• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Шілде, 2024

Жасыл энергия үлесі ұлғаяды

103 рет
көрсетілді

Жыл жылыстаған сайын әлем елдері жаңартылған энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отырғаны белгілі. Ғалымдар жасыл энергияның үлесі ширек ғасырдан кейін 35 пайызға жетіп жығылатынын ашық айтып жүр. Содан да болса керек, өңірде жаңартылған энергия көздерін арттыруға айрықша ден қойылып отыр.

Расында, жаңартылған энергия көздерінің уақыты келгенде толық үстемдік құратынына ешкімнің таласы жоқ. Біраз жыл бұрын білек сыбанып іске кіріскен жамбылдықтар қазіргі таңда жүйелі жұмыстың нәтижесін көріп отыр. Әрине, «жасыл энергияны» өркендетуге ден қойған өңірде атқарылар іс аз емес.

Өңірде күн, жел, су электр стансаларын орнату жұ­мыс­тары талапқа сай жүр­гі­зіліп жатыр. Мәселен, Жуалы ауданы аумағында орналасқан «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі Орталық Азиядағы ең ірі нысандардың қатарына енген. Қазір өңірдің мақтанышына айналып отыр.

Жалпы, жаңартылған энергия көздерін өркендету мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Президент «Әділетті Қазақстанның эко­но­микалық бағдары» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында осы бағыттағы жұмысты ары қарай сәтімен жалғастырудың маңызы зор екенін атап өткен болатын. Өңірде он жылдан астам уақыт бұрын басталған жұмыс қазіргі кезде қарқынды түрде жалғасып жатыр. Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, 2028 жылы өңірдегі жаңартылған энергия көздерін өндіретін стансалардың саны 25-ке жетіп, жалпы қуаты 2,5 ГВт құрайды екен. Әлбетте, бұл көрсеткішке жету үшін өңірге бірнеше әлеуетті инвестордың тартылатыны анық.

Жамбыл облысында қазіргі кезде жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істеп тұр. Оның 6-ауы – су электр стансасы (24,4 МВт), 10-ы – жел электр стансасы (275,6 МВт), қалған 6-ауы күн электр стансасы (251,2 МВт) екенін айта кеткен жөн.

Көрсеткішті шамамен 4-5 есеге дейін арттыру, әрине, оңай жұмыс емес. Ол үшін салаға жауапты мамандар 2028 жылға дейін тынымсыз жұмыс істеуі керек. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы билік жаңартылған энергия көздерін алатын стансалар салуға басымдық беріп отыр. Күн, жел, су электр стансаларын салуға қолдан келгенше жағдай қарастырылған. Жергілікті билік осы бағыт бойынша қолға алынатын инвестициялық жобаларға мүмкіндігінше қолдау білдіруге ниетті.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, алдағы жылдары ЖЭК бойынша 3 ірі жобаны іске асыру көзделген. Нақтырақ айтсақ, Мойынқұм ауданында «Total Eren» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы; «Masdar» (БАӘ) компаниясымен Сарысу және Талас аудандарында қуаты 500 МВт жел электр стансасы және «China Power International Holding Limited» компаниясымен қуаты 500 МВт жел электр стансасын салу бойынша нақты жұмыс қолға алынбақ.

Қазір Жамбыл облысы жа­ңар­тылған энергия көздері стан­саларының жалпы қуаты тұрғысынан еліміз бойынша көш бастап тұрса, нысандар саны бо­йынша екінші орынға жайғасқан. Мұның барлығы жылдар бойы атқарылған жемісті жұмыстың нәтижесі екені анық.

 

Жамбыл облысы