Былғары баулы сауыт, шашақты дулыға, саптама етік киген бойшаң азамат көпшілікпен сап түзей сықырлатып тұрып, садақ тартты. Ысылдай ұшқан жебесі сонадай жердегі нысанаға дөп қадалды. Бұл күні Өскеменде дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан.
Сұрмергендер сайысатын бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге тарта спортшы келіп, бақ сынасты. Айта кетейік, кең ауқымдағы сайыс Өскеменде тұңғыш рет өтті. Тіпті ел көлемінде мұндай дүбірлі дода бұрын-соңды болмаған деседі.
– Шығыстағы садақ федерациясының президенті Ажар Рахметқызы ұсыныс айтқан соң, біріншілікті Өскеменде өткізуді жөн деп шештік. Бұл өте дұрыс болды. Себебі қайта жаңғырған баба дәстүрі еліміздің Шығысында да дамуы керек. Бүгінгі жарыс көпшіліктің садақ атуға деген қызығушылығын оятқан секілді. Бір айта кетерлігі, бұған дейінгі өткен чемпионаттарда мұнша көп садақшы қатыспаған, – дейді Садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.
Дәстүрлі садақ атудан ауқымды жарысты Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы бірлесіп ұйымдастырған. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа 7 жастан 17 жасқа дейінгі садақшылар қатысып, пута, қалқан, жамбы нысанада бақ сынасты. Әр қатысушыға әр нысанаға бес мүмкіндіктен берілді. Жас ерекшеліктеріне қарай арақашықтық та әртүрлі болды. Мысалы, 7-9 жастағы садақшылар 10 метрден садақ тартса, 10-12 жастағылар – 15 метрден, 13-15 жастағылар – 20 метрден, 16-17 жастағы жасөспірімдер 25 метрден нысана көздеді. Сәнге айналған садақ сайысының бір ерекшелігі, қатысушылар ұлттық киіммен келді.
Сап түзегенде, көрермен қауым байырғы қазақтың ұл-қыздарын көргендей болды. Бұл біріншіліктің Өскеменде өтіп жатқанына мұрындық болған – Шығыстағы садақ федерациясының президенті Ажар Рахметқызы.
– Еліміздің сұрмергендері Өскеменде бас қосқанына қуаныштымын. Бұл да ұлттық дәстүріміздің жаңғырғаны деп есептеймін. Жалпы, үшінші рет өткізіліп жатқан чемпионаттың Өскеменде ұйымдастырылуы – федерация үшін үлкен жетістік. Екіншіден, Шығыс жұртына садақ ату өнерінің дамып келе жатқанын көрсеткіміз келді. Осынау ұлттық құндылығымызды насихаттай берейік, – дейді «Oskemen sadaq atu» федерациясының президенті А.Төлеуханова.
Бірнеше күнге созылған біріншіліктің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Түркістан облысының садақшылары иеленді. Жүлделі екінші орынды Батыстан Шығысқа ат шалдырған маңғыстаулық садақшылар қанжығаға басты. Үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырды.
Садақшылар бақ сынасқан сайысқа қала әкімі Жақсылық Омар келіп, жылы лебізін білдіріп, садақшыларды құттықтады. Дәстүрлі садақты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты. Осы орайда айта кетерлігі, садақ спортына ең қажеті кең ғимарат қана. Садақты дамытуға тұсау болып тұрған мәселе – осы. Ұлттық спортты дәріптеп, жастарды жаттықтырып жүрген Ажар Төлеуханова осыдан бес жыл бұрын ғана Глубокое ауданында садақ ату үйірмесін ашқан. Айналдырған аз уақыт ішінде шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырларынан көрінді. Енді Өскеменде үйірме ашылса, тағы да сұрмергендер сұрыпталары сөзсіз. Ал Ажардың өзі Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысып, қазақтың намысын қорғайды.
ӨСКЕМЕН