Мамандар биотехнология және фармацевтика секторына инвестиция құюды заманауи нарықтағы болашағы зор мүмкіндіктердің бірі деп бағалайды. Өйткені аталған екі сала инновациялардың қозғаушы күші саналады. Бұл сегменттегі компаниялар үнемі жаңа препараттарды, гендік терапияны және диагностикаға арналған құралдарды әзірлеп отырады. Түрлі емдеу әдісі мен жаңа технология ұсынып отыратын компаниялардың қаражат тарту қабілеті де анағұрлым жоғары болса керек.
«Халықтың қарқынды түрде қартаюы және созылмалы аурулардың таралу деңгейінің үнемі артуы озық медициналық технологияларға деген сұранысты ынталандырады. Бұл үрдіс денсаулық сақтау мәселелерін тиімді шешуге қабілетті компаниялардың өсуін қолдау үшін негіз болады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер басқармасының (FDA) тиісті сертификаттарын алса, компанияның акциялар құны айтарлықтай өсуі мүмкін. Нарыққа шығатыны және жаңа препараттың сатылымы басталатыны туралы хабарландырулар нарықтық капиталдандыруды және кірістілікті біршама арттырады», дейді сарапшылар.
«Nova One Advisor» компаниясының соңғы зерттеуіне сәйкес 2023 жылы әлемдік биотехнологиялар нарығының көлемі 1,54 трлн долларға бағаланды және 2033 жылға қарай 5,68 трлн долларға жетеді деп болжанып отыр.
Дегенмен салада тәуекел де жоқ емес. Соның бірі де бірегейі – реттеушілік кедергілер. Реттеуші органдардың сертификаттауы құжаттық рәсімдерге байланысты ұзаққа созылып жатады. Болашағы бар бағыттардың көбі клиникалық сынақтардан өтпей қалады немесе нормативтік стандарттарға сәйкес келмейді, бұл айтарлықтай қаржылық шығындарға әкеледі.
Одан кейінгі тәуекел – зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын үлкен шығындар. Жаңа дәрі-дәрмектер мен медициналық технологияларды әзірлеу үшін зерттеулер мен әзірлемелерге (ҒЗТКЖ) айтарлықтай инвестиция қажет. Бұл ретте эксперименттік препараттардың аз ғана бөлігі нарыққа шығады, бұл ҒЗТКЖ-ны тым қауіпті және тұрақсыз етеді.
Үшінші тәуекел – нарықтағы бәсекелестік. Екі сала да жоғары бәсекеге қабілетті. Бәсекелестік артықшылықты сақтап қалу үшін компаниялар үнемі жаңашылдық жасап отыруы керек. Бұл жылдам өзгеретін жағдайларда, әлемдегі және жалпы нарықтағы жағдайларда қиынға соғуы мүмкін.
Акциялардың құбылмалылығы да – еңсерілуі ауыр кедергі. Биотехнологиялық және фармацевтік компаниялардың акциялары, әсіресе клиникалық сынақтар, реттеуші шешімдер және нарықтағы жағдайлар туралы жаңалықтарға байланысты өте құбылмалы болуы мүмкін. Бұл акциялар бағасының айтарлықтай өзгеруін туғызады.
Сарапшылар саладағы келешегі бар ұжымдар қатарына «Schrödinger», «CRISPR Therapeutics», «Illumina», «Abbott Laboratories», «Legend Biotech Corporation» компанияларын қосады.
Әңгімемізді түйіндей келе «егер инвесторлар биотехнологиялық және фармацевтік компанияларға қаржы құйса, оларға жоғары кірістілік үшін бірегей мүмкіндіктер ашылар еді» деп пәтуа жасауға болады. Әрине, ең алдымен, компанияларды мұқият талдап, олардың ғылыми жетістіктерін, қаржылық жағдайын және стратегиялық жоспарларын бағалау қажет. Әртараптандырылған тәсіл және тәуекелдер туралы хабардар болу инвесторларға биотехнологиялық және фармацевтік компаниялар беретін мүмкіндіктерді барынша пайдалануға және ықтимал шығындарды барынша азайтуға көмектеседі.