• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Шілде, 2024

Жаңа зауыт салынады

129 рет
көрсетілді

Алматы облысында жаңа инвесторларды тарту, өңірдің инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арттыру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, соның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту – негізгі стратегиялық бағыттар.

 «2026 жылға дейін негізгі капи­тал­ға 4,1 трлн теңге инвестиция және 1,5 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр. 2024 жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғында облысқа келген инвестиция 21 пайызға өсіп, 331,1 млрд теңгеге жетті. Инвесторлар үшін ең тартымды сектор өңдеу өнеркәсібі болып қала береді, оған 2023-2027 жылдар аралығында 835 млн доллардан астам инвестиция салу жоспарланған», деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.

Биыл 6 айда 331,1 млрд теңге көле­мін­де инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда өсім 21 пайызды құраған. 2024 жылға арналған жос­пар – 1 триллион 20 миллиард теңге. Бүгінгі таңда облыс өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі бойынша өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға өсіммен оң динамика көрсетті, бұл 40,2 млрд теңгеден асады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестицияның 20 пайызы тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеруден келеді. Негізгі капиталға салынған инвестицияның негізгі үлесін шағын және орта бизнес алады, бұл жалпы негізгі капитал инвестициясының 81 пайызын құрай­ды.

Осы жылдың I тоқсанының қоры­тындысы бойынша Алматы облысына тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 140,7 млн доллар болды. Өңдеу секторындағы тікелей шетелдік инвестиция үлесі 69 пайыз немесе 96,8 млн долларға жетті.

Бұл ретте аймаққа трансұлттық компанияларды (ТҰК) тарту жұ­мыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Қазір облыста 5 трансұлттық ком­пания жобалау мен құрылыстың бел­сенді кезеңіне өтті.

Тарқатып айтсақ, америкалық «PepsiCo» компаниясы құны 200 млн доллар болатын қытырлақ картоп өндіру жобасын қолға алса, «Focus Logistics» ресейлік «Ozon»-мен бірлесіп, 151 миллион долларға дейінгі сомаға А класындағы қой­маларды салуға кіріспек. Бұл жобалар 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 835 миллион доллардан астам қаражат тартады деп күтіледі.

Жалпы, инвестиция тарту және инвесторларды қолдау, сондай-ақ жаңа жобаларды бастау жұмыстары үздіксіз атқарылып жатыр және ерекше бақылауда.

Осы орайда тамақ өнеркәсібінде алкогольсіз сусындар мен басқа да азық-түлік өнімдерін өндірумен танымал «PepsiCo» трансұлттық корпорациясының өңірде «Lays» картоп чипсы зауытын салу жобасының таныстырылымын өткізгенін айта кетейік. Жаңа зауыттың іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Жылына 16 мың тонна дайын өнім өндіруді көздейді.

«PepsiCo»-ның Беларусь, Кавказ, Орталық Азиядағы жеткізу тізбегін дамыту жөніндегі директоры Конс­тан­тин Федорчук өз сөзінде ком­пания негізінен жергілікті шикі­затты сатып алуға ниетті екенін атап айтты. Осы күні отандық фермерлермен картоптың сынақ партия­ларын жеткізуге келісімшарт жасау жұмыстары басталған. Болжам бойынша 2026-2030 жылдары 66 мың тоннаға дейін картоп сатып алынбақшы.

Алматы облысы