млрд теңгені құ­ра­­ған. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібі саласы бойынша өндірілген өнім 44,4 млрд теңгеге жеткен.

Шу ауданы аумағында ор­наласқан «Шатыркөл» кен байы­ту фабрикасы іске қосылады деген әңгіме біраз уақыттан бері айтыла бастаған еді. Күні кеше ірі кәсіпорын техникалық тұрғы­дан іске қосылды. Жергі­лікті атқарушы билік келтірген дерекке жүгінсек, фабриканың өнім қуаты жылына 98,6 мың тон­на мыс концентратын өндіре алады. Өндіріс ошағының техникалық мүмкіндігі де зор.

«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, мыс концентратын өндіретін кәсіпорын осы жылдың қазан айының аяқ тұсында толық жобалық қуатында жұмыс істейді. Қазір құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалған. Өндіріс ошағы техникалық тұрғыдан алғаш­қы өнімді шығаруды бас­тап кетті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа­дан құрылған фабриканың жұмы­сын жандандыруға жергілікті би­лік тарапынан жан-жақты қол­дау көрсетілетінін айтып отыр. Аудан­дар­дағы атқарушы билік өкілдері де инвес­тор­ларға барынша көмектесуге ниетті.

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сына сәйкес өңірде біршама ірі инвестициялық жобалар қолға алын­ға­ны белгілі. Сол өндіріс ошақтары толық қуатында жұмыс істесе, біздің ұтыл­майтынымыз анық. Мыс концентра­тын өндіретін кәсіпорын шынында да ірге­лі зауыттың санатына кіреді. Жалпы, өңірде жұмысын бастаған кез келген өн­діріс ошағы жергілікті халықты жұ­мыс­пен қамтуға басымдық беруге тиіс. Мұнда да талап сол екенін айта кеткен жөн. «Шатыркөл» кен байыту фаб­ри­­касы үздіксіз жұмыс істеуі үшін жер­гі­лікті атқарушы билік өкілдері қолдан ке­лгенше қолдау көрсетеді», дейді Е.Қарашөкеев.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке жүгінсек, 2024-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылған нәтижелі жұмыстың арқа­сын­да мыңдаған тұрғынды жұмыс­пен қамтуға мүмкіндік тумақ. Ал осы жылы 228,4 млрд теңгеге 1 432 жұ­мыс орнын құру үшін 19 инвес­ти­­циялық жобаны іске асыру көз­дел­ген.

Қандай да бір өндіріс ошағы ашыл­ған кезде жергілікті халық «экологияға зияны жоқ па?» деген сұрақты жиі қойып жататыны бар. «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, өнім өндірудің барлық қауіпсіз жолы қарастырылған. Экологияға ешқандай зиян келмейді.

«Өндірісте мыс кенін байы­ту­дың әлемдегі ең зиянсыз техно­ло­гия­ларының бірін қолдануға бел буға­ны­мыз­ды айта кеткен дұрыс. Шаң тұту тиімділігі 99 пайыз коэф­фициентті құрайтын заманауи аспирация жүйе­сі­нің көмегімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, тасымалдау көлемін азайтудың арқасында жол жиегіндегі шаң айтарлық­тай төмендейтінін ескерген жөн. Сондай-ақ өндіріс ошағына жақын елді мекендер кәсіпорынның әсер ету аймағынан 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Біз­­дің фабрикада техно­ло­гиялық үдерістерді басқарудың жаңа авто­мат­тандырылған жүйесі енгі­зілген. Бұл қадам өз кезегінде жұмыс тиім­ді­­лігін үстемелейді. Сонымен қатар өнер­кәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға айтар­лықтай ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік шараларына айрықша басымдық беріп отырған жайы­мыз бар», дейді «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтір­ген мәліметке сүйенсек, ірі жобаны жүзеге асыру үшін 94 млрд теңге инвестиция салынған. Ал іргелі кәсіп­орында жылына 94 млрд тонна кен өң­деліп, 98,6 мың тонна мыс концентранты шығарылмақ. Концентраттағы мыс­­тың құрамы шамамен 24 пайыз екен. Ал қажетті шикізат «Шатыркөл» және «Жайсан» кен орындарынан алы­нады. Ірі кәсіпорынның құрылыс жұ­мы­сын отандық «AAEngineering Group» ЖШС жүргізіпті. Жаңа жоба аясында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашы­лады. Жауап­тылардың айтуынша, жаңа жұ­мыс орындарының 60 пайызы­нан астамы жергілікті тұрғындарға бұйы­рады.

Зауытта өрт сөндіру депосы, меди­ци­налық пункт, заманауи өрт дабылы, өрт сөн­діру және бейнебақылау жүйесі орна­ластырылған. Сонымен қатар ұсақ­тау-сұрыптау кешені, бас ғимарат, жатақ­хана мен асхана, зертхана, жөндеу-меха­никалық шеберхана, қалдық қой­ма­сы және тағы басқа нысандармен қам­тылған.

Өңір бойынша тау-кен өнеркәсібі сала­­­сында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Жаңар­тылған деректерге сүйенсек, алғаш­қы жартыжылдықта 54,2 млрд тең­г­е­нің өнімі өндіріліп­ті. Көрсеткішті өткен жылмен салыс­тыр­сақ, нақты индекс көлемі 102,8 пайызға жеткен. Ал сала бо­йынша нақты өндірістік өнім кө­ле­­мі­нің үлес салмағы 13,1 пайызды құ­рап отыр.

Ербол Қарашөкеев облысқа инвестиция тартуға ерекше ден қойып отыр. Өзі бастап, жауапты мамандар қош­тап, Қытай еліне арнайы сапармен барып кел­ді. Біраз уақыт бұрын көрші мем­ле­кеттегі тиімді жұмыспен танысты. Өңір­ге инвестор тартудың тың жолдарын қарас­тырды. Алдағы жылдары жаңа жо­ба­лар да өз нәтижесін береді деген үміт басым.

Аймақта тау-кен өндіру өнер­кә­сі­бі­нен бөлек, тамақ өнеркәсібін өріс­тетуге де басымдық беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімдігі кәсіп­керлік және индустриалды-инно­ва­ция­лық дамыту басқармасы мамандары келтірген дерекке жүгінсек, 2027 жылға дейін жалпы құны 90 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Жамбыл облысы