Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында болып, өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға арналып салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады.
Осындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы – назар аударуды қажет ететін негізгі нысандардың бірі. 1963 жылы пайдалануға берілген, секундына 36 текше метр су өткізе алатын су қоймасының 158,6 миллион текше метр су жинау мүмкіндігі бар. Дегенмен қазіргі уақытта су қоймасы шұғыл түрде қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Сенатор аудан тұрғындарымен кездесу барысында осындағы ауылдарға сапалы ауызсу жеткізуге баса назар аударды. Тұрғындар өткен жылы ауызсу мәселесі аса өткір тұрған Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза су құбырын жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленгені туралы мәлімдеді.
«Біз өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселені назарда ұстайтын боламыз. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасын жаңғырту және Түктібай мен Ақтөбе ауылдарына сумен жабдықтау жүйесін салу бірінші кезектегі маңызға ие. Тұрғындардың күнделікті өмірі үшін таза ауызсу – стратегиялық ресурс екені белгілі. Жергілікті атқарушы органдар осы мәселені бақылауда ұстап, бүкіл жұмысты уақтылы және сапалы орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсауы керек», деді сенатор.
Депутат сондай-ақ М.Әуезов атындағы орта мектептің қосымша құрылысымен де танысты. Мектепке қосымша құрылыс салуға бюджет қаржысы бөлінген болатын, ол жаңа ғимарат салуға ғана емес, ескі мектепті күрделі жөндеуге де мүмкіндік береді.