Осыдан бес жыл бұрын Maqsut Narikbayev University бастамасымен жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық пен этика қағидасын нығайту мақсатында академиялық адалдық лигасы (лига) құрылды. Содан бері аталған ұйым өзін әділ және транспарентті білім беру ортасын қалыптастырып, этикалық стандарттарды ілгерілеткен институт ретінде көрсетті. Қазір оның қызметінен барынша адал және ашық академиялық алаң құруға деген ұмтылысты байқаймыз.
Бес жыл ішінде лига 18 университеттің басын қосып, тәжірибе алмасуға, нетворкингті дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыратын маңызды алаңға айналды. Лиганың негізгі жетістіктеріне стандарттар мен академиялық қызметтің әртүрлі бағыты бойынша нұсқаулық әзірлеу, мониторингтер мен аудит жүргізу, оқыту материалдары (бейнедәрістер топтамалары) мен цифрлық платформаларды дайындау және оның халықаралық академиялық адалдық орталығы (ICAI) сияқты беделді ұйымдардағы белсенділігі кіреді.
Бүгінде аталған ұйым Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп, келесі жылға арналған стратегиялық жоспар әзірлеу үстінде. Бұған академиялық адалдық бойынша халықаралық конференция мен семинар өткізу, AIRS 2.0 стандартын (ICAI) енгізу, жаңа цифрлық платформалар дайындау, академиялық этика бойынша дөңгелек үстел ұйымдастыру, қолданыстағы тәжірибелердің мониторингі секілді іс-шаралар өткізу қамтылған.
Қазірден Maqsut Narikbayev University үлгісімен Астана медицина университеті мен Қарағанды медицина университеті өздерінің «Академиялық адалдық дашборды» жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын. «Power BI» негізіндегі бұл құрал әртүрлі өнім көрсеткіші мен академиялық адалдық бойынша есепті тиімді бақылауға және талдауға мүмкіндік береді. Дашборд көмегімен академиялық адалдық деңгейін бақылауға және оны арттыру жолын ойластыруға көмектесетін визуалды есептерді (графиктер, диаграммалар, бағаларды бөлу қисығы) дайындауға болады.
Академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесінің басшысы Нұргүл Маханбаеваның айтуынша, мұндағы жетістік – лиганың халықаралық деңгейде мойындалған серіктес атануы.
«Біздің басты нәтижеміз лиганың штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан халықаралық академиялық адалдық орталығына қосылуы дер едім. Бұл орталыққа әлемнің әр түкпірінен 200-ден астам университет мүше. Ал біздің лига – еліміздегі бұл орталыққа мүше жалғыз ұйым. Сондай-ақ Maqsut Narikbayev University-нің өзі де – аталған орталыққа мүше жоғары оқу орны», деді ол.
Бүгінгі күні академиялық адалдық лигасына қызығушылық жоғары. 10-нан астам университет оған қосылуға ниет білдірген. Лигаға кіргісі келетін оқу орындары барлық ақпаратты алу үшін қолдау көрсететін жобалық кеңсеге жүгіне алады. Қазіргі таңда еліміздегі академиялық адалдықты күшейтумен белсенді айналысатын негізгі екі мемлекеттік ұйым – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қысқасы, біз сөз еткен ұйым Қазақстанның және басқа да елдердің барлық жоғары оқу орындарының академиялық адалдық мәдениетін дамытуға, жоғары білім беру стандарттарына ұмтылуға және білім беру сапасын арттыруға шақырады.