Ел экономкасының жетекші саласының бірі ауыл шаруашылығы болса, оның ішінде астық өндіруде ілкімді іс көп. Сондай-ақ бидай немесе өзге дақылдарды экспорттауда да отандық кәсіпкерлердің үлесі зор. Вице-премьер Серік Жұманғарин Ауғанстан, Түрікменстан, Өзбекстан делегациясымен бірге «Бейнеу» астық терминалына барып, оның жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 26 гектар болатын терминал Маңғыстау облысында орналасқан.
«Қазақстан-Түрікменстан» шекарасына тікелей шығатын терминалдың мүмкіндігі мол. Бұл – 8 шақырым теміржол мен өзінің жылжымалы құрамы бар перспективалы логистика хабы. Аталған терминал бір мезгілде 100 тонна астық сақтап, күніне 500 вагонға дейін қабылдай алады. Ал болашақта мұның қуаты күшейе түспек.
Сондай-ақ мұнда тәулігіне 320 тонна ұн мен 80 тонна кебек өндіруге мүмкіндік беретін диірмен кешені бар. Қазір онда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан соң кешенде жалпы қуаты тәулігіне 400 тонна ұн шығаратын екі желі іске қосылады. Ал құрама жемнің тәуліктік қуаты 240 тоннаға дейін ұлғаяды.
Астық терминалында Ауғанстан делегациясының өкілдері, Азық-түлік корпорациясының басшысы және «Бейнеу» терминалының басшылығы терминал арқылы астық жеткізу перспективасын талқылады. Атап айтқанда, еліміздегі бидайды терминал арқылы Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттаудың негізгі және тұрақты бағытын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Мұндай жоспарды іске асыру үшін шекара маңындағы аумақтарда қосымша қойма, үй-жайларын салу және Түрікменстан аумағы арқылы логистиканы жолға қою маңызды. Әрі мүдделі тараптар отандық астықты жеткізудің жаңа экспорттық бағытын құруға ниет танытып отыр.