Алматыда жаңа Салық және Бюджет кодекстерінің негізгі мәселелері және оларды іске асыру жолдарын талқылауға арналған кездесу болды. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтанбек Мәкежанов пен Нурия Ниязова, қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, әкімдік өкілдері, жұртшылық және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қатысты.
Шара жаңа заңнамалық бастамалар бойынша жан-жақты талдау мен пікір алмасуға арналды. Талқылау аясында таныстырылымдар болып, пікірталастар өрістеді. Олардың барысында проблемаларды жария етуге және олардың шешімдерін ұсынуға мүмкіндік берілді.
Сенатор Нурия Ниязова барлық мүдделі тараптардың проблемаларды ойдағыдай шешу үшін бірлесіп жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті және жаңа кодекстерді іске асыру кәсіпкерлік қызмет пен инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасайтынына сенім білдірді.
«Жаңа Салық және Бюджет кодекстері еліміздегі экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған. Біз оларды тиімді енгізуге тиіспіз және кейіннен бақылау үшін күш біріктіруіміз керек. Жаңа құжаттар Қазақстанда орнықты өсу мен тұрақтылық үшін негіз болады деп күтілуде», деді сенатор Н.Ниязова.
Кездесу қорытындысы бойынша жаңа Салық және Бюджет кодекстерін енгізу және іске асыруға бағытталған ұсынымдар мен бұдан былайғы іс-қимыл жоспары әзірленді. Сенаторлар мемлекеттік органдар, бизнес және жұртшылық арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.