Қазір «Кім жасанды интеллектіні игерсе, сол әлемді билейді» деген тәмсіл шыққан. Цифрлық ғаламдағы сан алуан жаңалықтарды естігенде, сеніп те қаласың. Бұл термин алғаш рет 1960 жылы Америкадағы Массачусетс технологиялық институтында қолданылған. Содан бері ақырын-ақырын ғылымға қадам басып, дендеп енді. Ал дамыған мемлекеттер жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын 2017 жылы бастап кеткен. Енді біздің ел де көштен қалмай, ілгері баспақ.
Алдымен тұжырымдама туралы айтсақ, негізінен мемлекеттердің жасанды интеллектіні қолдану дайындығы «Oxford Insights» әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес еліміз де цифрлық әлеует әрі деректердің қолжетімділігі бойынша жақсы көрсеткіштерге жетті. Ал жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты «пайымдау» көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалған еді. Бұл саланың маңызы ескеріліп, олқылықтың орны толмақшы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ЦДИАӨМ алдағы бес жылдық кезеңге арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Жасанды интеллект комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, тұжырымдаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект экожүйесін құру, экономика және мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу.
– Осы мақсатқа жету үшін Тұжырымдамада келесі бағыттар жеке-жеке қарастырылады: деректер, инфрақұрылым, адами капитал, ғылыми зерттеулер, реттеуші орта және акселерациялық бағдарламалар. Деректер – жасанды интеллект дамуының негізгі элементтерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдардың деректерін Смарт Дата Үкіметке жинайды. Смарт Дата Үкіметке жаңартылып тұратын 93 деректер базасы қосылған. Жинақталған Смарт Дата Үкімет деректері үлкен деректерді терең талдауға және соған негізделген шешімдер қабылдауға кең мүмкіндіктер ашады, – деп ұғындырды ол.
Шегелей түссек, инфрақұрылымды дамыту үшін мына шаралар іске асырылмақ: елімізде суперкомпьютерді орналастыру, халықаралық әріптестік арқылы деректерді өңдеу орталықтарын салу, жасанды интеллект ұлттық платформасын құру және талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту. Қазір халықаралық технологиялық компаниялармен деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша келіссөз жүргізіліп те жатыр. Жасанды интеллект ұлттық платформасы деректер жиынтығы, есептеу қуаты және басқа жасанды интеллект құралдары сияқты қажетті ресурстарды қамтиды. Бұл ресурстар мемлекеттік органдарға, стартаптарға, жоғары оқу орындары мен жасанды интеллект энтузиасттарға қолжетімді болады. Жыл сайын 10 мың талант дайындалады. Оның ішінде 1 мың ЖИ-маман; 100 ЖИ-стартап және 10 ғылыми жоба бар.
– Адами капиталды дамыту шеңберінде жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін кешенді инновациялық инфрақұрылым әзірленбек. Елімізде оқытушылардың қатысуынсыз, «peer-to-peer» әдіснамасына негізделген практикалық оқытуды ұсынатын бағдарламалау мектептерін іске қосу жоспарланды. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді. Зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен ынтымақтастық орнатылмақ. Сонда жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді комитет төрағасы.
Саланы дамытып, халықты кең көлемде тартудың маңызды құралы – «Digital Bridge», «TechCrunch», «WebSummit» сияқты форумдар мен конференцияларға қатысу және оларды ұйымдастыру, демо-күндер өткізу, ғылыми конференциялар, аймақтық роадшоу, көрмелер мен хакатондар сияқты түрлі ұлттық және халықаралық іс-шараларға қатысу. Нысаналы индикатор ретінде жасанды интеллект оқытатын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылы 20 пайыздан 2029 жылы 60 пайызға дейін арттыру да көзделіп отыр.
Оған қоса озық әлемдік тәжірибе негізінде AI технологиясын дамыту мақсатында мәжіліс депутаттарымен бірлесіп «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы әдеп нормаларын қабылдауды, мемлекеттік реттеуді, AI-объектілердің жұмыс істеуінің құқықтық режімін, AI-объектілерді жіктеуді, мемлекеттік қолдау шараларын және AI саласын стандарттауды көздейді. Қазіргі уақытта заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен келісілді. «Жасанды интеллект туралы» заң келесі жылдың бірінші жартысынан кешіктірілмей қабылданады деп жоспарланды.
Акселерациялық бағдарламалар нарықтағы кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі арқылы мультиликативті әсер тудырады. Халықтың барлық тобын барынша кеңінен қамту үшін қазақ тілінде AI дағдыларын оқыту және қазақ тілінде сапалы және ақпараттық контент жасау жөніндегі ауқымды бағдарламаны көздейтін экожүйе құру қажет. Экожүйені дамыту шеңберінде халықаралық компанияларда (Microsoft, Google, Booking, т.б.) жұмыс істейтін отандық мамандардан ұлттық AI құрамасы құрылды.
Жоғарыда аталған жоспарларды іске асыру және экономика секторларында ЖИ-өнімдерін одан әрі кеңінен енгізу ІЖӨ-нің өсуіне елеулі үлес қоспақ.
Жасанды интеллект ғылымға төңкеріс әкелді. Мысалы, Шотланд ғалымдары AI көмегімен 4 300 химиялық қосылысты талдап, жасушалардың қартаюына әсер ететін 21 затты анықтады. Олардың үшеуі ерекше қызығушылық тудырды: гинкгетин, олеандрин және периплоцин. Осы қосылыстар зақымдалған жасушаларды «тазартып», қартаюдан келетін аурулардың алдын алады-мыс. Ғалымдар бұл жаңалықты қартаюдың алдын алу мен бәсеңдету жолдарын табуға басқан үлкен қадам дейді. Айтып отырған жаңалығымыз – жасанды интеллект әлеуетінің бер жағы ғана. Біздің елдің жасанды интеллектісі осындай ғылыми деңгейге көтеріліп, экономиканың өрлеуіне ықпал етуі үшін біраз жыл мен еңбек керек. Ал тұжырымдама – сол мақсаттарға қарай басылған нық қадам бола білді.