• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары Бүгін, 11:08

«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді

34 рет
көрсетілді

Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында 2024 жылғы 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауқымды спорттық шараға 10-нан астам елден командалар қатысады. Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы Ресей Федерациясының және т.б. елдердің шабандоздары дүбірлі додада бақ сынайды.

Айта кетерлігі, Қырғызстан құрамасы «Ұлы дала жорығына» қатысатын ең үздік аттарды іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізген.

Қырғызстан Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шақыруды қабылдау үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаларға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», деді М.Сұлтанов.

Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте басталады.

«Ұлы дала жорығына» Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындалып жатыр. «АМД Кавказ» ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов елімізден ат жарысына қатысуға шақырту алғанын атап өтті.

«Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!», деді А.Махов.

Айта кетейік, ат жарысы астанада 7 қыркүйекте аяқталады. Оның жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.

«Ұлы дала жорығы» – жылқының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабороториясы.

Еске сала кетейік, «JORYQ» республикалық федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар Қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және т.б. федерациялар кіреді. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығына белгілі кәсіпкер, меценат, «Алтын Қыран» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы» Исламбек Салжанов басшылық етеді.