Еліміз тәуелсіздік алған сонау 90-жылдардың бас кезінде әдебиетімізге бір топ талантты жас келді. Қоғамдық формацияның ауысуы алдында тұрған күрделі шақта «жыл келгендей жаңалық сезіндіріп» келген осы буынның ішінде жазушы, философ Дидар Амантай ерекше көзге түсті. Ұлттық көкжиекті әлемдікпен еркін ұластыра білген Дидар қаламынан классикалық формадан бөлек шығармалар дүниеге келді – жаңа бір танымдар, жаңа тіл, Мүсіреповше қисындар болсақ, «жаңа әуен» туды.
Әдебиетке келудің әркімде өзіндік жолы бар. Дидар әдебиетке әу бастан үлкен дайындықпен келген жазушы. Ұлттық топырағы мықты, әлемдік рухани кеңістікте еркін жүзіп, мәдени-философиялық категориялармен ойлайтын ол алғаш кәсіби философиялық білім алған қазақ жазушысы. Бұл білімі – оның шығармашылығының мықты бір іргетасы. Жазудың тылсым әлеміне деген құштарлығы, бәлкім, бала кезден атасы Қосылбек («Төлеутай ақсақалдың немересі», «Бабалар мен балалар», т.б.) пен әжесі Қазизадан («Бір уыс топырақ», т.б.) басталып, түптің түбінде даналыққа құштарлыққа – Алматыдағы атақты Политехникалық институтты тастатып, Қазақ университетінің философия факультетіне алып келген ол алғашқы әңгіме-новеллаларын студент кезінде жаза бастапты. Бұл факультет жазушы болуды мақсат еткен талантты жастың, бір есептен, дүниетанымдық іргетасын қатайтып, білім аясын кеңейтетін, әр оқиға-құбылыстың мәнін, өмір мәнін ұғынуға ұмтылу дағдысын егетін болуы керек, ал уақытты сезінуі ерекше. Туған әдебиетің бар, әлем бар, өзіңе дейінгі жақсы үлгілерді оқи, сіңіре, зерделей келе өзгеше жазуға саналы түрде осы кезде бел байлағандай. Бәлкім, сондықтан да оның шығармашылығы – «көз алдымыздағы қоғамның кескін-келбеті, Ницше айтып, Энгельс қостаған метафора тәрізді, көше кезіп жүрген уақыттың санамызда қалыптасқан образы, еншіміздегі мезгіл, осы шақ, басымыздағы тұрмыс-жағдай, дәурен, ой-санамыз қабылдаған модуль, былайша айтқанда, кезең көрінісі, дәуіріміздің кейпі».
«Майдақоңыр» кітабының – «P.S. Post Skriptum» алғашқы блогі он жеті новелладан тұратын және басқа да қай-қайсысынан зиялылық есіп, оқырман жанына жарық түсіретін әңгімелерінде «көше кезіп жүрген уақыттың» санадағы бейнесі бар – уақыт атмосферасы, замандастарының аңсар-мұраттары сондай бір бекзаттықпен бейнеленеді. Жазушы кейіпкерлерімен бірге шілдеде ыстық қалада, таулы-тасты, «қасқыр құйрық қарағайлы» орманда өмірдің әрбір сәтінің қайталанбастығынан мән-мағына іздеп, небір сезімдер мен сезінулер, күтпеген финалдар мен тұжырымдар калейдоскобында айналады; оқырман олар – мына дүние-жарыққа шыңғырып келіп, шырқырап кететін пенделердің жан дүниесіндегі арпалыстарды, күрделі қарым-қатынастарды, қуаныш, өкініш, жеңіс пен жеңілістерінің дәмін бірге сезінеді.
Дидар жазудың биік шыңы – поэтикалық проза деп есептейді. Поэтикалық прозадағы ішкі (астар) ойдың бейнелілігі автор ой-сезімінің ашықтығынан туындайды, оны жеткізудің негізгі формасы авторлық ділдік-пәлсапалық сентенциялардың күрделі мән-тұжырымдамалары болып шығады. Дүние-ғалам мен ондағы адамның болмысын қара сөзді жырға айналдыра зерделейтін және еркіндікті сүйетін автор – оқырманға бағыт-бағдар сілтемей, жол көрсетпей, ақыл айтпай, кеңес бермей, тәрбиелемей, керісінше, бостандық, еркіндік, қалау құқын алға тартуды мақсат етеді. Оқырманын мұңға бөлей отырып ізгілікке, жақсылыққа, жарыққа жетелейді.
Дидардың оқырман көкжиегін ұлғайтып, кеңістігін ашатын мәтіндері музыка сияқты. Басы артық ештеңе жоқ, мәтіндер тығыз, өте тығыз, «сөз – нақты, сөйлем – ықшам, әрекет – анық». Қорғасындай ауыр ойларды қауырсындай жеңіл, күрделі де қарапайым жеткізетін «Майдақоңыр» кітабы да жазуындағы әртүрлі стратегияларды бағамдатады. Бір атап айтарлығы, Дидар шығармашылығы – ашық шығармашылық, ол өзінің эсселері мен сұхбаттарында, тіпті көркем шығармаларында осы стратегияларына, өзінің жазу технологиясына жол нұсқайды. Мұның өзі кей-кейде сіз түйген, өзіңізше ұққан мағыналардың күлін көкке ұшырады. Сосын сіз биікке талаптанған өлермен альпинист сияқты өзіңіз діттеген шыңға шығуға қайта қамданасыз. Өйткені Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен дараланады – көркем сөз бен философияның симбиозы. Енді «Көзіңнен айналдым».
Сәбидің топ-топ басып шығып, ең соңында күлімсіреген аяулы жүзімен қарағанына дейін тоқтаусыз түсіріп тұрған объектив. Осы объективте – бір мезгілдегі қат-қабат сезім, қат-қабат ахуал, қат-қабат ой, қат-қабат тарих. Оқиғалар, егер оны оқиға деп айтуға келсе, өтіп жатқан қимыл-қарекеттер оператор объективіне түсіп тұр. Және бұл жансыз кадрлар емес, өте жанды, ділі, тарихы бар кадрлар. Бүгінгі күрделі адам жанының әуені, өз түп-тегіне деген сағынышы, қан-қазынасын іздеп-табу қарекеттері. Бірнеше мағыналық қабатты әңгімеде ерекше бір әуен, ғасырлар қойнауынан жететін әлдебір архетиптер және ұлттық жады бар. Сондықтан да әңгіме аяқталғанда оқырман тұтас бір ғасырлардан өтіп келгендей сезімде қалады. Бұл жалпы Дидар шығармашылығындағы ерекше бір сипат және мұны қалай сезініп-қабылдау, әрине, оқырманның рухани тәжірибесіне байланысты. Автордың өзіне жүгінсек, бұл әңгіме – текст туралы философия көрінісі. «Әлем – текст. Оператор баланың көруі, көзқарасы арқылы әлемді түсіндіріп жатыр. Сонымен қатар «Көзіңнен айналдым» – поэзия, өлең, жыр...». Автор шығармашылығында әр сөйлемді музыкаға айналдырған эстетикасының дөптігі шынында да тұла бойыңды шымырлатады. Қазақ әдебиетіне қандай жаңалықтар әкелуге болады деген жолдағы саналы ізденістердің нәтижесі.
Дидардың қорғасындай ауыр ойларының үп еткен қауырсындай жеңіл қабылданатыны шығармаларының атмосферасына байланысты. Жеке оқырмандық тәжірибеден айтқанда, шығарма атмосферасы табылса сюжет, негізгі тін саналатын тартыс, образды іздеп отырмайсыз. Философ жазушының танымында «атмосфера – шығарманың жаны. Кез келген өнердің, өнерпаздың мұраты – сондай бір нәзік дүние – атмосфераға жету (Осы тұста шамалы ерте дүние кешкен режиссер, Дидардың досы Қайрат Сүгірбеков спектакльдері де еске түседі). Атмосфераны стиль тудырады. Стиль көп оқып, көп жазғаннан қалыптасады. Жазу үшін оқу керек. Атмосферасыз кітап – өлі туынды». Ол көріп жазады. Болмаған, бастан кешпеген нәрсені прозасында жазбайды. Қаһарманымен таныстырмайды, ешқайсысына мінездеме бермейді, оны қарекетін көріп, мінез-құлқының қыр-сырына қанығып, кейін өзіңіз танып аласыз. Дидардың стилі, ұлттық топырақтан құнар алған бейнелі көркем сөзі де жеке зерттеулердің объектісі болуға керек. Қысқа немесе әредік жарты не бір бетті алатын сөйлемдері ішкі ырғаққа құрылады. Бұл ретте ол көркем де бай тілімізді түрлендіріп, жаңа мағына беріп те көркейте түседі.
Қоғамның циклдік даму жолына қарағанда, өнерде, яғни әдебиетте де сапалық өзгерістер шамамен отыз-елу жыл ауқымын қамтиды екен («елу жылда ел жаңа»). Дидар рухтас досы Әмірхан Балқыбек туралы «Мен көрген Энкиду» («Гильгемаш» эпосының кейіпкері) эссесінде «Менің алғашқы әңгімелерімді троллейбустарда оқып, қатты таңғалып келгені бар» дейді. Осы орайда 90-жылдар, Дидардың торкөз қалың екі дәптерге жазылған «Тотықұс түсті көбелек» атты алғашқы романын оқығанда осындай сезімді мен де бастан кешкенім еске түсті. Содан бері отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Шығармашылығын тұтастай қарастырғанда, әдебиетімізге жаңа эстетикалық түзілістер, демек, жаңа эстетикалық сезімдер, жанрлық-стильдік ерекше трансформация әкелген суреткер Дидар Амантай бүгінде әдебиетіміздің көрнекті өкіліне, үлкен тұлғаға айналды. Бұл ретте шығармалары әлемнің он бес тіліне аударылған, шетел оқырмандарының да жоғары бағасын алған жазушының әңгіме, новеллалары, мәдениет құбылысы болған «Гүлдер мен кітаптар», «Мен сізді сағынып жүрмін», «Жарық жолы», тағы да басқа роман-повестері; «Ахмет Байтұрсынов. Тіл мұраты. Болмыс философиясы» эссе зерттеу кітабы, Мұхтар Әуезовтің эпопеясын заманауи талдайтын «Абай жолы»: атмосфера және стиль» көлемді эссесі, бүгінгі әдебиет тынысына сергектікпен жазылған аға-қатарлас әріптестері, талантты жастар туралы көптеген мақалалары, тағы да басқа мәдениеттанушылық, әдебиеттанушылық сан жетпес эсселері мен сұхбаттары әдебиетіміздің құнарлы қазынасы һәм оқырманға заманауи білім көзі.
Суреткер, философ Дидар Амантай – ізгіліктің жаршысы. Ұлы гуманистердің ізін жалғастырушы. «Кейде, біз, қалам ұстаған халық, шам жағып, топ бастап кетіп бара жатқан жоқпыз ба, деп ойлаймын, алдымыз тас қараңғы, соңымыз – жап-жарық. Іздеген ақиқат нұры түнектің ар жағынан сәуле түсіреді, бағытымызды сол белгіге қарап түзетеміз – алыстан келеді. Қателесуіміз мүмкін емес, адасуға рұқсат жоқ... Ізгіліктің сәулесін шашқан қалам тоқтамайды, бойында халықтың күші бар...».
Әдебиетті тағдыры еткен суреткер оқырманын кісілік мектебінен өткізіп, жасампаздыққа бастайды. «Өнерде кісіліктен басқа мақсат жоқ». Парасатты көркем сөзі, қуатты үні бүгінгі қоғамға, ақжолтай жас буынға аса қажет Дидардың құнарлы да рухты, қуатты, заманауи биік талаптарға мейлінше жауап беретін «Майдақоңыр» формасында ұсынылып отырған шығармашылығы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
Алматы