Жамбылдық полицейлер «Қарасора–2024» іс-шарасы аясында ауқымды жұмыс атқарып, заңсыз кәсіпке тосқауыл қойып жатыр. Біршама уақыт бұрын құқық қорғау органы қызметкерлері заңсыз марихуана сақтаған меркілік азаматты құрықтаса, енді электронды темекі сатумен айналысып келген жерасты дүкенінің қылмысын әшкереледі.
Тараз қаласындағы «Smoking shop» жерасты дүкенінен 113 электронды вейп табылған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында құны бір миллион теңгеден асатын электронды темекі тәркіленді. Осылайша, тағы бір заңсыз кәсіптің жолы кесілді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, қуаты 8 000 мәрте тартуға арналған «Waka» маркалы электронды темекісінің бір данасы тұрғындарға 10 000 теңгеден өткерілген екен.
Қазіргі кезде 45 жастағы тараздық азаматқа қатысты вейпті ел ішінде тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр. Жалпы, вейпті заңсыз сауда айналымына шығарғандар бұған дейін де анықталған болатын. Бірақ заңсыз кәсіппен айналысатындардың қарасы әлі де сирейтінге ұқсамайды. Заң жүзінде тосқауыл қойылса да, электронды темекі тұтынушыларын көшелерден жиі көріп қаламыз.
«Электронды темекі саудасымен айналысқан азаматтар ойлануы керек. Бұрын мұндай өнімді сатқан кәсіпкерлер ендігәрі тауарды жою бойынша іс-шара жүргізіп, жеке бизнесін қайта қарағаны жөн. Өйткені бұл – заңсыз кәсіп. Заң жүзінде тыйым салынған кәсіппен айналысуға болмайды», дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, осы жылдың 20 маусымынан бастап ел ішінде электронды темекі, яғни вейпті сатуға, таратуға заң жүзінде тыйым салынған. Заңсыз кәсіппен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай заңсыздыққа жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ 50 тәулікке дейінге мерзімге қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Жамбыл облысы