• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2024

Заңсыз үйілген қоқыс көп

89 рет
көрсетілді

Павлодар облысында заңсыз үйілген күл-қоқыс орындары көбейіп кеткен. Бүгінде мұндай орындардың саны 30-дан асады. Депутаттар мен қоғам белсенділері мәселені шешудің жолы қоқысты тегін қабылдау деп отыр.

Заңсыз күл-қоқыс орнының бірі Павлодар қаласындағы Сол­түстік өнеркәсіп ауданында ор­на­ласқан. Мұнда әлдебіреулер құрылыс жұмыстарынан қалған қалдықтарды заңсыз үйген. Ал дәл жанында құм алынатын шұңқыр қазылып, оны қаладағы кәсіпкерлер пайдалана бастаған. Құм алынатын орын да заңсыз пайдаланылып отыр.

Өңірлік экология депар­таменті басшысының орынбасары Мағзұм Қоқымбаевтың де­регінше, арнайы рейдтердің және «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғарыштан тү­сір­ген фотосуреттерінің нәтиже­сін­де заңсыз күл-қоқыс орын­дары уақыт сайын анықталады.

«Мәліметтерді жергілікті ­ат­­қарушы органдарға береміз. Олар жыл сайын рұқсат етіл­­ме­ген күл-қоқыс төгу орын­да­рын жою­мен айналысады. Жыл басынан 7 әкімдікке жал­пы сомасы 1,3 млн теңге айып­­пұл салдық. Ал Павлодар қала­сының өзінде бүгінде 10 заң­сыз күл-қоқыс орны бар. Қо­қыс шығаратын көлік­тер­дің жүр­­гізушілері қаражатта­рын үнем­­деу мақсатында тиеп алған тұр­мыстық және құрылыс қал­дық­тарын жұрт көзінен таса осындай жерлерге төгіп кетеді. Не­гі­зі мұндай қалдықтар қоқысты ақы­лы түрде қабылдайтын поли­гондарға апарылуы керек. Заң­сыз үйілген орындарға қоқыс­ты сырттан келіп ешкім төгіп кет­пейді, оны жасап отыр­ған – қала тұрғындары», дейді М.Қоқымбаев.

Экология мәселесіне жауап­ты жергілікті мекемелердің қыз­меткерлері, полицейлер, депутаттар және «Amanat» пар­тия­сының мүшелері Сол­түстік өнер­кәсіп ауданында орналас­қан заңсыз күл-қоқыс орнында болды. Олар мұндай орын­дарды жоюға бағытталған ұсыныс-пікір­лерін жеткізді. Мәселені талқылай келе депутаттар рұқсат етілмеген күл-қоқыс орындарымен шұғылданатын мониторинг тобын құру туралы шешім қабылдады. Полиция мен олардың көмекшілерінің арқасында қоқысты кез келген жерге төгіп кететіндерді қолға түсіріп, жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.

Қалалық мәслихат депутаты Болат Сүлейменовтің айтуынша, айына екі рет қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерін торуылға шығарып, кезекші патрульдерді жай машиналарға отырғызып қоюға болады. Ал заң бұзушыларды бейнежазбаға түсіріп, көпшілікке көрсеткен абзал. Қала тұрғындары заң бұзушылардың жүзін тануы керек. Ал өзге көлік жүргізушілері мұны көріп, келесіде күл-қоқысты арнайы полигонға апарып төгеді. Заңсыздықпен айналысып жүрген азаматтарды осындай жолмен тәрбиелеу керек.

– Өкінішке қарай, біз көбіне бюджет қаражатын осындай заңсыз күл-қоқыс орындарын жоюға ысырап етеміз. Менің ойымша, бұл қаражатты күл-қоқыс қабылдайтын орындарды субсидиялауға жұмсауымыз керек. Есесіне олар қоқысты тегін қабылдасын. Қоғам көбіне мәселенің салдарымен күресуге үйреніп қалған. Қоқысты ақылы қабылдау жүргізушілерді осыған итермелеп отырғаны анық. Ал айналып келгенде заңсыз төгіл­ген қалдықтарды біз бәрібір қазы­на қаражаты есебінен жоямыз. Сондықтан полигондар қоқыс­ты тегін қабылдайтындай жүйе қажет. Қаражатты соған бөле­йік, – деген ұсынысын жеткізді депутат.

Экология департаментінің өкілдері мұндай мүмкіндікті рес­публикалық деңгейде қарас­ты­рып көруге болатынын мәлім­­деді. Экология министрлігінде утиль алымы мен өзге экологиялық төлемдерден түсетін қара­жат­тарды қажетті бағыттарға тарату мәселесі қаралып жатыр. Бұл қаражаттар «Жасыл Даму» АҚ-да орталықтандырылған. Биыл күл-қоқыс қабылдайтын по­лигондарға қаржы бөліне бас­тауы керек. Қаражат қоқыс ор­нына түскен қалдықтарды өң­деуге және қайта пайдалануға жұмсалады. Бұған қоса бүгінде қал­дықты контейнерге жинағаны үшін полигон иелеріне субсидия төленіп келеді.

 

Павлодар облысы