• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2024

Көрсеткіш көңіл көншіте ме?

142 рет
көрсетілді

Жаңа Үкіметтің толық құрамы бекітілген күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тапсырма жүктеген еді. Президент жаңадан жасақталған Үкіметке әлеуметтік мәселелерге қатысты түйткілдерді реттеуді табыстағаны да белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасы өңірде қалай орындалып жатыр?

Көмекке зәру отбасылар

«Халыққа көмек береміз деп біз, шыны керек, қоғамда масылдық пси­хо­логияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үде­ріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұра­тын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адам­дарға көмек берілуі қажет», деген Пре­зидент сөзі жадымызда.

Әлеуметтік көмекке мұқтаждық Жамбыл облысында қай деңгейде қалып­тасқан? Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы бұл бағытта қандай жұмыс атқарып жатыр? Президент тапсырмасы орындалды ма? Жауапты басқарма басшысы Еркін Келесов келтірген дерекке жүгінсек, осы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 азаматты қамту жоспарланған. Бұл үшін қазынадан 4,8 млрд теңге қарас­тырылған.

«Осы жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша атаулы әлеуметтік көмек 5 239 отбасындағы 28 044 адамға берілген. Жалпы сомасы 1,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдағы есепті кезеңмен салыстырғанда 22,6 пайызға төмендеген. Нақтырақ айтар болсам, көмек алушылардың саны 8 202 адамға азайған. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда, ай сайынғы қосымша төлемге 980,7 млн теңге қаржы қарастырылып, 15 786 баланы қамту жоспарланған. Осы жылдың 1 шілдесіне АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 8 692 балаға 233,3 млн теңге тағайындалып, толық төленді», дейді Е.Келесов.

Басқарма басшысының айтуынша, еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік кө­мек алушыларды жұмыспен қамтудың бел­сенді шаралары қолға алынған. Бүгін­ге дейін 4,9 мың еңбекке қабілетті азамат жұмыспен қамтылыпты. Сәй­кесінше, көрсеткіш 76,6 пайызға жеткен.

Жоспар мен нәтиже неге алшақ?

Жауапты басқарма басшысы кел­тірген дерекке жүгінсек, бұқараны жұмыс­пен қамту бағытында біршама жұ­мыс атқарылған. Өңірде облыстық еңбек мобильді орталық құрылып, Тараз қаласы мен аудандарда мансап орта­­лықтары ашылған. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, Президент халықты масылдық психологиядан арылту керек­тігін шегелеп тапсырды. Осы орайда, өңірге қарасты аудандар мен қалаларда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Көр­сеткішті орындауда олқылықтар орын алған жоқ па?

«Осы жылы Еңбек нарығын дамы­тудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 33 963 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл жылдық жоспардың 56 пайызын құрайды», дейді Е. Келесов.

Тағы бір дерекке зер салсақ, осы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары ретінде 46 943 орын белгіленген екен. 1 шілдеге дейін 26 867 адам жұмысқа орналасқан. Бұл негізгі көрсеткіштің 57,2 пайызына тең. Ал тұрақты жұмыс орындарының жоспары 31 746 орын болса, орналасқан адамдар 13 507 немесе белгіленген индикатордың 42,5 пайызын құрап отыр. Алғашқы жартыжылдық үшін бұл көрсеткіш біршама төмен. Қалған айларда орындала ма, кім білсін? Бір анығы, басқарма басшысы толық­қанды орындалады деп сендіріп отыр.

Тапсырма 34,5 пайызға орындалған

Осы жылы жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында құрылатын жұмыс орнының саны 67 373 болып белгіленген. Алғашқы жартыжылдықтағы жұмыс нәтижесі 49,6 пайызды құраған, яғни 33 440 жұмыс орны құрылған.

«Жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясындағы жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Облыстың көрсеткіші 49,6 пайыз болса, Тараз қаласы – 45,1, Байзақ ауданы – 45,4, Талас ауданы 49 пайызды құрап, өңірлік көрсеткіштен төмен болып тұр», дейді басқарма басшысы.

Президенттің «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» туралы тапсырмасы қазіргі кезде еліміздің барлық қиырында жүзеге асырылып жатқаны аян. Бұл тапсырма аясындағы жұмыс өңірде қалай жүргізіліп жатыр?

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» мақсатында 14 331 жұмыс орнын ашу жоспарланып, есепті кезеңде 4 947 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 34,5 пайызға орындалды. Талас ауданы – 17,6 пайыз, Тұрар Рысқұлов ауданы – 30,7 пайыз, Тараз қаласы 31,5 пайыздық көрсеткіш көрсетіп, облыстық көрсеткіштен төмен тұр», дейді басқарма басшысы.

Әрине, Е.Келесовтің Президент тапсырмасын орындауға құлшыныс білдіріп отырғаны дұрыс. Өйткені жаңа жұмыс орындары ашылса, екі қолға бір күрек іздеп жүрген жұрт үшін жақсы жаңалық болатыны анық. Әйтсе де, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыс­тан төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудандар мен Тараз қаласын атап көрсеткенімен, өңірлік көрсеткіштің өзі тым мардымсыз екеніне бас ауыртқаны жөн секілді. Жартыжылдық көрсеткіш 34,5 пайыз болғаны – мақтанатын жағдай емес.

«Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеу­меттік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осы­ған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс», дейді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзді екі жыл бұрын айтты. Әкімдерге шегелеп тұрып тапсырма берді. Ал өңірдегі жартыжылдық көрсеткіш бар болғаны 34,5 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл мәселе жергілікті билікті айтарлықтай алаң­датса керек. Жауапты басқарма бас­шылары мен кейбір аудан әкімдері көрсеткішті жедел дұрыстауға кіріспесе, өңірдің жоспарлы тапсырма­ларын орындай алмай қалуы мүмкін.

Жамбыл облысы