• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2024

Ынтымақтастық пен ықпалдастықты нығайту тетігі

125 рет
көрсетілді

Қазақстан Сыртқы істер министрі­нің бірінші орынбасары Ақан Рахме­туллин Иранның төрағалығымен Теһран қаласында өткен Азиядағы ынты­мақ­­тастық диалогіне (АЫД) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 19-отырысына қатысты.

Бұл маңызды іс-шара Иран Ислам Респуб­ликасының дамуына көп еңбек сіңірген қос шейіт – Президент аятолла Раиси мен Сыртқы істер министрі Амир Абдоллахиан­ды еске алу аясында өткізілді. Қатысушылар Иранның шейіт болған мемлекет қайраткерлері өзара ықпалдастықтың моно­полияланбауына, азия­лық біре­гейлікті іс жүзінде жүзеге асы­руға байыпты да әсерлі қадам жа­сау­ға және көр­шілестік саясатын ұжым­дық даму мен қауіпсіздікке бағыт­тау­ға күш салғаны жөнінде айтты.

Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Али Бақери аймақтық және жаһандық ұйымдарға белсенді мүшелік шеңберіндегі аймақтық интеграция – әлемдік қауымдастықты үстемдік жүйенің зұлымдығынан арылтып, халықаралық сахнада әділеттілікке жеткізуші ретіндегі көпжақты шешім екенін атап өтті.

– 13-үкіметтің Иран Ислам Республикасы мүшелігінің ресім­де­луімен басталған және оларға бел­сенді қатысумен жалғасқан Шан­хай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС тобына ерекше көңіл бөлуін осы тұрғыдан бағалауға болады. Көпжақтылық жолында бірегейлік пен мақсаттарға да назар аудару керек және Азиядағы ынтымақтастық диалогі осы қажеттілікке жауап береді. Бұл Диалогте жаңа державалардың болуы ондағы бірегейлік пен оның жарқын болашағына деген үмітті арттыруға қосымша серпін береді, – деді Али Бақери.

Отырысқа Қазақстан атынан қатысқан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары А.Рахметуллин Азия және Таяу Шығыс өңірлерінде геосаяси шиеленістің өсуі, климаттың өзгеруі, сауда байланыстарының бұзылуы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің төмендеуі жағдайында бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның өңірлік қауіп­сіз­дікті, тұрақ­тылықты нығайту және жанжалдарды реттеу жөнін­дегі халық­­аралық күш-жігерді қолдайтынын растады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бейбітшіліктің, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы дүниежүзілік бірлік» атты жаңа формуласының уақтылығына ерекше тоқталды.

Делегация басшысы Қазақ­станның Биологиялық қауіпсіздік жөнін­дегі халық­аралық агенттігін және штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауған­стан үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ орталығын құру туралы бастамаларына, сондай-ақ олардың толыққанды жұмыс істеуі қауіпсіздік пен даму саласындағы өңірлік және жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге ықпал ететініне қатысушылардың назарын аударды.

Азиядағы «цифрлық және техно­ло­гиялық алшақтықтың» жағымсыз сал­дарын азайту қажеттігін атап өтіп, СІМ бірінші орынбасары АЫД елдерінің сарапшылары мен инвес­торларын технологиялар мен инновациялар саласындағы прак­ти­калық өзара іс-қимыл мақсатында «Астана хаб» платформасын кеңінен пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар бұл жиында 8 айдан астам уақыт болған Палес­ти­надағы гуманитарлық апатқа қатысты ұстанымдары шеңберінде де пікір айтылды. Азиядағы ынты­мақ­­тастық диалогінің мүше­лері әрқайсысы өз кезегінде бұл күр­делі ахуалды тоқтатуға және Газа­ға гуманитарлық көмек жіберуге тырыс­қаны сөз болды.

2001 жылы құрылған Азиядағы ынты­мақтастық диалогі байтақ Азия конти­нентінің кең аймағын қамтиды. Форумға мүше 35 елде әлем халқының жалпы санының 56 пайызы тұрады және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 35 пайызына ие.

Мүше елдер диалог пен серік­тестік арқылы әртүрлі саладағы қарым-қатынастарды дамытуды көздейді. Атап айтқанда – ғылым, коммуникация және байланыс, технология және инновация, кадрларды даярлау және дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық және су қауіпсіздігі, мәдениет және туризм, инклюзивті және тұрақты даму.

Иран Ислам Республикасы 2004 жылы Азиядағы ынтымақтастық диа­ло­гіне мүше болды және оның бел­сенді мүшелерінің бірі. Былтыр қазан айынан бас­тап бұл Диалогке төрағалық Иран Ислам Республикасының марқұм Сырт­қы істер министріне өткен болатын.

Диалогтің мақсатының бірі – «Азия­лық қауымдастық» құру. Азияның мәдени және құндылықтар байлығы, сондай-ақ осы құрлықтағы экономикалық және техноло­гиялық негіздерін ескере отырып, егер конти­ненттегі халықтардың азиялық қоғамға жататын ортақ санасы пайда болса, көптеген игілікке қол жетеді. Ал бұл азиялық елдерді ортақ коалицияларға бірігуге, «Азия одағын» құруға ынталандыра алады. Осы орайда ынтымақтастық диалогі маңызды рөл атқармақ. Бұл ретте адамдар арасындағы қарым-қатынастың ықпалын және осы бағалы мақсаттарды жүзеге асырудағы жеке меншік сектордың рөлін назардан тыс қалдыруға болмайды.

– Иран Ислам Республикасы Диалогке төрағалығы кезінде жоғарыда аталған екі салада жақсы қадамдар жасады. Йезд қаласын «2024 жылғы Азиядағы ынтымақтастық диалогінің туристік астанасы» деп жариялау бірқатар азиялық мәдени-туристік іс-шаралар мен бағдарламаларды өткізуге қолайлы алаң болды. Сондай-ақ биыл Йезд қаласында Диалогке қатысушы елдердің туризм министрлерінің кездесуін өткіземіз және онда министрлер алдағы ынтымақтастықты тағы да талқыламақ. Ал Исфаханда осы жылдың сәуір айында Диалогке мүше елдердің сауда-өнеркәсіп палаталары болашақтағы бірқатар бірлескен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізіп, «Исфахан келісімі» құжатын жария­лады, – дейді Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Али Бақери.

Иран Ислам Республикасының сыртқы саясаты көпжақтылықты, көршілестік пен аймақ арқылы ұжым­дық дамуды қамтитынын айта кеткен жөн. Сондықтан біржақ­ты­лық пен гегемонияға қарсы тұру, аймақтық және аймақтан тыс көпжақты механизмдерді қол­дау ел дипломатиясының басым бағыт­та­рының бірі болып қала бермек.

– Осы себепті біз Азиядағы ынтымақтастық диалогіне төраға­лық ету мүмкіндігін оның диалог пен ынтымақтастық құрылымдарын нығайту және тұрақтандыру үшін пайда­ландық және мүше мемлекеттер мен Диалог хатшылығының қолдауымен бұл бағытта тиімді және оң қадамдар жасадық. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер ми­нистр­­лерінің Теһрандағы отырысы осы шаралар мен бастамалардың кейбірін қарастырып, олар туралы шешім қабылдайды, – деді А.Бақери.

Іс-шара қорытындысы бойынша Теһран декларациясы қабылданды және алғаш рет АЫД «Хатшылығының жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары» мен «Рәсімдер қағидалары» бекітілді.

А.Рахметуллин Азиядағы ынты­мақтастық диалогі отырысы аясында халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ кеңейтілген тату көршілік серіктестікті жандандыру үшін екіжақты ынтымақтастықтың перс­пек­тиваларын талқылау мақсатында Иран Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Али Бақеримен және Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәсе­ле­лер жөніндегі орынбасары Реза Наджафимен екіжақты кездесулер өткізді.

Азиядағы ынтымақтастық диалогі – континенттегі саяси және экономикалық ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бо­йынша диалог, консультациялар, шешімдер қабылдау және консенсус негізінде шараларды жүзеге асыруға арналған мемлекетаралық форум. Форум 2002 жылы 19 маусымда құрылды. Біздің ел бұған 2003 жылы қосылды.