• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Шілде, 2024

Жердің көркі – Меркі

112 рет
көрсетілді

Меркіні жердің көркіне телімей көріңіз. Тауға қарай беттегенде сайын даланың саф ауасы сарайыңды аша түседі. Жасыл кілемдей жайқалған байтақтың көз сүйсінткен пейзажы жаныңа беймәлім бір рахат күй сыйлайды. Дегбірің қашып, межелі жерге жедел жеткің келеді. Желе жортқан төрт түліктің төресі жылқы – даланың сәні. Құлдыраңдаған құлындарының қылықтары да көзге оттай басылады.

«Мен келем тау ішінде

түнделетіп,

Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп.

Астымда ақ боз атым

сылаң қағып,

Жалтақтап құлақтарын

елеңдетіп»,

деп басталатын Сәкеннің «Тау ішінде» әні ойға оралады. Айыр­машылығы сол, экспедицияға шық­­қан тілшілер қауымы ақ боз ат­ты темір тұлпарға алмастырған.

Әудем жердегі биік жартас­тарға сәт сайын жақындап келе­міз. Ал өркеш-өркеш жоталар жасыл құрақты жамылып қалың ұйқыда жатқандай кейіп танытады. Сыңғырлаған бұлақтар біз­ге беймәлім тілде ән салып тұр­ғандай күй кешесің. Ал балғын ауа бойыңды балқыта түседі. Құ­марлана жұтқан сайын мейірің қанатындай.

Жыландай ирелеңдеген жол­дың бір бөлігі артта қалды. «Бүр­кітсай» көз ұшынан алыстап барады. Келесі бір ойпат жерге жет­тік. Әнебір өзеннің тұсын­да­ғы қазақ үйлерден қазақы қо­ңыр тіршіліктің лебі еседі. Түтіні бұлт­қа қарай жөңкілген сақ моншасы тұр. Мұнда мерейлі Меркі­нің туризмін тіктеймін деп ниет еткен Дулат Маратұлы қоныстаныпты. Төрт түлігін өргізіп отыр.

Меркі ауданы әкімдігі ұйым­дас­тырған экспедицияға келген әріптестер Дулаттың тұщымды әңгімелеріне қанықты. Жігіттер «Бүркіт ұя» сайының атауы немен астасып жатқанын білгісі кел­ді. Әңгіме-дүкен құрудан Дулат жалықсын ба? Тәптіштеп тұрып айтып берді. Д.Маратұлы келтір­ген дерекке сенсек, осы маңдағы биік жартастарға қырандар ұя салған. Сол ұядан қанат қаққан «Алатау» атты бүркіттің балапаны бұл күнде Дүниежүзілік көшпелілер ойынында топ жарып, бірнеше рет жүлдеге ілініпті. Құстың төресі жиі ұя салған соң жергілікті жұрт бұл маңды «Бүркіт ұя» деп атаған екен. Табиғат аясында аз кем тыныстаған тілшілер сапары әрмен қарай жалғасты.

«Бүркіт ұяның» табиғаты да көздің жауын алады. Осы маң­дағы шатқалдан оңтүстікке көз жү­гіртсең, Алатаудың көк тіреген шыңдарын көресің. Тарихи жерді халық ауызекі тілде «Ледник» деп атап кеткен. Бауырын жыл он екі ай мұздық басып жататын өлкені жергілікті жұрт «мәңгі мұздықтар мекені» деп біледі.

Меркі өзені осы мұздықтардан бастау алады. Тілшілер де Алатау­дың ақ бас шыңына айналған мұз­дықтарды көруге асығып отыр. Сол арқылы Алатаудың бөктерін­де орналасқан Меркі ауданының тылсымға толы, тарихи жәдігер­ге бай табиғатын көзбен көргісі, түйсікпен сезінгісі келеді.

Ел ішінде «тамыз айында қары құрттайды» деп айтылатын мұз­дықтарға жету – оңай іс емес. Жол­дың мехнаты ауыр. Жолдың бел­гілі бір бөлігі артта қалғанымен, қалған төрт шақырымды жаяу жүріп өту керек. Тәуекел етпей іс бітсін бе? Атмосфералық қысым өзгергеніне қарамастан, журна­листер қалған жолды жаяу жүріп, артта қалдырды.

Мұндағы табиғаттың сұлу­лы­ғын сөзбен суреттеу мүмкін емес секілді. Көздің жауын алатын пейзаж тұңғиығына тарта түседі. Ал тамыз айы келгенде қар­дың құрттауы табиғаттың тыл­сымы емей немене? Біз солай топ­шыладық. Бәлкім ақылы асқан ғалымдар бір байлам жасар. Уақыты келгенде толығырақ түсіндірер.

Мұндағы аспантектес шың­дар­дың ортасы жазық келгенімен, маңайын сірескен мұз басып тұр. Ал екі шатқалдың ортасындағы кимешек киген кейуананың кел­беті ойыңды сан-саққа жүгірте­ді. Құдайдың құдіреті демей көр мұны. Мұз құрсауындағы табиғат тамашасының кірпік қақпай тұрған күзетшісі ме дерсің.

Әрлі-берлі жүргенде өзен-бұлақтардың дауысы мен тау ауа­сынан сан түрлі дыбысты құла­ғың шалады. Тылсымға толы таби­ғаттың тамашасы таңдай қақ­тырады. Мұздықтардың маңына барғанда адам жаны беймәлім бір ғажап күй кешеді.

Меркіні жұрт неге «жердің көр­кі» дейтінін осындайда түсі­несің. Экологиялық туризмді да­мытуға арналған өлкенің тап өзі. Экстремалды туризмді өркенде­ту­ге де сұранып тұрған секіл­ді. Дерекке сенсек, мұнда кісі таба­ны тимеген ондаған шың бар көрінеді.

Жергілікті биліктің қарап жа­туға уақыты жоқ. Тәңір тарту ет­кен тамаша аймақта түрлі іс-шара­лар өткізіп, туристік орталыққа айналдыруға қамданып отырған сыңайлы.

Аудан әкімі Жорабек Баубе­ковтің айтуынша, Меркі жерінде этнографиялық, экологиялық ­жә­не экстремалды туризмді өр­кен­дету бойынша жұмыстар қол­ға алынып жатыр екен. Мұнда­­ғы шатқалдарының етегінен бас­тап, сонау тау төбесіндегі жайлау­лар­ға дейін орналасқан киіз үйлер мен демалыс орындарын, этноауылдарды көріп, бірінші бағыт бо­йынша жұмыс жолға қойылғанын бағамдау қиын емес. Жорабек Нұрмергенұлы демалыс күндері таулы аймақтағы демалыс орындарына 2 500-3 000 аралығында демалушылар көтерілетінін айтып отыр.

Мұнда экологиялық туризмді дамыту мақсатында өлкенің табиғи келбетін сақтау, адами факторлар­ға жол бермеу жұмыстары назар­ға алынған. Аудан әкімінің сөзі­не сүйенсек, таулы аймақтағы орман шаруашылығына қарас­­ты 103 мың гектар алқаптан Ұлттық саябақ ашу жұмыстары басталып кеткен, қазір құжатын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұлттық парк тыныштық айма­ғы, шаруашылық аймағы және туристік аймақ сынды 3 бө­лік­­тен құралады. 32 мың гектар­ды құ­райтын тыныштық аймағында қар барысы, арқар, ұлар сынды Қа­зақстанның «Қызыл кітабына» ен­ген және тағы басқа да сирек кез­десетін аң-құстардың көбе­юі­­не жағдай қарастырылмақ. Ша­руа­шылық аймағына жаз айларында төрт түлігін құмда қыстат­қан малшы қауым көтерілетін бол­са, туристік аймақта этностильде демалыс орындарын, бизнес нысандарын құруға ниет білдірген ­инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек.

Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы Меркіде үш күн­дік республикалық альпинис­тер фестивалі өткізіліпті. Еліміз­дің әр қиырынан келген альпинис­тер мәңгі мұздықтардағы биіктігі 3 мың метрден асатын 4 шыңды жаңадан бағындырып, оларға жаңа атау берген.

Бұл аудан басшылығының Меркі­дегі экстремалды туризмді да­мыту мақсатында қолға алған іс-шаралардың бастамасы екен. Был­тыр басталған фестиваль дәстүрлі түрде биыл да жалғасын табады. Аудан әкімінің айтуынша, Меркінің мәңгі мұздықтарында әлі бағындырылмаған биіктігі 3 мың метрден асып, 4 мың метрге барып жығылатын 20 шың бар. Осы шыңдарды бағындыру мақсатында альпинистер фестивалі тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

Меркі десе, Қарақыстақ үстір­тіндегі Көккөл туралы сөз қозға­мау мүмкін емес. Экспедицияның соңғы күнінде тілшілер құпиясы көп көлге барды. Орталықтан көл­ге дейінге аралық 150 шақы­рым­ды құрайды. Оған баратын бірнеше бағыт болғанымен, ұйымдастырушылар Ойранды арқылы көтерілгенді жөн деп тауыпты.

Әулиекөл жайында ондаған ма­қала жазылған. Әйткенмен Көк­көлдің құпиясы әлі күнге ашыл­ған жоқ. Білетіндер көлдің зүмі­рет суы түпсіз тереңде де­седі. Меркіліктердің айтуынша, мұнда беймәлім бір мақұлық­тың мекендейтіні туралы әпсана тараған. Тіпті үстінен ұшқан құс та, жағасына жақындаған аң да, ­су ішуге барған малдың да ғайып­тан жоғалып кететіні туралы аңыз жеткілікті.

Бір қызығы, мұнда Әулие­көл­мен қатар, «Тамырлы көл», «Сары көл», «Бұзылған көл», «Астау көл» деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бірқалыпты, дең­гейі өзгермейді. Бұл көлдер туралы ел ішінде айтылатын мың түрлі әңгіме бар демесек, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмаймыз.

Ол аз десеңіз, Қарақыстақта­ғы VІІ-VІІІ ғасырларға тұспа-тұс келетін мешіт пен медресенің орын­дары, Қарақыстақтағы Қош­қартас, Қалмақия, Үлкен Әулие шоқы, Кіші Әулие шоқы, Сандық жайлауларындағы балбал тастар, көне түркілер сыйынған қасқырдың басы бейнесіндегі дүние жүзінің картасы сынды көп­теген тарихи жәдігерді Меркі тау­ларынан көптеп кездестіресіз.

Мұнартқан Меркінің шатқал­дары сәт сайын алыстап барады. Қарай-қарай көз тойған, көңіл тояттаған сұлулыққа деген іште бір қимас сезім бар. Қыр-шыңы тылсымға толы Меркі тауларын артқа тастап, көрші елге де өту­ге болады. Онда да тарихтан сыр шертетін құндылықтар жет­кілікті. Кім білсін, бір күні Қырғыз Алатауына да табанымыз тиетін шығар...

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы